Түнгі қонақ
Ержан ауыл шетіндегі ескі қорымның жанынан күнде өтетін. Бірақ сол түні ауа ерекше ауыр, тыныс алудың өзі қиын еді. Ай тұманға оранып, көлеңкелер ұзарып, қозғалғандай көрінді. Үйіне жақындағанда аула қоршауының қақпасы сықырлап өзінен-өзі ашылды.– Жел шығар… – деген оймен Ержан өзін жұбатты. Бірақ жел жоқ еді. Айнала тып-тыныш, тек алыстан бір бейтаныс сыбыр үн естілгендей…
Түн ортасы ауған кезде Ержан терезе алдынан адам бейнесін көріп шошып оянды. Ұйқылы-ояу көзін ашып қараса, терезеден бір ақшыл тұман жылжып, бөлмеге кіріп келе жатыр. Бір кезде әлгі тұман сөйлей бастады: «Мұқият тыңда. Уақыт жақындады!». Ержан жатқан орнынан атып тұрды. Сол сәт тұманның ішінен бір әйел бейнесі анық көрінді. Бет-әлпеті таныс сияқты. Дегенмен есіне түсіре алмады. «Сенікі емес нәрсеңді қайтар…» деді әйелдің үні сыбырлағандай.
– Нені? – деді Ержан үреймен. Әйел жауап қатпады. Оның орнына тұман үй ішін бір айналып, бұрыштағы ескі сандыққа кіріп кетті. Сандық өздігінен сықырлап ашылды. Ішінен Ержан бала күнінде тауып алған таңғажайып тас жарқ етіп көрінді. Көгілдір ішінде әлдене қозғалады.
– Бұл тас менікі еді, – деді әйелдің үні бәсең.
Санамалап қарағанда, әйелдің жүзі бала кезінде түсінде көретін адамға ұқсап кетті. Оны сол кезде «қорғаушы рух» деп атайтын еді. Алайда қазір оның жүзі мұңлы, көзі өткір.
Ержан тасты қолына алды. Сол сәт бөлме суып, уақыт тоқтап қалғандай болды. «Қайтарсаң, аман қаласың. Ұстап қалсаң – тағдырың өзгереді» деді тұманды бейне. Ержанның жүрегі дүрсілдеп, шешім жасауға мұршасы келмеді. Қолы дірілдеп, тасты қайта сандыққа салуға тырысты. Ержан тасты сандыққа салмақ болған сәтте әйелдің даусы кенет өзгерді. Бұрынғыдай нәзік емес, қарлығыңқы үнге айналды:
– Асықпа! Сен не таңдасаң да, қайтымсыз болады.
Ержан қолындағы тасқа қарады. Іші толқып тұрғандай, түбі жоқ көз сияқты. Ол тасты қолынан тастап жібермек болып еді, тас қолына жабысып қалғандай түспей қойды.
– Неге арыла алмай тұрмын? – деп қорыққан дауыспен сыбырлады Ержан.
Әйелдің бейнесі тұманда бұлыңғырланып, көлеңкеге айнала бастады.
– Өйткені ол сені таңдады, – деді.
Тас кенет жылынып, одан әлсіз жарық таралды. Сол жарықпен бірге Ержанның көз алдына бір көрініс орнады. Ауыл шетінде қара киімді адам жерге бір нәрсені көміп жатыр. Түн. Аспан бұлт.
– Бұл не? – деді Ержан көзі шарасынан шығып.
– Шындықтың бастауы, – деді әлгі әйелдің үні.
Көрініс жалғасты. Қара киімді адам көміп жатқан зат дәл осы тас еді. Бірақ ол әдеттегі тас емес. Ішінде адамдардың сыбырлаған дауыстары, жылаған үндер естілді. Демек бұл тас жай дүние емес еді. Тұман әйелдің бейнесі Ержанға жақындап келді. «Оны сен тапқан жоқсың. Ол сені табу үшін ғана қалдырылды. Өйткені…» Әйелдің көзіне қараған сәт Ержанның жүрегін мұздай суық қарып өтті. Ол сөздің соңын ести алмады, дауыс кенет өшті. Үй іші тып-тыныш. Тас болса, қолында одан сайын жарық шашып тұрды. Сол сәтте сырттан есік тақылдады.
