Аудан мектептерінде жас түлектерге аналған салтанатты шара өтті
Биылғы оқу жылы да аяқталып, мектеп бітіруші түлектердің алтын ұя білім ордасымен қоштасатын сәті де келіп жетті. Бұл күн - мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды әрі есте қалатын жарқын сәттердің бірі.Бүгін Қазалы ауданындағы барлық мектептерде мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шаралар өтті.
Әйтеке би кентіндегі Мұстафа Матаев атындағы №170 мектепте өткен мерекелік салтанатты кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, мектеп бітіруші жас түлектерге жарқын болашақ тілеп, қуанышымен бөлісті.
-Бүгін аймағымызда 10 мыңнан аса жас түлек, ал Қазалы ауданында 1015 түлек он бір жыл бойы білім алған алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұр. Президентіміз Қасым - Жомарт Кемелұлы «Мектеп – білім мен тәлім - тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет» деген болатын. Жақында ғана Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған тұста, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен 200-ден астам әлеуметтік нысандар бой көтерсе, оның ішінде жаңа заманауи 45 білім беру нысандары ел игілігіне берілді. Қазалы ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді. 9 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар білім ордалары жабдықталған кабинеттермен қамтамсыз етілді. Бұл жұмыстар – еліміздің кемел келешегіне салынған ең маңызды инвестиция. Аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген барша ұстаздар қауымына Сыр жұртшылығының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының атынан зор ризашылығымды білдіремін. Барша жас түлектерге қанаттарыңыз талмай, бейбіт еліміздің көгінде шарықтап, ата - аналарыңыздың үмітін ақтауларыңызға тілектеспін. Әрдайым жолдарыңыз ашық болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты шарада мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналар да құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге батасын берді. Бұдан әрі жас түлектер мектеп алаңында вальс билеп, ән шырқап, естелік суретке түсіп, ұстаздарымен қоштасты.
Дәл осындай жас түлектердің мектеп бітіру кештері аудан әкімінің орынбасарлары, кент, қала және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен барлық аудан мектептерінде өтті.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында ауданымызда 1015 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде 943 оқушы ҰБТ-ға ағымдағы жылдың 10 мамырынан бастап - 10 шілде аралығында бақ сынауда. Биыл ауданымызда мектеп бітіретін 1015 түлектің 99-ы «Алтын белгіге», 116-ы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.














