Адамгершілік қасиетті ардақтаған
Оның өмірі қызылды-жасылды материалдық байлық, биік мансап, мамық орындық, жұрт жұмысы үшін сыйлаған жандардың ортасында өтпесе де өз қызығымен құнды. Адамды адам ететін нәтижелі тәрбие– еңбек оған барлығын үнсіз үйретті.Өмір бойы жетелеп, қиындықта қаймықпай, сыналғанда мойымай, төзімділік пен сабыр, адалдық пен жауапкершіліктің мектебін меңгертті.Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдаПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені екендігін, осы аймақтан шыққан ерен еңбектің символына айналған аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келе жатқандығын айтқан болатын. Осындай еңбегімен елге сыйы артқан азамат,ғибратты ғұмырында санасын сабыр, салқын ақылмен сәулендірген жанның бірі – Өмірбек Тәжімбет.Әке өнегесі – өмірлі мектеп
Тарихи мекен Қазалы қаласында тұратын жанды табу қиынға соқпады. Жөн сұрап, жол сілтегендердің барлығы кейіпкеріміз жайлы жақсы пікір білдіріп, мақсатымызды айқындата түсті.
1956 жылы Қазалы ауданыныңбұрынғы Бозкөл колхозы, қазіргі Ү.Түктібаев ауылында дүниеге келегенӨмірбек айналасына сыйлы, ағайынға абыройлы Өмірзақ ақсақалдың көптен күткен перзенті еді. Қатарынан бірнеше баласы шетіней бергенде, алыстағы ағайыннан жақын болған көршілері тілек тілеп, Өмірзақ пен Күләшқа қайырлы ұрпақ сұраған екен деседі. Көптің тілегі қабыл болып, әкесі 50 жасқа келгенде, шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді.
Атасы Тәжімбет Мақпал болысында қырық жыл болыстың хатшысы болыпты. Осынау уақыт аралығында 8-9 болыс ауысса да, іс-қағаздарын сауатты толтыратын хатшыны ешкім ауыстыруға ниетті болмапты. Оның ұлы Өмірзақ жастайынан төте жазуды жақсы меңгереді. Мұнан кейін латын харпіне негізделген әліпбиді де қызығушылықпен игереді. Небәрі 4 сыныптық білімімен Жаңаталап, Жаңақұрылыс, Бозкөл колхоздарында мұғалім болып, ұзақ жыл елді сауаттындырумен айналысады. 1939 жылы аудан басшылары батамасымен бастаған елді мекендегі қаржы маманы қызметін1942 жылға дейін шашаусыз атқарады.Ел басына қауіп төнгенде, соғысқа сұранып, жаудан жерді азат етуге атсалысады. Ерлік жолында бір аяғынан айырылып, 1944 жылы елге оралады. Денсаулығым жарамсыз деуді масылдыққа санаған соғыс ардагері еңсесін тіктеп, еңбекке араласады. Бозкөл колхозында колхоз егінін қабылдайтын қойма меңгершісі болады. Бұл пунктке бидай жиналып, сұрапталып, ауданға жеткізіліп, артылғанынан тұқым дайындалатын.
1960 жылы іргетасы Карл Маркс колхозының қой фермасы негізінде қаланған Ажар ауылы Қызылқұм совхозының №2 Қаракөл тауарлы қой фермасыболып құрылымдалады. Есеп қисапқа түзу, бұл бағыттаісті ілгерілететін Өмірзақ Тәжімбетовті осы фермаға кілтші қылып жібереді. Өмірінің соңына дейін осы ұжымда сенім үдесінен шығып, жұмыс істейді.
««Бір уыс бидай үшін сотталатын кез. Алайда бірнеше баласын бағу оңайға түспей отырған ауылдастарымыздың жағдайын көріп, сезініп отырып, тәуекелге барған кезіміз де болды. Әйелдер орамалмен белін қынап, байлап келеді. Бір кесе бидайды байқатпай көйлектің мойын жағынан салып жіберемін. Соны аналар балаларына азық қылып берді», – дегенді әкем айтып отыратын. Осы арқылы мен көп нәрсенің парқын пайымдауды үйрендім», – дейді Өмірбек аға.