Тық. Тық. Тық.
Түннің ортасында. Ержан орнынан тұра алмады. Біреу есікті баяу, бірақ қаттырақ соға бастады.
ТЫҚ. ТЫҚ. ТЫҚ.
– Есікті аш… – деді әлсіз сыбыр.
Бірақ тұманды әйелдің даусы емес еді. Бөтен, тым таныс емес, тіпті адамға ұқсамайтын үн болатын.
***
Есікке соққан дыбыс күшейе түсті.
ТЫҚ. ТЫҚ. ТЫҚ.
Ержан орнынан әзер қозғалды. Тастың жарығы енді үйдің ішін көгілдір тұманға толтырып жіберді. Сыбырлар күшейді, енді олар анық естілетін сөздерге айналды. «Аш! Уақыт келді».
Ержан ақырын есікке жақындады. Қолын көтеріп, есікті ұстай бергенде, тұман әйелдің үні қайта шықты: «Сақ бол! Сыртта тұрған тірі жан емес…» Ержан денесі қалтырап, артқа шегінді. Сырттағы үн есіктің ар жағынан сыбырлады.
– Қорықпа. Тасты бер. Оған ол тиесілі емес.
Бұл дауыс адамның емес, біртүрлі, жаңғырықпен естілетін үңгір ішіндегі дыбыс сияқты еді. Сол сәтте тастың ішіндегі жарық күрт күшейіп, есікті түгел көкшіл сәулемен орап алды. Есіктің сыртында тұрған қараңғы пішін анық көрінді. Бірақ оның пішіні адамға ұқсамады. Ұзын, иілген, көлеңкеден құйылған дене іспетті. Тас өздігінен жарқырап, әйелдің бейнесі қайта пайда болды. Бұл жолы анық әрі нұрлы.
– Ержан, тыңда. Қолыңдағы тас кезінде адамдардың ашкөздігінен туған. Ол әр жанның ішіндегі қараңғылықты оятып, иесін өзіне байлайтын. Мен оны тығып тастаған едім. Бірақ біреу қайта босатты, – деді де әйел қолын созып, тастың жарығын күшейтті.
Сырттағы көлеңке есікті итеріп ашпақ болып, тақтайлар сықырлады. Ержан қорыққанынан тасты әйелге беруге ыңғайланады.
– Менен алыста. Сен оны таңдағансың, – деді әйел.
– Неге мені?...
– Сенің жүрегің таза. Тас саған қарсы тұра алмайды. Тек сен ғана оны тоқтата аласың.
Көлеңке есікті қақ жаруға аз қалды.
– Не істеймін? – деді Ержан.
Әйелдің бейнесі жақындап, даусы әлсірей бастады: «Тасты жарыққа айналдыр. Жамандықты сөндіретін жалғыз күш – жүрегіңдегі шынайы ниет. Қорықпа!». Ержан көзін жұма салып, тасты кеудесіне жақын ұстады. Оның ішіндегі жарық жүрек соғысымен бірге күшейе бастады. Сырттағы қараңғылық айқайға ұқсас дыбыс шығарып, есіктен кейін шегінгендей болды. Ержан бар күшін жинады. Тас кенет жарқ етіп, жарылыстай жарық шашты. Бөлме толығымен ақ нұрға оранды. Сосын бәрі тып-тыныш болды.
Таң ата Ержан өз үйінде жалғыз отырды. Тастың орны бос, тек күйіп қалғандай қара дақ ғана қалған. Ал әйелдің бейнесі мен сыбырлары жоғалған. Есіктің ар жағында да, үйдің айналасында да ешқандай із қалмады.
Ержан терең дем алып, сыртқа шықты. Ауыл тыныш. Күннің алғашқы сәулесі шығып келе жатыр. Алайда біртүрлі сезім қалды. Мұның бәрі біткен жоқ сияқты. Өйткені желмен бірге әлсіз сыбыр тағы өтті.
– Таңдауың дұрыс. Бірақ міндетің әлі аяқталмады…
Ержан артына бұрылды, ешкім жоқ. Тылсым оқиға аяқталғанымен, жаңа бір құпия есігі ашылғандай еді…
А.ШАБЫТ













