Маңызды басымдықтарды айқындады
Саяси әрі мәдени ауқымды, көшпелі және дәстүрлі қоғамдағы билік пен бірегейліктің ортақ арнадағы тоғысы – құрылтай ел үшін қашан да маңызды. Легитимді биліктің басты тетігі тарихта түрлі мәселелерді шешіп, елдік бағытты айқындау сияқты стратегиялық шешімдер биліктің бұқара базынасына ден қоятындығын көрсетеді. Сонысымен ертеден саяси өкілдік пен кеңесшіл басқарудың үлгісіне баланған.Тәуелсіз Қазақстан шақырған Ұлттық құрылтайдан да халықтың ұтқаны көп. Жұртшылықты алаңдатқан жағдай, әлемдік мәселелерге мемлекеттің ұстанымы, саяси ашық көзқарас, елішілік елеңдететер істердің елеусіз қалмауы... Қызылорда қаласында өткен Бесінші Ұлттық құрылтай да осы үдеден табылды. Ауқымды шараның аясында «Білім және ғылым», «Азаматтық қоғам» және «Экономикалық даму» бағыттары секция отырыстары ұйымдастырылды.
Алдымен алаңда әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым жайы қаралды.
ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етіп, тізгінін ұстаған талқылауда Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері болды.
«Ұлттық құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сондай-ақ Президент жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Аида Балаева.
Қатысушылар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды. Талқылаудың негізгі өзегі мәдениетті дамыту, креативті индустрияларды ілгерілету, әлеуметтік саланы жақсарту және отбасы құндылықтарын нығайтуды кеңінен қаузау бағыттары төңірегінде өрбіді.
Балалар – ел болашағы. Бұл күні кішкентай көрермендерге арналған контентті дамыту мен анимация индустриясын өркендету мәселесіне айрықша назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрі мультфильм өндірісінің маңыздылығына арнайы тоқталып, бұл саланың болашағы зор екенін атап өтті.
«Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда, әрі Қор құрылымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет», – деді сөзінде.
Министр айтқан мәлімдеме Креативті индустрияларды қолдау қорының материалдық-техникалық базасы қалыптастырылып жатқандығынан көпті хабардар етті. Шетелдік анимацияны экраннан ығыстарын төл туындылар құндылықты сапалы дәріптеуге бағытталмақ. Қор толыққанды жұмысын бастағаннан кейін анимация индустриясы жаңа серпін алып, қарқынды дамымақ.
Кітап оқу – сыни ойлау мен саналы азаматтықты қалыптастыру құралы. Еліміздегі «кітап оқитын ұлт» идеясы білімді тұтынумен шектелмей, ойлайтын, пайымдайтын ұлт қалыптастыруды көздейді. Талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау және «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру қазақстандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екені айтылды.
Бастама ұлттық мәдени кодты сақтаудың тиімді тетігі. Төл әдебиетті жүйелі оқыту мен қолдау – жаһандану жағдайында рухани тұтастықты сақтаудың маңызды жолы. «Кітап оқитын ұлт» – әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін фактор.
Қолжетімді кітапханалар, аударма әдебиеттер, цифрлы платформалар арқылы әрбір азаматтың білімге қолы жетсе, қоғамдағы мүмкіндіктер алшақтығы азаяды. Бұл әсіресе балалар мен жастар үшін маңызды.
«Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру – бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді мәдени саясат. Ол мемлекет, білім беру жүйесі, баспа ісі, кітапхана, отбасы және медиа бірлесе атқаратын ортақ міндет, білімді, рухани кемел қоғам қалыптастыру бастауы.
Аида Балаева аудару және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен қатар заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.
Жиын барысында мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері кеңінен талқыланып, салааралық өзара байланыстар мен даму басымдықтары сөз болды. Екі күнге созылған құрылтай жұмысы ел дамуына қатысты маңызды ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салуға мүмкіндік берді.
Азаматтық қоғам секциясында Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев «Алаш астанасының» ел тарихындағы айрықша орны, мәдени салмағына тоқталып, бұл тұрғыдан алғанда, Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өтуі – тарихи сабақтастықты жалғаған орынды бастама екенін жеткізді.
Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бұл институттың бес жыл ішінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік бергенін, билік пен халық арасындағы «алтын көпірге» айналғанын айтты.
Құрылтай барысында экономикалық даму мәселелеріне де баса назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылы еліміздің экономикасында тұрақтылық қалыптасып, сапалы өсім көрсеткенін баяндады.
