Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылан жылындағы жақсы істер

Жылан жылындағы жақсы істер

Фото: Жасанды интеллект
Бүгін санаулы сағаттан соң ескі жылды шығарып, жылқы жылын төрге кіргіземіз. 2025 жыл ауданымыз үшін толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның барлығы – қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасы. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың легі аз емес. Әсілінде, әрбір сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, өріс кеңейді. Жоба мен жоспар алға басып, экономикасы өрлеп, өңіріміздің өркендеп келе жатқаны барлығымыздың көз алдымызда. Тұтас 365 күн. Осы аралықта не өзгерді? Не өзгермек?

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды. Өнеркәсіп өндірісі артып, түрлі жобалар жүйелі атқарылды. 2025 жылы ауданда экономиканың маңызды салаларын дамытуға бағытталған ірі 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жоба құны – 2 миллиард 400 миллион теңгені құрайды. Жобалардың екеуі іске қосылды. Жеке кәсіпкер О.Медеубаеваның құны 600 миллион теңге тұратын сауда үйі, жеке кәсіпкер Е.Алданазаровтың 650 миллион теңгелік аквапарк пен қоғамдық тамақтану орны, жеке кәсіпкер А.Бақытпектің 500 миллион теңгенің қонақ үйі аудан тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызметін ұсынуда. Жыл көлемінде Басықара ауылында көлемі 464 гектар жер учаскесін құрайтын тауарлы балық өсіру тоғанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құны 650 миллион теңге тұратын жоба «Арал рыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тоғаны. Ауыл шаруашылығы саласындағы еселі еңбекті де айта кеткен жөн. Аудан диқандары биыл 17 мың 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Оның ішінде күріш – 5636 гектар. Дәнді дақылдар – 5881 гектар, майлы дақылдар – 500 гектар, картоп, көкініс, бақша – 2159 гектар, мал азықтық дақылдар – 8900 гектарға орналастырылған. «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылы 288,8 миллион теңгеге 40 жоба қаржыландырылып, жоба аясында 50-ге жуық жұмыс орны ашылу көзделуде.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Бүгінде отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, елдің әр түкпірінде түрлі нысан бой көтеруде. Қазалы ауданы жыл көлемінде жаңа құрылыс нысандарымен ауқымын кеңейтіп, көрсе көз тоятын іргелі мекенге айналды. Сән-салтанаты жарасып, көрікті жерлер көбеюде. Аудандағы құрылыс жұмыстары қазіргі таңда еш кідіріссіз жалғасуда. Құрылыс басталған күннен-ақ, жұмыс қазандай қайнаудан жаңылған емес. Қайта, қарқынға қарқын қосылып, күн өткен сайын қыза түсуде. Ауданның сәулеттік келбетіне сән берген нысанның бірі – «Руханият» ғимараты. Кешен бой көтергелі Әйтеке би кентінің жалпы архитектуралық келбеті айшықталғаны рас. Құны 1,822 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобаның бүгінде құрылысы толық аяқталып, 1 шілдеде ресми түрде пайдалануға берілді. Ауқымды жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап шыққан мердігер «Асар» ЖШС-нің еңбегі де айрықша. Компанияның кәсібилігі мен тәжірибесі арқасында аудан орталығында жаңа форматтағы әкімшілік кеңістігі пайда болды. Жеңіс паркі жаңаша келбетке еніп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Интеллектуалдар озып, ғылыми технология қарыштап дамыған заман. Соңғы жылдары нық қадамдар жасалып, біршама ауқымды жоба іске асуда. Соның бірі заманауи мектеп – «Жайлы мектеп» жобасы. Өңірде ұлттық жоба аясында 2 білім ордасының іргетасы қаланғанын айта кеткен жөн.
Жаңа жыл қарсаңында Әйтеке би кентінде аймақ басшысының қатысуымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға кезекке сәйкес 80 пәтерлік 40 тұрғын үйдің кілті табысталды. Ауданда орталық ауруханаға жапсарлас салынған 42 төсектік қосымша ғимарат бар. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Жоба бойынша 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылысты «СМП-Қызылорда», «Мекен и Компания», «АрхДизайнСтройИнжиниринг» серіктестіктері жүргізген. Ғимараттағы 42 төсек қорының 21-і кардиологиялық, 21-і инсульт бағытында жасақталып, аурухананың жалпы төсек қоры 196-дан 238-ге дейін ұлғайған. Толығымен қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылыпты.Алдағы уақытта мұнда аудан тұрғындары үшін өзекті болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, мамандардың біліктілігін арттыру көзделген. Биыл жергілікті бюджет есебінен 326,7 миллион теңгеге «Philips» маркалы, 64 срезді компьютерлік томограф сатып алыныпты. Қазіргі уақытта КТ орналасатын бөлме дайындалуда. Жалпы аймақта «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 миллиард 763 миллион теңгеге 27 медициналық нысан салынып, бүгінде тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектісінің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Бұл сектор халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, аймақтық дамуды теңестіруге және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Аудандағы инженерлік инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың легі ойдағыдай. Оны дамыту мәселесі де аудан басшысының назарынан тыс қалған емес. Жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр энергиясымен қамту
