Шәкен ауылына су келді
Қазалы ауданындағы Шәкен ауылына ауыз су қосу рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.Облыстық мәслихат төрағасы аймақта Мемлекет басшысының ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты.
Рәсімде аға буын өкілдері, ауыз су жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Шәкен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзілхан Үмбетов сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді.Аймақта 2022 жылдан бері қолға алынған 14 млрд. теңгенің 60 жобасы тұрғындардың сапалы ауыз су пайдалануын қамтамасыз етіп, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашты, тұрмыс сапасын едәуір жақсартты. Өткен жылдың қорытындысымен облыс халқын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 98,6 пайызға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш 100 пайыз болмақ.