Өмірзақ әке елге үлгі болып қана қоймай, өзінінің ұрпағына да адамгершілік, туралық, адалдық сияқты қасиеттерді өнегесі, өсиетімен сіңіріп, маңдай термен келген адал еңбектің қадірін ерте ұғынуға баулиды.Сол тәрбиенің жемісі болар, ұлы өмір бойы қандай ортада жүрсе де өзін, ең алдымен, еңбек адамы, қоғамға қажетті жан ретінде танытады.
Алғашқы адым
1973 жылы Ү.Түктібаев ауылындағы №88 мектепті аяқтаған соң үлгерімі жақсы түлекауыл комсомол ұйымының жолдамасымен «Қызылқұм» қой совхозында шопан көмекшісі болып барады. Ол кездегі саясат бойынша талапкердің кемі бір жылдық еңбек өтілі болмаса, оқуға қабылданбайтын.
Мал соңында жүріп, табиғаттың қатаң сынынан өту, таңның атысы мен күннің батысына дейінгі тынымсыз тірлікті сезінеді.
Бала арманы білім алып, елге пайдасын тигізу еді. Бірақ өмір оны басқа арнаға бағыттады. Бір жылдан соң Алматы қаласындағы ауылшаруашылығы институтына құжат тапсырғанымен, түсе алмады. Екінші мәрте бағын сынап көреді. Бұл жолы да Шымкент қаласынан техникалық мамандық меңгермек болған бозбаланың тауы шағылады. Араға таныс салып, «аға», «көке» көмегімен студент атануға мүмкіндік болғанымен, өмір бойы өтірік айтпауды қатаң қағидаға айналдырған Өмірбек оны ар санайды.
Ауылға оралып, 1974 жылы Қазалы қаласындағы жүргізушілер дайындайтын курстан өтеді. Қолына жүргізушілік куәлік алысымен Қазалы аудандық автокөлік кәсіпорнына қабылданады.Кеңес дәуірінде Қазалы аудандық кәсіпорнға үкімет тарапынан маңызды тапсырмалар жүктелетін.
Мекеме басшысы Василий Хигай автокөлік кәсіпорнында әртүрлі қызмет атқарып, техниканың қауіпсіздігі мен қозғалыстың үздіксіз ұйымдастырылуына үлес қосады. Ол көлік қозғалысының қауіпсіздігіне, техниканың уақытылы жөнделуіне және жүргізушілердің еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлумен бірге ұжымға бағыт-бағдар беріп, әр қызметкердің мүмкіндігін аша білген. Мұнан кейінгі басшының да басқаруындағы автобазада жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылған. Әрбір жүргізуші өз міндетін нақты біліп, ал техникалық қызметкерлер көліктердің сапалы әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Қағілез жігіт аз уақытта өзінің тиянақты, жауапкершілігі зор, ізденімпаздығын молын аңғартады. Коммунистікпартия қатарына қабылданып, аудандық, облыстық партия конференциясына, ХV Съезге делегат болуға мүмкіндік алады.Еңбегі бағаланып, екі жыл сайын жаңа көлікті тізгіндеп отырады.
Міндет пен меже
Маман бұл салаға жиырма жылға жуық тынымсыз тер төгеді. Жол үстіндегі жауапкершілік, уақытпен санасу, сеніп тапсырылған техниканың амандығы – бәрі де үлкен ұқыптылықты талап етеді. Жүргізуші осы үдеден шығып, ұжым арасында сенім мен беделге ие болды. Оның еңбекқорлығы мен тәртіптілігі жас мамандарға үлгі етіледі.
Одақтың ІХ,X, XI және XII бесжылдық жоспарларын орындауға белсене атсалысып,озат атанады. Халық шаруашылығын дамыту жолында атқарған еңбегі еленіп, бірнеше мәрте марапаттарға ие болады. Қатарынан бірнеше рет депутат болуы тек жұмысшы ретінде ғана емес, азаматтық көзқарасы қалыптасқан, қоғамдық жауапкершілігі жоғары тұлға екенін көрсетеді.
1982 жылы Қазалы қалалық, 1987 жылы Қазалы аудандық кеңестің депутаты болып сайланған ол бұл қызметінде де мінберден сөйлеумен ғана шектелмей, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты істерге ұмтылады.
1983 жылы Социалистік жарыстың қорытындысымен Облыстық автокөлік және өзге жолдар комитетінің Құрмет грамотасынаие болады. 1986 жылы Қазақ КСР автотранспорт министрлігінің Құрмет хаты, «XI бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен марапатталуы маңдай термен келген адал еңбектің әділ бағасы.
