Қазалыда Бағдат Кәрібозұлының 70 жас мерейтойына орай ғылыми-танымдық конференция өтті
Қазалы ауданында көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Бағдат Кәрібозұлының 70 жас мерейтойына арналған «Туған жер түлеткен тұлға: Ғалым. Жазушы. Қайраткер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында ұйымдастырылған тағылымды шараға қоғам және ғылым қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, Бағдат Кәрібозұлының әріптестері, шәкірттері мен жерлестері қатысты.
Конференцияны аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жүргізіп, алдымен Бағдат Кәрібозұлы мен жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтады. Туған жердің абыройын асқақтатып, ғылым мен ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген тұлғалардың еңбегін ұлықтаудың маңызына тоқталды.
– Қазалы – талай дарынды түлетіп, елдің рухани және мәдени өміріне өзіндік үлесін қосқан тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Осындай киелі топырақтан түлеп шығып, білім мен ғылымның биігіне көтерілген, саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің дамуына, ұлттық мұрамызды зерттеп-зерделеуге арнаған Бағдат Кәрібозұлының мерейлі 70 жасқа толуы – ауданымыз үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе. Бағдат Кәрібозұлы – ғылымдағы терең ізденісімен, ұстаздық жолдағы өнегесімен, ел руханиятына сіңірген еңбегімен танылған көрнекті тұлға. Оның Сыр өңірінің әдеби мұрасын зерттеуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге қосқан үлесі айрықша. Ғалымның өмір жолы мен еңбегі кейінгі буынға үлгі болып, туған жерге қызмет етудің жарқын көрінісіне айналып отыр, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Ғылыми-танымдық конференцияның негізгі баяндамасын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Парасат» орденінің иегері Ұлжан Жанбершиева жасап, «Сыр топырағы түлеткен талант» тақырыбында баяндама ұсынды. Келесі кезекте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиев «Ғалым Бағдат Кәрібозұлының қайраткерлік қырлары» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ қоғам қайраткері, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Әріп Хожбанов сөз сөйлеп, мерейтой иесімен арадағы сыйластық пен жылдар бойы қалыптасқан достық туралы естеліктерімен бөлісті.
Бұдан кейін ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымының төрағасы Ғазиз Әліш те сөз сөйлеп, ғалымның елге сіңірген еңбегіне, тұлғалық болмысы мен өнегелі өмір жолына тоқталды.
Конференция барысында ғалымның ғылыми ізденістері, қазақ әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі, Сыр бойының ақын-жырауларының шығармаларын зерделеу бағытындағы еңбектері және шәкірт тәрбиелеудегі қызметі жан-жақты сөз болды. Қатысушылар Бағдат Кәрібозұлының еңбектері ұлттық әдеби мұраны терең түсінуге, туған өлкенің рухани қазынасын кеңінен танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бағдат Кәрібозұлы 1956 жылы 18 мамырда Қазалы ауданының Құмжиек ауылында дүниеге келген. Білімге құштар жас Қызылорда педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын үздік тәмамдап, студенттік кезеңнің өзінде зеректігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленген. 1978–1979 жылдары Лениндік стипендия иегері атануы оның білімге деген ынтасы мен ғылымға бейімділігін айқын көрсетті. Оның көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен тығыз байланысты. Еңбек жолында оқытушыдан бастап доцент, профессор, факультет деканы, проректор және ғылыми құрылымдардың басшысы секілді жауапты қызметтер атқарды. Ғылым мен білім саласындағы жемісті еңбегі арқылы көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар берді. Ғалым 300-ден астам ғылыми және ғылыми-публицистикалық мақала, 10 монография және бірқатар әдеби-публицистикалық еңбектер жазған. Сонымен бірге профессордың басшылығымен жүзеге асқан 200 томдық «Сырдария кітапханасы» сериясы – Сыр өңірінің әдеби мұрасын жинақтау, жүйелеу және келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды ғылыми-мәдени жобалардың бірі. Оның жетекшілігімен «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында «Сырдария», «Қазалы», «Қызылорда», «Жаңақорған» және «Отан үшін от кешкендер» атты кітаптар жарық көрді.
Конференция отырысында аудан әкімі Бағдат Кәрібозұлына иығына шапан жауып, мерейтойына орай арнайы сый-сияпат табыстады. Ғалымның жары Салтанат Хасеноваға да құрмет көрсетіліп, орамал мен камзол жабылып, гүл шоқтары ұсынылды. Сондай-ақ мерейтой иесіне автокөліктің кілті табысталды.
Жиында техника ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері Серікбай Қошқаровтың авторлығымен жарық көрген «Ғалым ерлігі» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Бағдат Кәрібозұлының өмір жолы, ғылымдағы ізденістері, азаматтық болмысы мен ел руханиятына қосқан үлгісі арқау болған.
Конференция соңында мерейтой иесі Бағдат Кәрібозұлы сөз сөйлеп, мерейтойына орай құрмет көрсеткен аудан басшылығына, ұйымдастырушыларға, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша қатысушыларға ризашылығын білдірді. П













