Қаржылық саласының ардагерін құрметпен зейнетке шығарып салды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Бәкен Қазнагүл Суханқызын зейнеткерлік демалысқа шығарып салуға арналған салтанатты жиын өтті.Шара барысында аудан әкімі Қазнагүл Суханқызының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін алғысын білдірді.
Қазнагүл Суханқызы еңбек жолын 1985 жылы аудандық қаржы бөлімінде бастап, әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, қаржы және экономика саласында жоғары кәсібилігімен, іскерлігімен, жауапкершілігімен танылды. 2023 жылдың ақпан айынан бастап аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Салтанатты жиында ауданымыздың ең жоғары марапаттарының бірі – «Құрмет грамотасы» табысталып, ұлттық дәстүрге сай камзол мен жаулық жабылды.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен қаржы саласының ардагерлері — Қазалы ауданының құрметті азаматы Жаппарберген Жалғасбаев, Кемалбай Көпжасаров, Ұлтуған Әбдібай қатысып, әріптесіне жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кездесу соңында аудан әкімі Қазнагүл Суханқызына алдағы зейнеткерлік өміріне зор денсаулық, отбасы амандығын және ұзақ ғұмыр тіледі.














