Қуантқан барлық баланы
Жаңа жыл – жаңа үміт пен жарқын болашақтың, тың мақсаттың бастауы. Әрбір бала ғажайыпқа сеніп, жыл соңын асыға күтеді. Бірер күннен соң жылқы жылы есігімізден енгелі тұр. Ақ ұлпа қар жерді көмкеріп, айналамыздың барлығы жаңа жылдық көңіл-күйге бөленуде. Мереке қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде ерекше балаларға шырша шамы жағылады. Сол қуаныш пен мерекелік көңіл-күй жалғасын тауып, «Бар жақсылық балалар үшін» атты Жаңа жылдық шырша кеші өтті. Мерекелік кеш балалардың ертегілер еліне саяхат жасауымен басталып, ертегі кейіпкерлері балалардың көңілін серпілтті. Жаңа жылдық шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып, балалар мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі шара – ерекше балапандарымыздың қуанышы үшін ұйымдастырылып отыр. Бұл – олардың қоғамнан тыс емес, қоғаммен бірге екенін көрсететін игі бастамалардың бірі. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды өз жолын қалыптастыруда, келешек өмірге бейімдеу біздің басты міндетіміз. Жалпы Қазалы ауданында мемлекетіміздің қамқорлығындағы 500-ге жуық ерекше балалар бар. Жыл сайын аудан көлемінде өткізілетін барлық балаларға арналған іс-шараларға ерекше қажеттіліктері бар балалардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету тұрақты түрде жолға қойылған. Бұл – олардың әлеуметке толық бейімделуіне, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Өмірімізге мән беріп, көңілімізге қуаныш сыйлаған Сіздерге қайсарлық пен батылдық, жарқын болашақ тілеймін! Әрдайым тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында бақытты өмір сүре беріңіздер, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Ғажайыпқа толы мерекелік кеште балалар бал-бұл жайнап, өнерлерін ортаға салды. Кештің басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақар барлық балаға сыйлықтар таратты. Сонымен бірге аудан әкімінің арнайы жаңа жылдық сыйлықтары табысталып, балалар үшін тегін батуттар ұйымдастырылды.
Ескі жылан жылын ризашылықпен шығарып салған балақайлар жаңа жылқы жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ертегідегі мән, шырқалған ән, талғам мен сән де әдеттегі кештерден өзгешеленгені рас.
А.АЙДАРҚЫЗЫ














