Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелерге сәйкес кент көшелерін аралады
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов азаматтарды жеке қабылдау барысында және әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен тұрғындардың өтініш-шағымдарына сәйкес, Әйтеке би кентіндегі бірқатар көшелерді аралап, көтерілген мәселелермен танысты.Тұрғындар тарапынан кенттегі Қазалы мөлтек, Қ. Жаймұратов көшелерін жөндеу, Нұртуған жырау мен Мұсатфа Шоқай көшелерінің қалған бөліктеріне асфальт төсеу және Халық мешіті аумағындағы бос аймаққа ойын алаңын салу сынды мәселелер көтерілген болатын.
Аудан әкімі аталған көшелерді аралау барысында Әйтеке би кентінің әкіміне тұрғындар көтерген мәселелерді нақты зерделеп, ұсыныстар беруді тапсырды.
Сонымен қатар, аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу, асфальттау жұмыстарына келер жылдан бастап басымдық берілетінін жеткізді. Жол инфрақұрылымын жақсарту – тұрғындар өмір сүру сапасын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтіп, әр мәселе аудан басшылығының бақылауында болатынын айтты.
Ал, Халық мешіті аумағындағы бос жатқан аумаққа балаларға арналған ойын алаңын салу мәселесі бойынша аудан әкімі бұл жұмысты демеушілік есебінен жүзеге асыруды қарастыру қажеттігін айтып, кент әкіміне кәсіпкерлермен байланыс орнатып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.














