Елес торыған үй
Әмір мен Айым көптен бері армандаған шағын, бірақ еңселі жаңа үйлеріне көшіп келгенде, екеуінің жүрегі қуаныштан жарыла жаздаған. Үйдің қаланың шеткі аумағында орналасқанына қарамай, бағасы қолайлы болғандықтан ұзақ ойланбай сатып алған.Алайда көршілердің сыбырлап айтқан сөздері алғашқы күннен-ақ көңілдеріне күдік салды. Бірақ екеуі де оған мән бермей, «ескі үйлерде түрлі әңгіме жүреді ғой» деп жүре берді.
Көшіп келген түні Айымның ұйқысы қашты. Үйдің іші тым үнсіз, тым салқын еді. Терезеден соққан жел пердені үрлеп, үйдің ішінде әлдебір әлсіз күбір естілгендей болды. Әмір ұйықтап қалған, ал Айым көзін жұмса да, әлдебір күңгірт бейне көз алдына орала берді.
– Әмір, – деді ол сыбырлап.
Жауап жоқ. Ол орнынан тұрып, дәлізге шықты. Астыңғы қабаттан «тырр…тырр…» еткен дыбыс шықты. Еден сықырлап, біреу жаймен басып келе жатқандай.
Айым жүрегі зырқырап, төменге қарады. Екі қабаттың ортасындағы қараңғыда адамның сұлбасы тәрізді бір нәрсе қозғалып тұрғандай көрінді. Перденің көлеңкесі шығар деп өз-өзін жұбатпақ болды.
Сол сәтте сұлба баяу бұрылып, тура оның тұрған орнына қарады. Айым шошып, артқа шегінді. Көзін ашып-жұмғанша қараңғылықтан ештеңе байқалмай қалды. Бірақ бойын мұздай суық сезім қарып өтті.
Келесі күні Айым Әмірге болғанды айтуға оқталса да, ол күлкіге айналдырар деп үндемей қалды. Бірақ түн ортасында өзі де оянып кетті.
Бұл жолы баланың күлкісі тәрізді әлсіз дыбыс естілді.
– Мә, мынау не? – деді Әмір дауыстап.
Төменгі бөлмеден әлдебір нәрсе жерге түскендей дүрс етті. Екеуі қолдарына телефон шамын алып, қорқа-қорқа төмен түсті. Бөлме ортасында ескі ойыншық қонжық жатты.
– Бұл біздікі емес қой, – деді Айымның даусы дірілдеп.
– Бұны біреу тастап кеткен шығар,– деді Әмір сенімді болуға тырысып.
Алайда қонжықтың үстінде қара балапан шашы бар кішкентай қыздың суреті тұрғанын көргенде, екеуі де үнсіз қалды. Суреттің артына көне сиямен жазылған сөздер анық көрінді. Онда «Мені қайтарыңдар!» деген жазу жазылған. Әмір мен Айым бұл біреудің ойыны шығар деген сөзбен бір-бірін жұбатып, қонжыққа мән бермей, үйлеріне қайта оралды.
Сол түні ұйқыға жата бергенде дәліздегі жарық өздігінен жанып-өшті. Екеуі бірдей селк етіп, есікке қарады. Дәліздің түкпірінде біреу тұр еді. Ұзын ақ көйлек киген, шашы бетін жапқан, арық денелі қыз бала. Ол өзіне тән емес қозғалыспен, қисайып тұрып, басын сәл көтерді. Көзі жоқ қара қуыс жерден тура оларға қарағандай болды. Ол кенет қатты шыңғырып жіберді. Шыңғырудан терезе дірілдеп, есік қағылғандай болды.
Айым айғайлап жіберіп, Әмір оны құшағына қысып, бөлмеден далаға қарай сүйреп шықты. Бірақ есік ашылмай қалды. Кілт екі жаққа да бұрылмай, құлып қатып қалғандай.
Қыздың елесі оларға қарай созылып келе жатты. Оның қолы ұзарып, саусақтары адам емес, ұзын, сүйекті, қарағай бұтағындай бұралып келді. Дәл жақындап қалған сәтте үйдің жарығы кенет өшіп, бәрі тып-тыныш бола кетті.
Елес жоқ. Есіктің құлпы сылп етіп өзінен-өзі ашылды. Ерлі-зайыпты екеудің үстінен суық су құйылғандай орындарында состиып тұр. «Бұл не болды?» деген сұрақ жандарын жегідей жеп барады. Осы оқиғадан соң, олар болған жағдайды жадынан шығара алмады. Сөйтіп, қала архивін ақтарып жүріп, Әмір мен Айым бұл үйдің 15 жыл бұрын бір отбасына тиесілі болғанын білді. Сол үйде 7 жастағы Айсана атты қыз жоғалып кеткен. Жоғалған күні тек ойыншық қонжығы ғана табылыпты.
Қыздың мәйіті де, қайда кеткені де анықталмаған. Үй сол уақыттан бері бос тұрған. Көршілердің айтуынша, түнде үйдің терезесінен кішкентай қыздың жылағаны мен әндеткен дауысы жиі естілетін көрінеді.
Олар үйден кетуге бекінді. Заттарын жинап жатқанда Айым сол ескі қонжықты тастай салмақ болды. Бірақ оны көтеріп қалғанда, ойыншықтың ішінен әлдебір қатты нәрсе сықыр етіп жылжыды. Қонжықты қақ айырып жібергенде, ішінен сүйекке ұқсайтын кішкентай саусақ сүйектері түсіп кетті. Сол сәтте үйдің барлық есігі тарс жабылып, терезелерді қара түтін басып, дәліздің түкпірінен баяу әндеткен дауыс естілді.
Бос, саңырауқұлақ иісі аңқыған қараңғылықтан баяу шығып келе жатқан – сол Айсана еді. Қолында дәл сол қонжықтың жартысын ұстап: «Мені үйімде қалдырыңдар» деді жан түршігерлік жылаған үнмен.
Елес оларға қарай жүрді. Үйдің ішінде жарық сөнді. Еден сықырлады. Қабырғалар шытынап кетті. Соңғы естіген дыбыс Айымның жан ұшыра шыққан айғайы еді. Үйде қайтадан мүлгіген тыныштық орнады. Келесі күні көршілер үйдің есігін ашқанда, тек бос бөлме ішінен еденге түскен қонжықтың көздері ғана табылды.
Фото: ашық дереккөзден алынды
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