Айтуынша, ішкі жалпы өнім 300 миллиард АҚШ долларынан асқан. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де айтарлықтай артқан. Экономиканың 6,5 проценттік өсімі 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішті құраған. Өсімнің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі және құрылыс салалары есебінен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң өріс бар. Жалпы өнім көлемі 5,9 процентке өсіп, оның экономикадағы үлесі үдеген. Былтыр дәнді дақылдардан 27,1 миллион тонна өнім теріліп, бұршақ және майлы дақылдар бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткен. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған ірі агроөнеркәсіптік парктің құрылысы басталған.
Министр әлеуметтік саясатты жаңғырту аясында бірыңғай әлеуметтік қолдау стандарты енгізілгені, цифрландырудың арқасында құқықбұзушылықтың алдын алу мүмкіндігі артқанымен бөлісті. Игілікті бастама нәтижесінде бір жарым жыл ішінде 600 миллирад теңге үнемделіп, бюджеттік мониторинг арқылы 1 триллион теңгеден астам қаражат нақты секторға қайта бағытталған.
Ұлттық экономика министрі көлік логистикалық инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспары 204 жобаны қамтыған. Инфрақұрылымның тозуы 40 процентке азайып, энергетикалық, коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылуда.
Кәсіпкерлерге қолжетімді, арзан және ұзақ мерзімді қаржы ұсынып, экономикалық өсімді және жұмыс орындарын көбейтуді ынталандыруға бағытталған «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы бизнестің дамуына серпін беріп, мемлекеттің экономикадағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қолдау екендігін көрсеткен.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ғылымға инвестиция көлемі артқанын айтты. Министр мемлекет қолдауы арқасында ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту қажеттігіне тоқталып, осы мақсатты жүзеге асыруға арналған ғылыми қалашықтар құру тұжырымдамасы бекітіліп, Курчатов, Алатау, Назарбаев университеті базасында қанатқақты жобалар іске асырылып жатқандығын тілге тиек етті.
Саясат Нұрбек «Қазақстан балалары» атты балалардың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі қорғауға бағытталған жаңа бастамаға ерекше тоқталды.
Тұтас мемлекеттік саясаттың негізін қалыптастыруға арналған кешенді бастама бала құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен жалпы әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін барлық бағыттарды жүйелеп, бір тұтас саясатына біріктіруді көздейді. Олардың дамуы мен тәрбиесіне қатысты іс-шараларды қажетті әрі тұрақты деңгейге көтеру үшін әзірленген.
Сонымен бірге ғылым мен экономиканың байланысын күшейту, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру – алдағы кезеңнің негізгі басымдықтары екеніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қолжетімділік, сапа, оқытушы әлеуеті, инфрақұрылым және индустриямен байланыс бір жүйеге айналғанда ғана білім мен ғылым ел дамуының қуатты тетігіне айналады.
Жасанды интеллект саласында елімізде жүйелі жұмыстар жүзеге асқан.
Жоғары оқу орындары арасында ортақ стандарт қабылданып, осы бағытта 38 білім беру бағдарламасы әзірленген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті базасында, сондай-ақ еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында халықаралық серіктестіктермен бірлескен жасанды интеллект орталықтары жұмысын бастаған. «Ai-Sana» бағдарламасы аясында алдағы кезеңде жүз мыңнан астам студентті жасанды интеллект бойынша тереңдетіп оқыту жоспарланып отыр.
– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олардың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады, – деді министр.
Қоғамдық диалогтің жаңа үлгісіне айналған Ұлттық құрылтай аясындағы сессия барысында қоғамның өзекті сұраныстарын қамтып, ел дамуының маңызды басымдықтарын айқындауға негіз болған бағыттар – саяси реформалар, азаматтық қоғам институттарын дамыту, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сот жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Сыр өңірінде өткен секциялық отырыстар Ұлттық құрылтайдың қоғамдық пікір алмасу алаңы ғана емес, ел дамуына нақты ықпал ететін маңызды институционалдық тетікке айналғанын айқын көрсетті. Қоғам мен билік арасындағы ашық диалогті нығайтып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік берген.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде 70-ке жуық мүше сөз сөйлеп, 200-ден астам ұсыныс айтылған. Оның айтуынша, былтыр Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай өңірлерді дамытуға елеулі серпін берді.
Көтерілген бастамалар негізінде Қазақстан Республикасының Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданып, халықты негізгі инфрақұрылыммен тең дәрежеде қамтамасыз ету басты міндет ретінде айқындалды. Сонымен қатар өңірлердегі негізгі мәдени-туристік іс-шаралардың тізбесі жасалып, бірқатар нақты жобалар іске асырылды. Атқарылған жұмыстар Бурабай құрылтайында айтылған ұсыныстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айғақтауда.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












