Жаңа жылға – жаңа нысан
Қазір ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып, нәсібі өрлегендердің қатары артты. Түрлі заманауи нысандар бой көтеріп, тың идеясын жүзеге асырып жүргендер бар. Күн санап сәулеті артқан ауданда кеше жаңа нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Әйтеке би кентінде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Мұқаш ата» сауда үйінің лентасы қиылды.Сауда орнының ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындарды Жаңа жыл мерекесімен және сауда үйінің ашылуымен құттықтады.
– Сыр өңірінде Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысының басшылығымен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазыналы Қазалы ауданында да өңірге көрсетілген қолдаудың нәтижесінде кәсіпкерлік саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Бүгінде ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін 5371 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс жасап тұрғаны 5213 бірлік, белсенділік көрсеткіші – 97,1 пайыз болды. 2025 жылдың 11 айында ауданда тамақтану орындары, мейрамханалар, сауда орындары, көлік жуу орны сынды жаңадан 28 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, онда 80-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі ашылып жатқан кәсіпкерлік нысан аудан тұрғындарына заманауи талапқа сай қызмет көрсетіп, күнделікті қажетті тауарларға қолжетімділікті арттырады. Сонымен қатар бірнеше адамды жұмыспен қамтып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосады, – деді аудан басшысы.
Ашылған үлкен кәсіпкерлік нысанның иесі – жеке кәсіпкер Әділет Мұқаш. Жалпы құны 180,0 миллион теңге құрайтын «Мұқаш ата» сауда үйі 2 қабаттан тұрады. Аумағы 730 шаршы метрді құрайтын сауда орнында 5 сауда бөлмесі, халыққа қызмет көрсету орындары орналасқан. 4 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылыпты.
А.ӘЛИ














