Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ парақ пен ақпарат

Ақ парақ пен ақпарат

«Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ». Бәрінен бірдей алғыс ала бермесек те өзімізді қамшылап келеміз. Тың дүние жазуға, халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір болуға еңбектеніп келеміз. Өйткені баспасөздің тезіне түскен, көптің сынынан өткен, халық мәселесімен біте қайнасқан тілші түбі ұтылмайды. Баспасөз халықтың үні болса, біз – халықтың қызметшісіміз.

Журналистің әр мақаласы сүзгіден жақсылап өтеді. Оң ба? Бағыты дұрыс па, бұрыс па? Әр жазылған сөз, әрбір терілген әріп ойланып басылатын қадам. Халық алдында жүрген тілшінің барлығы да сынның тезінде, обьективтің көзінде тұрғандар. Жазған, айтқан әрбір сөз қалтарыссыз, бүкпесіз, бұрмалаусыз жарияланады. Газеттің беделін көтеретін де ең үлкен фактор осы.
Ал біздің әр күніміз шығармашылық ізденіспен, терең зерттеулермен өтуде. Газет – халық пен билік арасындағы дәнекер. Шыққаны бір күндік, алайда айтары жүз жылдық, тәлімі мың жылдық. Қоғам дертін тамыршыдай дөп басқан қазақ басылымдары тура жолдан тайған емес.
Аудан айнасына айналған аудандық газетіміз аптасына екі мәрте басылып, қалың оқырманға ұсынылуда. Дайын күйінде үй жәшігіне салынудан бұрын басылымға материалдың жиылуы, терілуі әрі беттелуі мен әрленіп, дизайнерлік жағынан көркемделуі тұтас жұмыс үрдісінен тұрады. Тілшілік тіршіліктегі жұмыс та қайнаған қазандай. Әмбебап болған журналистер мақала әзірлеуде сан саланың күйін кешеді. Ақпарат жинау бір бөлек, оны жазып, көпке жеткізе білу бір бөлек. Мақала дайын болғанда бас редактордың жариялауға рұқсаты беріледі, тексеріледі. Одан соң редакцияның саралқасында сұрыпталып, арнайы тақырыптарға топтастырылып, мазмұндық деңгейіне қарай орналасу реті көрсетілген материалға байланысты газеттің макеті құрастырылады. Сосын барып беттеуші-дизайнер жиналған мақалаларды мазмұны мен ерекшелігіне қарай сәндеп, айдарын тақырыбымен бет-беттерге қойып, рет-ретпен орналастырады. Беттердің жобасы дайын болғанда тілшілер алма-кезек оқып, қатесін шығарады. Үлкендердің «Қате деген ұры болады, байқас болу керек» деген сөзі құлаққа әбден құйылған. Сенімді ақтау үшін көз майымызды тауысып, әр әріпті санап шығамыз. Техниканың аты техника ғой. Кейде аяқасты істен шығатыны бар. Ондайда барлық жұмыс зая кетіп, қайтадан газет бетін беттейтін кездер кезігеді. Солай үйге түн жарымда әрең жетеміз. Газет толық дайын болғанда ауданнан облысқа жібереміз. Сол жақта түні бойы типографияда басылып, ертеңі қалың оқырманға жол тартады. Оның әр үйге уақытылы жетуіне арнайы мамандар жасақталған. Таратушылар өзіне бекітілген көшеге апарып, әр үйге таратып шығады. Кейде үй алдында жоқ жәшік пен қабаған иттің арпылынан газеттің жетуі кешігеді. Айтуға оңай, дегенмен бір мақаланың осындай өзіндік шығу тарихы бар.
Тілшілік тіршіліктің қазанында қайнаған журналистер қауымы кеше құрметке бөленді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2025» салтанатты шарасына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, өңірдің БАҚ саласы мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау және жауапты сала басшылары қатысты.
Облыс әкімі журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа жеткізудегі қаламгерлер рөліне тоқталды.
– Бүгінгі мереке – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет жасайтын шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың техникалық, көркемдік тұрғыдан толыққанды жарыққа шығуына еңбек сіңіретін оператор, дизайнер, режиссер, инженерлердің мерейлі күні.
Сіздер жаңа бетбұрыстар кезеңінде қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып, жұртшылыққа реформалардың маңыздылығын жеткізуде жауапты міндет атқарып келесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкерлерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлесіміз, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Qyzylorda» телеарнасының директоры Әмиша Нұрбек Шынтемірұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бұл - Сыр журналистикасының бүгінгі беталысына берілген жоғары баға.