1985–1987 жылдары егін жинау науқандарында ерекше көзге түсіп, партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековтің қабылдауында болады.
Сол тұстағы әріптестерінің айтуынша, бір жолы алты тіркемемен қазіргі Ақтан батыр ауылынан аудандағы астық қабылдау мекемесіне 45 тонна астық жеткізеді. Жоспар үш жарым тонна жүк еді. Межені бір айда орындап, айды аспанға шығарады. Осылайша бір шаруашылықтың өз күшімен 5000 тонна астық тапсыруына үлес қосып, социалистік міндеттемені бес жылдыққа жоспарланған межеден бұрын орындауға атсалысады.
1987 жылы аудандық кеңеске депутат болып сайланады.
Жүк көлігін жүргізуші –ел мүддесіне қызмет ететін мамандық иесі. Ол үкімет тапсырмасымен 15 одақтас республиканың қиыр-қиырына түрлі халық шаруашылығына қажетті жүктерді уақытында және аман-есен жеткізіп отырды. Ұзақ сапарлар мен қиын жолдар шыдамдылық, кәсіби шеберлік және тәртіпті талап етеді.Алыс аймақтарға аттанып, ауа райының қолайсыздығы, жолдың ауыр жағдайына қарамастан, өз міндетін адал атқарады. Жүктің сақталуына, көліктің техникалық жарамдылығына және белгіленген мерзімде жеткізілуіне ерекше мән береді. Әр рейс – үлкен сенім мен жауапкершіліктің белгісі болады.Айлап үйін көрмеген күндер де болды. Талап солай. Тапсырма орындалуымен маңызды.
1989 жылдан – 1998 жылға дейінӨ.Тәжімбеткәсіпорында бақылаушы механик болады.Көлік құралдарының техникалық жағдайына тікелей қадағалайтын, маңызды маман автобазадағы барлық автокөліктің күнделікті тексеруден уақытында өтуін қамтамасыз етеді. Әрбірінің қозғалысқа шығар алдында жарамдылығын қарап, негізгі бөлшектердің дұрыс жұмыс істеуін мұқият қадағалайды. Ақау анықталған жағдайда, көлікті жолға шығармай, жөндеу жұмыстарының уақытында орындалуын ұйымдастырады. Осы арқылы жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға үлес қосады.Сонымен қатар, ол жүргізушілермен тығыз байланыста болып, көлікке ұқыпты қарау, техникалық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өз ісін терең меңгерген бақылаушы механиктің еңбегі автобазаның тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуіне негіз болады.
Қуанышбай Ізілеуов, Ертай Тілеуов, Болат Өмірзақов сынды жолын жалғаған шәкірттері Өмірбек Тәжімбеттің жұмысшы болып қалыптасуына ықпал еткендігін үнемі айтады екен.
Одақ ыдырап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезеңде Аудандық автобаза да жұмысын тоқтатады. Үнемі қимыл-қозғалыста жүріп үйренген жан қол қусырып отырмай, уақыт талабына ілеседі.
«Бұрын жұмыс істеп қалған жұрт жаңа өзгерістерге алғашында абдырап қалғанымен, мойнында отбасының жүгі, өзіне деген артылған сенімді сезініп, сергек қимылдауға көшті. Әркім қолынан келетінін ұқсаттты. Ұзақ жылғы тәжірибем бар. Жүк көлігіне қайта отырдым. Тіршілік болған соң, тасымал болмай тұрмайды. Ауданда ауыр көліктер қатары сауалы еді. Оның үстіне кезінде жұмыс бабымен барған сапарларым көп септігін тигізді деп ойлаймын», – дейді өз сөзінде. Он жылдан аса кәсіпкерлік бағытпен көпке табыс жеміс маңдай тер мен табандылық арқылы келетінін дәлелдеді. Себебі көлік қызметінің арқасында өндіріс орындары үздіксіз жұмыс істеп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да салалар қажетті материалдармен қамтамасыз етілді.
2010–2019 жылдары «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырының Қазалы өндірістік бөлімшесінде машинист болып жұмыс істеп, елге қажетті тіршіліктің бір тетігін адал атқарады. Жаңадан ашылған насос қондырғысын іске қосып, 10 елді мекен тұрғындарын ауызсумен үздіксіз қамтуға жауапты болады.2019 жылы зейнет демалысына шығады.
