Көтерген мәселе көп: шешім қандай?
Аудан ажары күн санап көркейіп келеді. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, кәсіпкерлік нысандардың саны артқан. Жол жөндеуден өтіп, көшелер асфальттануда. Сан саладағы серпілістің де жайы жаман емес. Дегенмен барлығы бірдей жақсарып, жүйе жүзеге аса бермейді. Аудан әкімінің жеке қабылдауында уәжін айтқан тұрғындар болды. Әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындардың өтініш-шағымдары ұдайы жолданып тұрады. Мұның барлығы жауапсыз емес, түйткілдің тінін тарқату үшін біршама қадамдар жасалуда.Тұрғындар тарапынан кенттегі Қазалы мөлтек, Қ.Жаймұратов көшелерін жөндеу, Нұртуған жырау мен Мұсатфа Шоқай көшелерінің қалған бөліктеріне асфальт төсеу және Халық мешіті аумағындағы бос аймаққа ойын алаңын салу секілді мәселелер көтерілген болатын. Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов осы шағымдар бойынша Әйтеке би кентіндегі көшелерді аралап, көтерілген мәселелермен танысты. Аудан басшысы аталған көшелерді аралау барысында Әйтеке би кентінің әкіміне тұрғындар көтерген мәселелерді нақты зерделеп, ұсыныстар беруді тапсырды.
– Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу, асфальттау жұмыстарына келер жылдан бастап басымдық беріледі. Жол инфрақұрылымын жақсарту – тұрғындар өмір сүру сапасын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі. Әр мәселе біздің бақылауымызда болады, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар Халық мешіті аумағындағы бос жатқан жерге балаларға арналған ойын алаңын салу мәселесі көтерілген. Аудан әкімі мұны демеушілік есебінен жүзеге асыруды қарастыру қажетін айтып, кент әкіміне кәсіпкерлермен байланыс орнатып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
А.АЙДАРҚЫЗЫ