Мемлекет басшымыз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді.
Осыдан 100 жыл бұрын Қызылорда еліміздің тұңғыш астанасы болған тұста әлеуметтің рухани өмірінде ерекше серпіліс жасалды. Тарихи кезеңде республикалық мерзімді басылымдардың барлығы көшірілді. Ұлттық сөз өнерінің майталмандары, Алаш зиялылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов журналистік шеберліктерін шыңдап, халыққа ақпарат тарату ісіне белсене қатысты.
«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінің ұлттық журналистика тарихында айрықша орны бар. Қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар Қызылорда – ұлт баспасөзі мен журналистикасының рухани астанасы екенін айқын дәлелдейді. Тарихи сәттердің куәсі болған ардагерлеріміз бүгінде ортамызда. «Сыр бойымен» бірге сырласындай өмір сүріп келе жатқан Қазақстанның құрметті журналистері – Шәкірат Дәрмағанбетов, Қайырбек Мырзахметов ағаларымыз бен Рысты Бекбергенова апамыз мерейлі 90 жастың үстіне шықты. Осы газеттерден шыққан шығармашылық өкілдері елімізге танылып, қазақ әдебиетінде өзіндік ізін қалдырды. Олар: Асқар Тоқмағанбетов, Жақсылық Түменбай, Тынымбай Нұрмағанбетов, Әскербек Рахымбеков, Асқар Кіребаев, Қази Данабаев, Жолтай Жұмат секілді белгілі ақын-жазушылар.
Аймағымызда Президентіміздің тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылған жұмыстарды, игі бастамаларды халық арасында кеңінен насихаттауда қалалық, аудандық басылымдармен қатар «Халық», «Әлімсақ», «Ұстаз мәртебесі», «Тіл сақшысы», «Сыр мектебі» секілді газет-журналдар мен интернет ресурстардағы бірнеше ақпараттық агенттік белсенді қызмет атқаруда.
Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін жасаудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін.
Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара беріңіздер! Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, шығармашылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! – деді аймақ басшысы.
Салтанатты кеште журналистік қызметімен еңбек етіп, салаға ізденісі мен кәсіби шеберлігін арнап, оқырман мен көрермен құрметіне бөленген журналистер марапатталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен облыстық «Сыр бойы» газеті "Руханият" бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Беркінбаев «Құрмет» орденімен, республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов пен "Қоғам ТВ" арнасының шеф-редакторы Баян Құлтанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен бірге бірқатар тілшілерге облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен номинациялар табысталды. Оның ішінде аудандық “Қазалы” газетінің бас редакторы Есет Табынбаев облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Тарихқа үңілсек, Әуелде Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы күні 10 мамырда аталып келді. Себебі 1870 жылы дәл осы күні қазақ тіліндегі алғашқы басылым – «Түркістан уәлаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрген еді. 1997 жылы бұл дата өзгертіліп, журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан күн 28 маусымға белгіленді. Ол «Баспа және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚазКСР Заңы деп аталды. Сол жылдан бастап тілшілер мерекесі маусымның соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді. 2011 жылдың қазанында Нұрсұлтан Назарбаев елдегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Оған сәйкес, 28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді. 2019 жылдың 24 маусымында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қоғамды дамытудағы ерекше рөлін атап өтіп, журналистердің кәсіби мерекесін ұйымдастыруды тапсырған еді. Солай Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілді.
Осылайша иыққа фотоаппарат асынып, қолына қойын дәптерін қысып алып, «отқа да, суға да» түсетін журналистер күні – 28 маусым аталып өтеді. Төл мереке құтты болсын, төл басылым тарландары!

Айнұр ӘЛИ
28 маусым 2025 ж. 45 0

Ақ парақ пен ақпарат

28 маусым 2025 ж. 46

Тариф тағы көтерілмек

28 маусым 2025 ж. 45

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30