Ұлу жылындағы ұлы істер
Жалт-жұлт еткен шырша шамы. Алыстан-ақ сезілетін мандариннің қышқыл иісі. Көк жәшікте «Жалғыз үйде» көркем фильмі. Үлкендер мерекелік дастарқан әзірлеп, қуантуға сыйлық алып әлек. Ал көзі балбұл жанған балалар Аяз ата мен Ақшақарды тағатсыздана күтіп жүр. Жаңа жылдың ең керемет сәті де, көңілдегі алыпұшқан ғажайып сезім де осы. Бүгін санаулы сағаттан соң ескі жылды шығарып, жылан жылын төрге кіргіземіз. Тұтас 365 күн. Не өзгерді? Нені күтеміз?
Биыл ауданымыз үшін толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның барлығы – қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасы. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азамат шынайы ризашылық пен құрметке лайық. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың легі тым бөлек. Әсілінде, әрбір сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, өріс кеңейді. Жоба мен жоспар алға басып, экономикасы өрлеп, өңіріміз өркендеп келе жатқаны барлығымыздың көз алдымызда.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды. Өнеркәсіп өндірісі – 100,2, өңдеу өнеркәсібі – 100, ауыл шаруашылығы – 107, тұрғын үй – 115, сауда – 105,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 123,9 процентке артып, аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасты. Негізгі капиталға 23 миллиард 57 миллион теңге инвестиция тартылып, өсім 113,3 процентті құрады. Ауыл шаруашылығы дихандары биыл 17 мың 29 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде толық жиналды. Биыл негізгі дақыл күріш 6 мың 200 гектарға егіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 25 мың 47 тонна күріш жиналды.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Бүгінде отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, елдің әр түкпірінде түрлі нысан бой көтеріп жатыр. Қазалы ауданы жыл көлемінде жаңа құрылыс нысандарымен ауқымын кеңейтіп, көрсе көз тоятын іргелі мекенге айналды. Сән-салтанаты жарасып, көрікті жерлер көбеюде. Аудандағы құрылыс жұмыстары қазіргі таңда еш кідіріссіз жалғасуда. Құрылыс басталған күннен-ақ, жұмыс қазандай қайнаудан жаңылған емес. Қайта, қарқынға қарқын қосылып, күн өткен сайын қыза түсуде. Аудан орталығында 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталса, Кәукей ауылындағы 100 орындық клуб ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілуде. Сонымен қатар аудан орталығында «Руханият» орталығы, аудандық прокуратура, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағы мен Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарынан спорт кешендерінің, Майдакөл ауылынан 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы да қарқынды жүргізілуде.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды аспектісінің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Бұл сектор халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, аймақтық дамуды теңестіруге және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Аудандағы инженерлік инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың легі ойдағыдай. Оны дамыту мәселесі де аудан басшысының назарынан тыс қалған емес. Жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Тұрғын үй салу үшін жер кезектілігін азайту мақсатында бас жоспарға сәйкес Әйтеке би кентінің оңтүстік-батыс беткейінен көлемі 600 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым жобасы әзірленген. Жоба құны – 8 921,6 миллион теңге. Қазіргі таңда тиісті жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр энергиясымен қамту мен инфрақұрылым жүргізу, тұрғындардың денсаулық сапасын жақсарту бағытында да іске асырылған жобалар аз емес. Мұнымен қоса аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаспақ.
Қай салада болмасын еселі еңбектің нәтижесі анық байқалады. Оның ішінде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Ауданда түрлі кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне қызмет көрсетуде. Мемлекет тырбанып тірлік етемін дегенге мол мүмкіндік беруде.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Интеллектуалдар озып, ғылыми технология қарыштап дамыған заман. Соңғы жылдары нық қадамдар жасалып, біршама ауқымды жоба іске асуда. Соның бірі заманауи мектеп – «Жайлы мектеп» жобасы. Өңірде ұлттық жоба аясында 2 білім ордасының іргетасы қалануда. Соның бірі – ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылындағы 300 балаға арналған білім ошағы. Құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған бұл мектеп биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталмыш нысанның жауапты мердігері – «Аңсар» ЖШС. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік толық қамтылатын болады. Мектеп 2 қабаттан тұрады. Ішінде спортзал, асхана, кітапхана және басқа да арнайы кабинеттер қамтылған. Сондай-ақ, мектеп ауласында оқушылар үшін арнайы ойын алаңдары салынады. Бұдан бөлек, жарық шамдарда да орнатылатын болады. Әйтеке би кентінде де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы салынуда. Жалпы жоба білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасауды көздейді. Жоба аясында педагогтерге қажетті жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен және студиялармен жабдықталған жаратылыстану-ғылыми пәндердің жабдықталған кабинеттері салынады. Олардың қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталуына да ерекше мән беріледі. Жайлы мектептердің барлығы қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де бірыңғай стандарт бойынша салынады. Ұлттық жобаның нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері, сондай-ақ өңірлер, қалалар мен ауылдар арасындағы теңсіздік мәселесі шешілуде. Бұл білім сапасын айтарлықтай арттырады.
Қазіргі заман талабы – сапалы халық, сапалы ұлт, сапалы білім-ғылым, сапалы технология, сапалы тіршілік стандартын қалыптастыру. Сондықтан ауданда атқарылып жатқан, алдағы уақытта атқарылатын жобалар жоспарлы түрде уақытылы жүзеге асып, сапалы орындалуы базты назарда тұр. Бастысы, жұмыс – жүйелі, талап – нық.
Иә, біз де алға қойылған арман-тілек, жоспарлар жүзеге асса деп ниет еттік. Жаңа жыл мол берекесімен, ырзығы мен шаттыққа толы мерекесімен келсін!
Айнұр ӘЛИ