Тағылымды туынды таныстырылымы өтті
Аудандағы «Руханият» орталығында жақында жарық көрген «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабының таныстырылымы өтті. Тарихи деректі еңбекті жинақтаған авторлар Нұрсұлтан Мықтыбай мен Асхат Асқарұлы, жергілікті өлкетанушылар, ардагерлер, архив, кітапхана, музей қызметкерлері, дін өкілдері бас қосқан шараны Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жәнібек Әлиев ашып, жүргізіп отырды.– Биыл Қазақстан Мұсылмандарының қара шаңырағы – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаны лайықты атап өту мақсатында жыл басында Басқарма Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы ұсынысымен өңір-өңірде өзіндік орны бар имандылық ошақтарының тарихы мен Ислам дінінің кеңінен таралуына еңбек сіңірген тұлғалардың өмірін жан-жақты зерттеу қолға алынған болатын.
Осыған орай «Алаштың анасы» атанған Сыр өңіріндегі ең көне құлшылық үйі, іргетасы қалана бастағанына биыл 150 жыл толып отырған «Айтбай» мешітінің тарихы кеңінен зерттеліп, ол деректі фильм мен үлкен зерттеу кітабына арқау болды.
Өңір тарихы үшін тың жаңалық болған, рухани ортада аса жоғары бағаланған «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабы мен деректі фильмінің тұсаукесері ағымдағы жылдың 19 қараша күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының және аймақ басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтің арнайы қатысуымен кесілді.
Айтулы шараға Алматы қаласынан арнайы келген «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау» қоғамдық қорының, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архвиінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының, Өзбекәлі Жәнібеков мавзолейінің, «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Осы шарада аймақ басшысының ұсынысымен «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» атты тарихи деректі еңбегінің аудандарда таныстырылымын өткізу жоспарланған болатын. Осыған орай, бүгін облысымыздың ғана емес, еліміздің діни-тарихи, мәдени-рухани өмірі үшін тың жаңалық болған аталған кітаптың біздің аудандағы таныстырылымына бас қосып отырмыз, – деді Жәнібек Алмасұлы.
Шарада Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы кітаптың жазылу тарихына тоқталса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбай еңбекте бұрын-соңды жарияланбаған тың деректердің қалай табылғаны жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Ерекше атап өтерлігі – авторлар мешітке байланысты орын алып келген олқылықтың орнын толтыру мақсатында тек еліміздегі ғана емес, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарда, көршілес Ташкент шаһарындағы Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивінде жүйелі түрде жұмыс жасап, айрықша еңбек еткен.
– «Айтбай» мешітінің тарихын Қызылорда қаласының, тіпті, облыс, қала берді еліміздің тарихынан бөле-жара алып қарауға болмайды. Құлшылық үйінің тарихы шаһардың, Сыр өңірінің, мемлекетіміздің шежіресімен ұштасып жатыр. Оған кітапты оқыған адамның көзі толық жетеді. Мысалы, Қиыр Шығыстан Сыр өңіріне корейлерді депортациялаған 1937 жылды алайық. Оларды қайда орналастырды? «Айтбай» мешітін тұрғын үй етіп берді. Сол секілді, 1939 жылы құрылған Қызылорда облыстық корей музыкалық драма театрына «Айтбай» мешітінің ғимараты берілді. Ұлы Отан соғысы кезінде өңірімізге күшпен көшірілгендер үшін ашылған 10 эвакуациялық пункттің біреуі осы «Айтбай» мешіті болды. Мұндай мысалдарды имандылық үйі салынған сонау Перовск кезеңінен бастап, мешіт ретінде қайта қайтарылған 1989 жылға дейінгі аралықта жүздеп келтіруге болады. Бұл – бір. Екіншіден, тарихи мешіттің барлық ауданға қатысы бар екенін көріп таңғалдық. Мысалы, патша өкіметі Сыр бойын бағындыру мақсатымен Арал теңізінің сағасында 1847 жылы Райым бекінісін салған. Осы бекініс 1851 жылы Арал бекінісі аталып, 4 жылдан кейін таратылып, Қазалы фортына айналған. Патшалық Ресей осы Райым, Қазалы бекіністерінде «Николай кірпішін» өндіретін зауыт тұрғызған. «Айтбай» мешітінің кірпіші осы зауыттардан 1875-1878 жылдардың аралығында 3 жыл бойы Перовскіге түйемен жеткізіліп, құлшылық үйіне пайдаланылған, – деді Нұрсұлтан Ертуғанұлы.
Жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Беганыш Жақсыбай, Әлімжан Қияс, Қадірбек Бекетов және басқа ардагерлер сөз алып, аталған кітап Сыр өңірінің тарихына қосылған бағалы еңбек екендігіне, ондағы келтірілген мәліметтердің аса құндылығына тоқталды.
– Әсіресе, «Айтбай» мешітінің салыну тарихына қатысты бұған дейін бұрмаланып келген кейбір мәліметтердің нақты деректермен түзетілуі – еңбектің басты жетістігі дер едік. Сонымен, құлшылық үйі туралы көп жылдар бойы айтылып келген әрқилы жорамал мен алыпқашпа әңгімені саралап, нақты дерекпен сөйлеткен авторлардың еңбегін айтпай кетуге болмас. Олар көпшілікті мазалап жүрген сан сауалға жауап беріп, даулы тұстардың түйінін тарқата алған. Жылдар қойнауына жұтылған деректерді түгендеп, тарихи шындықты қалпына келтіру – бір ғана дәуірдің емес, тұтас ғасырлардың үнін тірілту болғаны сөзсіз, – деді Б. Жақсыбай.
Шарада ардагерлер аудандағы ең ескі құлшылық үйі болып саналатын «Қожаназар ишан» мешітінің тарихы да тереңірек зерттелсе деген ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында кітап авторлары Н.Мықтыбай мен А.Асқарұлы тарихи деректі еңбекті аудандық орталық кітапханаға, ардагерлер кеңесіне және жиналған қауымға сыйға тартып, шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне зор ризашылықтарын жеткізді.
Алтын МЕЙІРХАНОВА













