Қазақстанда жәрдемақы алуға құқығыңызды тексеретін ресми калькулятор іске қосылды

Қазір калькулятор eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Оның көмегімен азаматтар отбасының қай әлеуметтік санатқа жататынын алдын ала бағалай алады.
Отбасылар бес санатқа бөлінеді
Жаңа жүйе бойынша отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді. Осы санаттарға байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектің мөлшері немесе берілу мүмкіндігі анықталады.Бағалау кезінде 6 бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткіш ескеріледі. Олардың қатарында отбасының табысы, мүлкі, отбасы мүшелерінің саны, балалардың, қарттардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы қарастырылады.
Калькулятордың нәтижесі түпкілікті шешім емес
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, калькулятор азамат енгізген деректер негізінде есеп жүргізеді. Сондықтан оның нәтижесі тек ақпараттық сипатқа ие және жәрдемақыны тағайындау немесе тоқтату туралы ресми шешім болып саналмайды.Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау.












