Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламгерлерге құрмет

Қаламгерлерге құрмет

28 маусым – Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер күні. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелерін мерекелерімен аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет құттықтады.

Журналист бұқара халықтың мұңын шағып, жоғын жоқтап қана қоймай, билік басындағы шенеуніктер, ел жағдайы, экономика, саясат – барлығын дерлік бір мезетте қамтитын жан-жақты тұлға. Журналист –жаңалыққа құмар, әлемде болып жатқан барлық оқиғалар мен болмыстарға өз көзқарасын білдіре алатын адам. Осындай мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесінде аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбет:
– Қадірлі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері! Сіздерді 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының, қоғамдық саяси өмірінің сан саласындағы жаңалықтарды, өзгерістер мен өзекті мәселелерді қозғауға күш салып, осы бағытта жұмыс істеп жүрген газет, теле журналистерінің бас қосып, еңбегі еленіп, бір-бірімізге жүрекжарды тілегімізді білдіретін ерекше мереке.
Белгілі қоғам қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, біздікі ертеңгі үшін» дегені сөзі бар. Сіздердің елдің ертеңі үшін жұмсап жүрген бар қажыр-қайраттарыңызға, күш-жігерлеріңізге, ерен еңбектеріңізге халықтың да берер бағасы шынайы деп білемін. Әсіресе, қоғамдық пікірді қалыптастырушы рөлін атқарып келе жатқан баспасөз қызметкерлеріне артылатын жүк ауыр. Себебі, жаһандық жаңғыру кезеңінде халықтық атмосфераның барометрі болу, адамзат баласын ортақ мүддеге жұмылдыру журналистердің еншісінде. Журналист мамандығы – жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары ауданымызда жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл әрине, қуантарлық жәйт.
Бүгінгі мерекеде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қызметін атқаруда. Республикалық «Халық», облыстық «Сыр бойы», аймақтық «Тұран-Қазалы», аудандық «Қазалы» газеттері мен жергілікті «Серік ТВ» телеарнасы қызметкерлерінің еңбегін атап өткенді жөн деп есептеймін. Сіздер өңіріміздің тыныс-тіршілігін, бүгіні мен ертеңін, кешегі бай шежіресі, қазіргі қоғамда болып жатқан тың өзгерістер мен өзекті мәселелерді қалың бұқараға шынайы түрде жеткізіп келесіздер. Бүгінде біз жаһандық даму көшінен қалмай төрткүл дүниедегі оқиғалардан дер кезінде хабардар болып отырсақ, ол – ең бірінші Сіздердің арқаларыңызда жүзеге асуда. Журналистік еңбекқорлықтарыңыз және материалды өңдеу шеберліктеріңіз, өңірдің маңызды оқиғаларын жедел әрі сапалы көрсетудегі қызметтеріңіз әрдайым зор құрметке лайық. Сондықтан, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен тағы да құттықтай отырып, оқырмандар бен көрермендердің көңілінен шығатын тұщымды материалдарыңыз көп болсын дегім келеді. Шығармашылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға бақыт, береке-бірлік тілеймін. Әрдайым өз оқырмандарыңыздың таңдаулысы болып қала беріңіздер. Олай болса, бүгінгі кәсіби мерекеде осы саланың майталман мамандарын марапаттауға рұқсат етіңіздер, – деп мол тәжірибесін, кәсіби шеберлігін шыңдап, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салаларының дамуы мен нығаюы жолында еселі еңбек етіп келе жатқан журналистерді марапаттады.
Аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің ди­зайнері Жұлдызай Жылқайдар облыс әкімінің, «Тұран-Қазалы» газетінің есепшісі Фариза Жұбанова облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының, Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің бас есепшісі Қадырбек Кемелбеков, «Тұран-Қазалы» газетінің баспахана меңгерушісі Темірғали Тойбазаров, «Қазалы» газетінің тілшісі Серік Ақмырза, «Қазалы» газетінің баспасөз маманы Бауыржан Әміреев, «Серік ТВ» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Рахат Рахимжанов, «Тұран-Қазалы» газетінің әдеби қызметкері Ұлпан Ібраш аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ардагер қаламгерлерге сый-сияпат көрсетілді. Аймақтық «Тұран-Қазалы», аудандық «Қазалы» газеті, «Серік ТВ» телеарнасының ұжымына аудан әкімінің мерекелік құттықтауы мен сыйлығы табысталды.
Мерекеге орай ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ардагер журналист Қасқырбек Мәмбетжанов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің бас редакторы Раушанбек Сейтенов құттықтау сөз сөйлеп, әріптестерге жылы лебізін арнады. ҚР Журналистер Одағының мүшесі Жеткербай Махамбет жиналғандарға бата беріп, кеш қорытындыланды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

29 маусым 2024 ж. 201 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031