365 күндегі 100-ші басылым
Аудан айнасына айналған аудандық «Қазалы» газеті бүгін 2025 жылдың 100-ші нөмірін қалың оқырманға ұсынып отыр. Дайын күйінде үй жәшігіне салынудан бұрын басылымға материалдың жиылуы, терілуі әрі беттелуі мен әрленіп, дизайнерлік жағынан көркемделуі тұтас жұмыс үрдісінен тұрады. Тілшілік тіршіліктегі жұмыс та қайнаған қазандай.«Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ». Бәрінен бірдей алғыс ала бермесек те өзімізді қамшылап келеміз. Тың дүние жазуға, халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір болуға еңбектеніп келеміз. Өйткені баспасөздің тезіне түскен, көптің сынынан өткен, халық мәселесімен біте қайнасқан тілші түбі ұтылмайды. Баспасөз халықтың үні болса, біз – халықтың қызметшісіміз. Ал газет – халық пен билік арасындағы дәнекер. Шыққаны бір күндік, алайда айтары жүз жылдық, тәлімі мың жылдық. Аудан айнасына айналған аудандық газетіміз аптасына екі мәрте басылып, қалың оқырманға ұсынылуда. Әмбебап болған журналистер мақала әзірлеуде сан саланың күйін кешеді. Ақпарат жинау бір бөлек, оны жазып, көпке жеткізе білу бір бөлек. Осы салада жүріп, барлық мамандықтың кейпіне енген журналистер өрт сөндіруші, полицей, дәрігер, санақшы, сарапшы, қоғамдық қызметкер, кәсіпкер, тіпті төрт түліктің тілін меңгерген малшы да болып көрді. Әр қызметтегі кездесер қиындықты, қызықты көпке жеткізе білді. Жақсылықтың жанашыры, жаңалықтың жаршысы болды. Ойымыз толысты. Аңдап қадам басуды, ақылмен шешуді, естіген емес, көрген дүниеге сенуді, жалғандыққа жол бермеуді бойға жиды. Біршама журналистік сараптамалық мақалалар жаздық. Көп жазыла бермейтін детектив, триллер, мистика, фэнтэзи жанрларын жаңғырттық. Қазалылық танымал тұлғалармен сұқбаттастық. Ауданның айшықты жаңалықтарын, аудандағы түрлі сала бойынша атқарылған жұмыстарды, мемлекеттік мекемелерді мақалаға арқау еттік. Әлеуметтік желінің әлеуетін арттырып, көптеген ой қозғадық. Мұның бәрі бір жалақы үшін жасалып жатқан дүние емес. Сөз қадірін білетін жанға тұщымды пікір мен ұлттық құндылықты, тіл мен ділді, дінді, салт-дәстүрді дәріптеу. Келер ұрпаққа тарихтан толғам жасап, рухани азық беру. Иә, біздегі миссия да – осы.
Жыл көлемінде газет тілшілері түрлі мәселелерді қозғап, сол сауалдар төңірегінде қалам тербеді. Мұндағымыз, қоғамдық санаға түрткі салу. Ұлан-ғайыр далада құмалақтай шашылған қазақ бар. Жұтынып тұрған жаһандану деген жұмыр заманда бізге бірлік пен тірлік керек. Көбею, кеңею, көштен қалмау, ілгерілеу қажет.
Замана көші ілгері кетті. Ілкім – сандық технологияда. Сандық әлемнің сан қыры біздің мүмкіндігімізді арттырып жатыр. Бұл бағытта бізден сіздерге сараптамалық мақалалар, зерттеулер, кеңес пен сақтанулар жыл бойы ұсынылды. Елдегі, аймақтағы, аудандағы өзекті мәселелер жайында қалам тербеп, сан-саланы сараптадық, сараладық. Жыл бойы үздіксіз ақпараттар таратып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан газет ұжымы марапат төрінен де көріне білді.
Келер жыл – біздің басылым баяғыдай жаңалықтың жаршысы, жаңашылдықтың бастауы болып 6-қаңтардан бастап жарыққа шықпақ. Иә, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп деген. Жаңа жыл үмітті ақтар жыл болсын!
Фото: Жасанды интеллект
Айнұр ӘЛИ














