Инвестиция – өңір дамуының кепілі
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен аудан прокуроры Мадияр Бекпанов Қазалы ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысымен танысып, бірқатар нысандарда кешенді бақылау жұмыстарын жүргізді. Олар құрылыс жұмыстарының сапасы, заң талаптарының сақталуы және жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне кешенді бағалау берді.Сапардың негізгі мақсаты – жобалардың сапалы әрі заң талаптарына сай іске асуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және туындаған мәселелерді дер кезінде анықтау.
Алдымен аудан басшылығы аудан орталығы Әйтеке би кентінде жеке кәсіпкер Үржамал Ешжанованың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан құны 650 миллион теңгені құрайтын заманауи сауда үйінің құрылыс алаңында болды. Аталған жоба пайдалануға берілген жағдайда аудан тұрғындары үшін сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі артып, бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар нысан кенттің сауда-инфрақұрылымын дамытуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға оң әсерін тигізбек.
Мұнан кейін Алмасбек Әбілқасымұлы мен Мадияр Ертарғынұлы Басықара ауылында орналасқан «АралРыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 650 миллион теңге көлеміндегі тауарлы балық өсіру тоғаны жобасының іске асу барысымен танысты. Жоба өңірде балық шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Аталған жоба бойынша жалпы қаржының 308 миллион теңгесі кәсіпкердің өз қаражаты есебінен, ал қалған 342 миллион теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы несие алу жолымен жүзеге асырылмақ. Қазір несие рәсімдеуге қажетті құжаттар тиісті мекемелерге ұсынылған.
Нысандарды аралау барысында инвестициялық жобалардың құрылыс барысы, жоспарланған мерзімдері, қаржыландыру тетіктері, инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы, жер телімдерінің заңдылығы және рұқсат құжаттарының сақталуы жан-жақты талқыланды. Жауапты сала басшылары мен мердігерлерге бірқатар нақты тапсырма берілді.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов инвестициялық жобалардың аудан экономикасын әртараптандыруда, жаңа жұмыс орындарын ашуда және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әрбір жобаның белгіленген мерзімде, сапалы әрі тиімді іске асуына ерекше мән беру қажеттігін жеткізді.
Өз кезегінде аудан прокуроры Мадияр Бекпанов инвестициялық жобаларды іске асыру барысында заңдылықтың қатаң сақталуы, кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуы және мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз кедергілерге жол берілмеуі басты назарда болатынын айтты. Прокуратура тарапынан бизнесті қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында тұрақты бақылау жүргізілетінін де атап өтті.
Сапар қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге инвестициялық жобалардың іске асуын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселені жедел шешу, кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
А.БӨРІ














