Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Roblox: шығармашылық алаң ба, әлде шырмауық па?

Roblox: шығармашылық алаң ба, әлде шырмауық па?

Жиенімнің қызы бес жаста ғана. Бір күні шалқасынан құлап, телефоны сөніп қалған сәтте аспан айналып жерге түскендей айғайға басты. Жұбатайын деп жақындай бергенім сол еді, телефонын өзіме лақтырып жіберді. Өзімдікін берсем, «сенде ойын жоқ» деп тағы да боздап қоя берді. «Жазып беремін» деген сөзіме де жұбанбады. «Аккаунтың жоқ қой!» деп бұл жолы ашуға булығып, айқайға басты. «Ол не ойын?» деп аң-таң болып сұрасам, жиенім естірте: «Қарғыс атқыр, роблокс қой!» деп зығырданы қайнап тұрған күйі жауап қатты.
Несін жасырайық, мұндай көрініс әр шаңырақта қайталанатын қалыпты құбылысқа айналды. Мұндайда тіпті ересектердің өзі әбігерге түсіп, қайран қалады. Сонда деймін-ау, осыншалық әсер ететін, бүлдіршіннің санасын шырмап алған бұл қандай құдіретті ойын? Роблокс неге балаларды осынша баурап алды? Оны ойлап тапқандардың мақсаты не? Ең бастысы, мұның соңы неге апарады? Тақырып төңірегінде ой қаузап көрдік...
2004 жылы Roblox-ты Дэвид Башуки мен Эрик Кассел жасап, 2006 жылы ресми түрде іске қосты. Олар бұл жобаны білім беру, шығармашылықты дамыту және интерактивті оқыту мақсатында әзірлеген. Яғни, балалардың қиялы мен логикасын дамыту, бағдарламалау, дизайн жасау, модельдеу сияқты дағдыларды үйретіп қоймай, әлеуметтік байланыстарды орнатуға бағытталды. Алайда кейін платформа ауқымды танымалдылыққа ие болып, коммерциялық тұрғыдан дамыды. Қазір Roblox ойындары арқылы табыс табуға да болады. Қысқасы, бастапқыда мақсат – балаларға шығармашылық орта жасау болса, бүгінде бұл – ірі бизнеске айналған, жаһандық ойын алаңына айналып отыр.
Жалпы ойын аясына тоқталсақ, мұнда әркім өзінше бір әлемнің иесі бола алады. Қала салуға, түрлі кейіпкерлерді ойлап табуға, өз ойынын құрастыруға мүмкіндік бар. Ойын тек көңіл көтеруге емес, баланың шығармашылығын дамытуға да бағытталғандай көрінеді. Roblox ішінде ойын жасаушылар да, жай ойыншылар да бар. Бірі ойлап табады, бірі ойнайды.
Балалар мұнда тек ойнап қоймай, түрлі деңгейден өтіп, жетістікке жетуге ұмтылады. Ал бұл олар үшін жеңіс пен мақтаныш сезімін тудырады. Оның үстіне достарымен бірігіп ойнауға болатын орта – ойынға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түседі.
Қарап тұрсаңыз, бұл ойынның өзіне тән қызығы да, қиындығы да бар. Бірақ оның балалар өміріндегі орны тым ерекше болып бара жатқаны да рас.
2023 жылғы деректерге зер салсақ, әлемде Roblox-ты күн сайын 70 миллионнан астам адам ойнағанын аңғардық. Бұл аз сан емес. Ең қызығы, ойыншылардың дені 7 мен 16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер. Яғни, бұл ойын дәл қазір өсіп келе жатқан жас буынның санасын жаулап алған.
Еліміздегі ахуал да дәл осындай. Бүгінгі балалардың басым бөлігі бос уақытын Roblox-та өткізуді әдетке айналдырған. Көшеде ойнаудан гөрі виртуалды «достарымен» экран алдында уақыт өткізу олар үшін әлдеқайда қызықты. Тіпті кейбірі таңнан кешке дейін телефон не планшетке үңіліп отырады. Ал ойынды ашып үлгермесе, көңіл-күйі бұзылып, ашуға бой алдырады.
Мамандар Roblox ойынының баланың қиялын, шығармашылық қабілетін және логикалық ойлауын дамытуға оң әсер ететінін мойындайды. «Дегенмен, ойынды тым көп ойнау жүйке жүйесіне ауырлық түсіріп, баланың шынайы өмірден алыстап кетуіне, көңіл-күйінің тұрақсыз болып, ашушаңдық пен агрессияға бейімделуіне әкелуі мүмкін», – дейді олар.
Жасыратыны жоқ, платформаның кей жерлерінде бақылаусыз контенттің болуы да ата-аналар мен сарапшыларды алаңдатып отыр. Сондықтан Roblox-ты ойнаған кезде уақытты шектеп, балалардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау маңызды.
Көптеген ата-ана Roblox ойынына қатты алаңдап, оған мүлдем тыйым салған дұрыс деп санайды. Себебі балалардың ойы тек осы ойынға ғана шоғырланып, виртуалды «жетістіктерге» ұмтылған кезде, олар шынайы өмірден алыстап, өз міндеттерін орындаудан қалып қояды. Психологтар да осыны растайды. «Үй тапсырмаларын орындамау, ұйқының бұзылуы, көңіл-күйдің өзгеруі, ашушаңдық – барлығы осы ойынның шектен тыс әсерінен туындауы мүмкін. Мұндай өзгерістер баланың оқуына және жалпы өміріне теріс әсер етеді. Сондықтан ата-аналар балалардың ойынға бөлетін уақытын қатаң бақылап, қажет болған жағдайда шектеу қоюы керек» дейді психолог маман Нұрай Жақсыбек.
Балаларға шектеу қою керек деп айту оңай, бірақ іс жүзінде ол әрдайым нәтиже бере бермейді. Мысалы, Назгүл есімді ана 11 жастағы ұлының Roblox ойынына тәуелді болып кеткенін айтып, алаңдаушылығын білдірді.
«Басында ойын ғой деп мән бермедік. Бірақ кейін балам өз-өзінен тұйықталып, сабағына салғырт қарап, достарымен араласуды қойды. Бар уақыты мен ойы – сол ойында. Телефонды алып қойсақ, ашуланып, агрессия танытады. Бірде еріксіз тыңдасам, «ойын ішіндегі біреу маған жаман сөз айтты» деп жылап отыр. Баланың психикасына әсер етіп жатқанын сол кезде түсіндім. Енді мүлде шектеуге тырысып жатырмыз», – дейді алаңдаған ана.
Тобықтай түйін: Несін жасырайық, Roblox-тың соңы неге апаратынын дөп басып айту қиын. Себебі әр баланың ойынмен байланысы әртүрлі. Біреулер үшін бұл – уақытша ермек, шығармашылықты шыңдайтын платформа болса, енді біреулер үшін шынайы өмірмен байланысты үзіп, виртуалды әлемге кіріп кетудің жолы. Демек, ойынның өзі емес, оны қолдану тәсілі – басты мәселе.
Сондықтан да түйін біреу. Кез келген технология секілді Roblox та – тек құрал. Ол баланың өмірін байыта ма, әлде бақылаусыз қалса, зиян шектіре ме, бұл тікелей ата-ананың ұстанымына, бағыттауына байланысты. Бастысы, балаға шектеу емес, тепе-теңдік үйрету. Сол кезде Roblox та пайдаға жұмыс істеуі әбден мүмкін.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
Фото: Жасанды интеллект
10 қаңтар 2026 ж. 37 0

Бақытқа бастар бір шешім

10 қаңтар 2026 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031