Сессияда 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет бекітілді
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 48 сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, облыстық бағыныстағы басқарма басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлімдер және мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті.Сессияның күн тәртібінде 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту, аудандық мәслихат төрағасының жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен Қазалы аудандық мәслихатының жұмыс жоспарын бекіту және аудандық мәслихаттың «Әлеуметтік, мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты» жөніндегі тұрақты комиссия жұмысының есебі тыңдалды.
Сессия барысында аудан әкімі сөз сөйлеп, жыл басынан бері ауданымызда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асты. Сыр өңірімен бірге Қазалы ауданының экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалаптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Жылдың басында аудан бюджеті 18,9 млрд. теңгеге бекітілсе, биылғы жылдың 11 айының қорытындысымен 21,6 млрд. теңгеге жетті. 2025 жылдың 11 айы қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі – 114,1, өңдеу өнеркәсібі – 114,4, сауда – 101,1, ауыл шаруашылығы – 103,6, негізгі капиталға тартылған инвестиция – 109,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 127,3, тұрғын үй құрылысы – 110,5 пайызға артып, аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалаптасы. Ал, ауыл шаруашылығына келетін болсақ, ауыл шаруашылығы дихандары биыл 17 мың 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде толық жиналды. Жыл басынан бері Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Келешек мектебі», «Руханият» орталығы, жаңа прокуратура ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, Руханият сквері, Орталық алаң сынды абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізілген жаңа, заманауи нысандар аудан халқының игілігіне пайдалануға берілді.Ақтан батыр және Абай ауылдары көгілдір отынға қосылса, бүгінде Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, елді мекендеріне газға жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Президентіміздің тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен ауданымызда 1 медициналық және 4 ауыз-сумен қамтамасыз етуге арналған барлығы 5 жоба жүзеге асты. Аталған жоба аясында биыл аудандағы шалғай елді мекендер Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендеріне таза ауыз су жеткізілсе, денсаулық сақтау саласы бойынша аудандық көп бейінді орталық аурухана жанынан мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен кардиология және инсульт орталығы салынды. Ауданда бұқаралық спортты дамыту бойынша Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені мен Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жуық арада ғана Майдакөл ауылындағы ауылдық клуб ғимараты пайдалануға берілді. Биыл аймақ басшысының бастамасымен аудан орталығындағы 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, вокзал маңындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпіріде қайта салынуда. Келер жылға да Өздеріңіздің қолдауларыңызбен аудан халқының игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар жетерлік,» - деді аудан басшысы.
Сессия отырысында аудандық мәслихат депуттаттары ауданда 11 айда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Басқосу соңында аудан әкімі ел ішіндегі жасалып жатқан нәтижелі жұмыстар бірлесе атқарған жұмыстардың жемісі екенін айтып, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
Айта кетейік, 2026 жылға жалпы аудан бюджеті 13,0 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, оның ішінде аудан бюджетінің өз кірістері 4,3 млрд. теңге, субвенция көлемі 5,8 млрд. теңге, трансферттер көлемі 3,0 млрд. теңгені құрады.














