Жаңа жыл - жаңа үміт, жарқын болашақ
Бүгін қазалылықтар өткенін саралап, келер күннен үміт күтетін, әрбір жанға жаңа мүмкіндіктер мен зор сенім ұялататын ерекше мереке – Жаңа жыл мерекесін атап өтті. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараларға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы барып, аудан халқын мерекемен құттықтады.Аудан әкімі бастаған қонақтар алдымен Қазалы қаласындағы орталық саябақта өткен салтанатты шараға қатысып, ондағы мерекелік шараны тамашалады. Мұнан соң аудан орталығы - Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда ұйымдастырылған «Жаңа жыл - жаңа үміт, жарқын болашақ» атты мерекелік концерттің куәсі болды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы сөз алып, барша аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ жыл басынан бері ауданда атқарылған игі жұмыстарды атап өтіп, жиылған жұртшылыққа мерекелік лебізін жеткізді.
- Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жыл - қол жеткізген табыстарымызды ой елегінен өткізіп, алда тұрған межелі міндеттерді саралауға бағытты айқындайтын кезең. Санаулы сағаттан соң жылды түйіндеп, жаңа 2026 жылға қадам басамыз. Жылан жылы бағындырған белестеріміз жетерлік. Есепті жыл ішінде барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды даму қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне айрықша қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңірде ел игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық салаларға серпінді қадамдар жасалды. Ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Жолдар, көпірлер салынып, көлік инфарқұрылымын дамыту ерекше қарқын алды. Өткен жылы ауданда 300 орындық «Келешек мектебі», «Руханият» орталығы, жаңа прокуратура ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы, Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб, 80 пәтерлі 40 тұрғын үй сынды жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ақтан батыр ауылы көгілдір отынға қосылып, Шәкен, Шилі, Сарбұлақ, Шитүбек ауылдарына таза ауыз су жеткізілді. Мұның барлығы - халқымыздың ауызбіршілігінің, елге жанашыр азаматтардың еңбегімен жеткен жетістіктер. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт-берекесімен, ырыс-несібесімен келсін! Жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, бақытты сәттерге толы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, - деді аудан әкімі.

Мерекелік кештің көркін қыздырған Аяз ата мен Ақша қар, ертегі әлемінің кейіпкерлері тұрғындарға ақ тілектерін арнады. Аудан өнерпаздарының ән-шашуы жиылғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Думанды кеш, мерекелік отшашуға жалғасты.