Жігітті ісінен таны
«Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса да сөнер ме?..» дейді хакім Абай. Өмірбек Өмірзақұлы «құрметті демалысқа» шыққанымен, қоғамдық өмірден қол үзбейді.Ауыл мен аудан көлеміндегі игі шаралардың бел ортасында жүріп, ұйымдастырушылық қабілетімен, ақыл-парасатымен көпке сыйлы. «Асандар көтерілісі» ескерткіш монументінің қойылуына азаматтық үлесін қосады. «Қызылқұм» ауылдық округіне қарасты «Ақжар» ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай ескерткіш белгі орнатуға бастамашы болып, ел тарихына деген құрметін ісімен көрсетті.Бір кезде еңбектің қызу қазаны қайнаған еңселі елді мекен, бүгінгі орнын жал құмдар жасырған жерге текті топырақтан түлеген перзенттер арқылы мұнара тұрғызылып, Ажар ауылының тарихы таспаланған, сол жерді қалыптастырған еңбеккерлер есімі жазылған мәрмәр тастан ескерткіш қойылады.
Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына, Ауған жеріндегі соғыстың аяқталғанына 25 жыл толуына орай берілген медальдар – қоғамдық жұмыстарын ынталандыруға бағытталған белгі екенін білдік.
Қазіргі Ү.Түктібаев ауылында жұртшылық «Он үш Бәселек» атап кеткен бір аталықтан тараған 13 түтіннен 14 жауынгер майданға аттанады. Соның алтауы соғыстан оралмайды. Екі жауынгер үйленген, төртеуі отбасын құрмай кеткен еді. Өмірбек Тәжімбет, Жеңістің 70 жыл толуына орай, сол сүйегі жат жерде қалып, туған жердің топырағы бұйырмаған боздақтарға белгі қояды. Бұл рушылдықты үдету емес, керісінше келер ұрпаққа өнеге болар өрісті, келісті іс деп көпшілік сүйсінеді.
2027 жылы Кеңес одағының батыры Ү.Түктібаевтың туғанына 100 жылдығына байланысты ақындар айтысы, ат бәйгесіне өз атынан жүлде тігеді. Мұнан бөлек көмек күтіп, жөн сұрап келгендерге ағалық ақыл, үлкендік ұлағатын жасаудан жалыққан емес.Қаладағы қауымдастық мүшесі, көше комитеті. Сөзі дуалы, абыройлы ақсақал.
Өзгелер сынды: «Біздің кезімізде бұлай еді», «қазіргілер мынаны білмейді», «біз кезінде» деп әңгіме бастап, бәрін заманға жабудан бойы аулақ. Білгенін үйретеді, бұрын беймәлім болған дүниеге бірге жол іздейді, бағыт сілтейді. Баланы өбектеп, ерлі зайыптыларды ата-анасының асырауына да жаны қас. Оның ұстанымында білмей тұрып, билік айту, өзі жасамаған іске бәтуа жасау – жалғандық.
Әке тәрбиесін бойына сіңірген өнегелі отбасы иесі өз балаларына да кісілік қасиетті басты құндылық етіп үйретті. Жары Зейнегүл екеуі перзенттерінің тәрбиесінде білім мен адамгершілікті қатар ұстады. Бүгінде ұрпақтары әр салада абыройлы еңбек етіп, әке атына кір келтірмей келеді. Бәрі жоғары білімді.Теміржолшы, жеке кәсіпкер, ұстаз, құрылыс маманы.
«Еңбек адамға тәртіп береді, мінез қалыптастырады. Ол жалқаулықты жеңіп, жауапкершілікті серік етеді. Оның дәмін татқан адам уақыттың, нанның, тіршіліктің қадірін біледі. Сол себепті қазақ халқы еңбекті ешқашан төмен бағаламаған, оны ерлікпен тең қойған», – деген сөзі жылдар зердесіне тоқыған тағылымдай көрінді.
«Жігітті күшімен таныма, бітірген ісімен таны» деген бар. Бір күндік сапарымыз құнды азық ұялатты. Жетпістің жал толқынын абыроймен асқан Өмірбек Өмірзақұлының жүріп өткен жолы жайлы бір шындық – нағыз азаматтық елге сіңген еңбекпен өлшенетінін көрсетіп, адам баласы еңбектің арқасында ғана өзін табатынын, байлық та, абырой да, ел алдындағы құрмет те бір күнде келмейтінін түйіндетті.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













