Өткенге есеп, келешекке сенім
Жаңа жыл – өткенге есеп беріп, келешекке нақты жоспар құратын ерекше кезең. Осы мерекені қазалылықтар биыл да кең көлемде атап өтіп, бірлік пен берекенің, жаңа үміт пен жарқын болашаққа деген сенімнің айқын үлгісін көрсетті. Қазалылықтар Жылқы жылын ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Бұл ретте Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараларға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысып, аудан тұрғындарын ғажайыпқа толы мерекемен құттықтады.Әлбетте Жаңа жыл – үміт пен жаңарудың белгісі. Қазалы жұртшылығының Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуы, ел игілігі жолында атқарылған ауқымды істер мен жарқын болашаққа деген сенім көрініс табады.
Аудан әкімі бастаған қонақтар алдымен Қазалы қаласындағы орталық саябақта өткен салтанатты шараға қатысты. Жиылған халық үшін әзірленген мерекелік бағдарламаны тамашалады. Бұдан кейін аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда ұйымдастырылған «Жаңа жыл – жаңа үміт, жарқын болашақ» атты мерекелік концертке куә болды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы сөз сөйлеп, барша аудан жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ жыл қорытындысына тоқталып, аудан көлемінде атқарылған игі істерді атап өтті. Алдағы мақсат-міндеттерге қатысты ой-пікірін ортаға салды.
– Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – қол жеткізген табыстарымызды ой елегінен өткізіп, алда тұрған межелі міндеттерді саралайтын, болашаққа бағыт-бағдар айқындайтын кезең. Санаулы сағаттан соң бір жылды түйіндеп, жаңа 2026 жылға қадам басқалы отырмыз.
Жылан жылы ауданымыз үшін табысты, берекелі жыл болды. Есепті кезеңде барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне көрсеткен ерекше қолдауының, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басшылығының арқасында өңірде ел игілігі үшін ауқымды жұмыстар атқарылды.
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа мектептер, денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық келбеті айтарлықтай жақсарды.
Атап айтқанда, өткен жылы ауданда 300 орындық «Келешек мектебі», «Руханият» орталығы, жаңа прокуратура ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы, Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб, 80 пәтерлі 40 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақтан батыр ауылы көгілдір отынға қосылып, Шәкен, Шилі, Сарбұлақ, Шитүбек ауылдары таза ауыз сумен қамтылды.
Мұның барлығы – ел бірлігінің, халықтың ынтымағының, ел үшін еңбек еткен азаматтардың жемісі. Жаңа жыл әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-несібе әкелсін! Жақсы жаңалықтарға, қуанышты кездесулерге, бақытты сәттерге толы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді аудан әкімі.
Мерекелік кеш барысында Аяз ата мен Ақша қар, ертегі әлемінің кейіпкерлері сахна төрінен көрініп, тұрғындарға ақ тілектерін арнады. Аудан өнерпаздарының әсем әндері мен әсерлі би қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Думанды кеш әсерлі мерекелік отшашумен түйінделіп, қазалылықтар үшін Жаңа жыл жарқын әсермен, ізгі тілектермен басталды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














