«Қазақтану» жобасы бойынша республикалық лекторий Қызылордадан басталды
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін нығайту бойынша республикалық лекторий Қызылордадан басталды. Бұл шара елімізде ең алдымен Қызылорда облысында қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты ашқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін нығайтуда аталмыш жобаның маңыздылығына баса назар аударды. Ал ҚХА Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко аталмыш жобаның маңызы мен мақсаты жайында кеңінен баяндап берді. Аталмыш жоба қазақ халқының этностары, гуманистік дәстүрлер мен рухани байлығы негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті біріктіру мақсатына бағытталған. «Сондай-ақ, түрлі этностық топтардың өкілдеріне қазақ халқының тарихы, дәстүрлері, мәдениеті, діні, рухани орталықтары, тұрмыс салты таныстырылады. Тағы бір ерекшелігі, ұрпақ арасындағы байланыстардың, бірліктің негізгі принциптері мен келісімнің, этникалық толеранттылықтың негізінде бірігуі мен дамуына назар аударылады. Жоба жалпықазақстандық құндылық пен қазақстандық патриотизмді біріктіру мен қалыптастыру болып табылады», - деді Л.Прокопенко.
Белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым Құлбек Ергөбек қазақ халқының шежірелі тарихында Сыр өңірінің алатын орны ерекше екеніне тоқталды. Дария бойы - Алаш баласына жаушылықта пана, жайшылықта ана бола білген қасиетті өңір. Сондықтан «Қазақтану» жобасы бойынша игілікті істердің Қызылорда облысынан бастау алуы өте құптарлық. Бұл жобаға әрбір азамат үлкен үлес қосқаны артық емес. Әрбір жанашыр азамат өлкетану мәселесіне назар аударса, сан алуан тарихи қазынамызды түгендеуге жол ашылар еді. «Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Біз туған жердің тарихын тануымыз қажет. Сыр бойы - археологиялық дүниелерге бай өлке. Бұрынғы жылдарда дарияның бастапқы ағысындағы қаншама құндылықтар зерделі зерттеуден өткізілді. Қазір облыс басшылығының қолдауымен Сырдарияның орта тұсындағы аумақтағы осындай қазыналар таразыланып жатыр. Ал төменгі бөлігінде қаншама археологиялық кеніштер бар екенін есімізден шығармауымыз тиіс», - деді Қ.Ергөбек.
Жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел біздің ұлтымыз ежелден бауырмал қасиетімен дараланып тұрғанын тілге тиек етті. Ол кісінің айтуынша, қазақ қашанда жабырқағанның жанынан табылды, жығылғанға сүйеу болды. Кешегі кезеңде тағдыр жазуымен қазақ топырағына қадам басқан сан түрлі этнос өкілдерінің жүзіндегі жасты сүртіп, оларға үлкен қамқорлық көрсетті. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы өткен тарихымызға өз деңгейінде назар аудару қажеттігіне маңыз берді. Бұл орайда қазақ хандарына өңірлерден еңселі ескерткіш орнатудың маңызы зор. Алаш зиялыларын құрметтеуде Сыр өңірі игі істі қолға алып, алғашқылар қатарында тұғырлы тұлғамыз Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатты. Бұдан кейін еліміздің өзге өңірлерінде өзге де алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштер бой көтерді. Республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп қазақты тануда «Қазақтану» жобасының маңызы ерекше екеніне назар аудартса, жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова ұлттық құндылықтарға байланысты ой-пікірімен бөлісті. Бүгін, 12 қыркүйекте Қызылорда қаласының жоғары оқу орындары мен Шиелі ауданында, 13 қыркүйекте Сырдария, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласында «Қазақтану» жобасына арналған дәрістер оқылады. Лекторий шеңберінде 2 күн бойы кәсіби емес медиаторларға арналған тренингтер, «Менің жетістігімнің тарихы - ел жетістігінің тарихы» тақырыбында шығармашылық кеш болады. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық ассамблеясының ғылыми-сарапшылық тобының кеңейтілген отырысы өтеді.
inform.kz