мен инфрақұрылым жүргізу, тұрғындардың денсаулық сапасын жақсарту бағытында да іске асырылған жобалар аз емес. Мұнымен қоса аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаспақ. Қай салада болмасын еселі еңбектің нәтижесі анық байқалады. Оның ішінде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Ауданда түрлі кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне қызмет көрсетуде. Мемлекет тырбанып тірлік етемін дегенге мол мүмкіндік беруде.
2025 жылға аудандық маңызы бар Жанқожа батыр ауылының кіре беріс жолын күрделі жөндеуге 476,8 миллион теңге бөлінген. «Әлсейт» көпірінен Бекарыстан би ауылына дейінгі аралық автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізуге 836,7 миллион теңге бөлініп, барлығы – 1 миллиард 313,5 миллион теңгеге 9,5 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жүзеге асқан жұмыстар 2025 жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 91 процентке жеткізген. Жыл басынан бері қала және елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеуге 1 миллиард 481,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Жаяу жүргіншілер жолы жайы да назардан тыс қалмай құрылысы қарқынды жүргізілді. Ал «Қарлан» көпірінің жоба-сметалық құжаттарының қажетті қаржысына қайта есептеме жүргізіліп, жоба құны 6 миллиард 746,6 миллион теңгеге ұлғайтылған. Нысан келер жылға өтпелі.
Сондай-ақ аудан бойынша электр желілерін толық жаңғырту жұмысы жалғасын тауып, электр желілерінің тозу деңгейі 2025 жылы 68 пайызға төмендеді. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында орналасқан нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясының тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында 2025 жылға қосалқы стансасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 378,2 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 1 миллиард 417 миллион теңге тұратын нысан құрылысы 2026 жылы жалғасады.
Елді мекендерді газдандыру жобаларына 2024 жылы 2 миллиард 235 миллион теңге қаржы бөлініп, 3 жоба жүзеге асқан. Бұған дейін Абай ауылынан 347,6 миллион теңге тұратын және құны 325 миллион теңгелік Ақтан батыр ауылы табиғи газ отынына толыққанды қосылды. Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу құбырларының құрылысы жұмысына 2024 жылы 1 миллиард 562,4 миллион теңге қаржы құйылса, 2025 жылға аталған жобаның жұмысын жалғастыруға 2 миллиард 171,1 миллион теңге бөлінген. 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 процентке жеткізу жоспарланған.
Аудан халқын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 2024 жылы 97,7 процентке жетсе, Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендеріндегі жобаларды жүзеге асыру нәтижесімен таза ауыз су 100 пайызға қамтамасыз етілмек.
Жалпы аудан бойынша барлығы 11 ірі нысанның құрылысы жоспарланып, республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 5,2 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Жобаның бесеуі – өткен жылдан өтпелі, алтауы – жаңа жоба. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бұл нысандар өңір келбетіне өң беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етпек. Сонымен қатар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасындағы жаңадан игерілген тұрғын кварталдарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында қосалқы стансаның құрылысы жүруде. Ал спорт кешендері бойынша аудандағы Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында екі бірдей спорт кешені салынуда.
Қазіргі заман талабы – сапалы халық, сапалы ұлт, сапалы білім-ғылым, сапалы технология, сапалы тіршілік стандартын қалыптастыру. Сондықтан ауданда атқарылып жатқан, алдағы уақытта атқарылатын жобалар жоспарлы түрде уақытылы жүзеге асуы назарда тұр. Бастысы, атқарылған жұмыс жүйелі болса болғаны.
Иә, алға қойылған барлық мақсат, жоспар мен жарқын істер жүзеге ассын! Жылан жылында жақсы істердің куәсі болсақ, жаңа жылқы жылы мол берекесімен, ырзығы мен шаттыққа толы мерекесімен келсін демекпіз.
Айнұр ӘЛИ
31 желтоқсан 2025 ж. 26 0

Ұрпағы ұлықтаған Самұрат би

31 желтоқсан 2025 ж. 20

Кәсіпкерлікке қолдау кең

31 желтоқсан 2025 ж. 23

Шаттық сыйлаған шырша тойы

31 желтоқсан 2025 ж. 20

Аудан әкімінің құттықтауы

31 желтоқсан 2025 ж. 30

Жылан жылындағы жақсы істер

31 желтоқсан 2025 ж. 27

Жылқы жылынан не күтеміз?

31 желтоқсан 2025 ж. 22

365 күндегі 100-ші басылым

31 желтоқсан 2025 ж. 26

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031