Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос кездесу

Қос кездесу

Бала күнімде ақын Ынтызар Әбішевті бір рет көрдім. 5-6 сыныпта оқитын кезім. Тырнақалды туындылары аудандық «Ленин туы» газетіне шығып тұратын. Кейде осы басылымның «Әдебиет бетіне» Ынтызар ағамен қатар жарияланамыз. Ақынның ерекше жырларын тұщына оқысам да, өзін сырттай ғана білетінмін.
Бірде қалаға бардым. Ауылға қайту үшін автобус аялдамасына келдім. Сол жерде сұңғақ бойлы, сидаң денелі, ұзын плащ киген жас жігітті көрдім. Жанында – бір топ достары. Ауруханадан шығарып алып, ауылына жүргелі тұрғандарын сөз барысынан аңдадым. Достары өбектеп, асты-үстіне түсіп жатқан жігіттің есімін естігенімде, оның Ынтызар ақын екенін бірден білдім. Сонда оған деген жора-жолдастарының аса ыстық ілтипаттарынкөріп, ақынға деген шексіз құрметтеріне куә болған едім.
Біздің ауылда Айсұлу атты әппақ, сұлу қыз болатын. Медбике болып жұмыс істеді. Өзі менің үлкен әпкемнің құрбысы. Ағаның ең алғашқы жұқа жыр кітабын осы Айсұлудың қолынан көргенмін. Онда ару қызға деген сүйіспеншілік сезімінің ұшқыны жарқылдаған тілек сөздері жазылған еді.
Ынтызар Әбішев – өте талантты ақын, ерекше қаламгер, дара тұлға болды. Оның өлеңдері шыққан газеттің қиындыларын ұқыптап сақтап қоятынмын. Арада біраз жылдар өткенде ақынның өмірден өткенін естідім. Бірақ сол жарқ етіп жоқ болған бейне көз алдымнан көшпей қойды. Оның тұрысының, сөйлегенінің өзі ерекше болатын. Бойында бір көрген адамға ұмытылмастай әсер қалдыратын қасиеті бар еді. Ауылда талай ақын болды, талай талант иелері жарыққа шықты. Дегенмен Ынтызар Әбішевтің тұнжыраған күзгі бақтай, жұпар аңқыған көктемдей жыр әлеміндегі өрнек-айқышы айрықша еді. Өмірден ерте кеткен жас дарынның тағдырына аянышпен қарадым ба екен, іштей ақынды іздеумен жүріппін. Көз алдымда бала күнгі көрініс. Бір де бір рет көңілден өшкен емес, көкейден кеткен емес. Бұл не құдірет?!
Жылжып жылдар өтті. Ынтызардың аты ұмытыла бастады. Оның көзін көргендер өмірден озды. Ал тірілері бүгінде ақ сақалды қарияға,кимешекті кейуанаға айналды. Десек те, мен жарқ ете қалып, жоғалған бейнені көңіл төрінен іздеумен болдым. Егер мұрағаттардан іздесе, сол алғашқы жыр кітабы табылар ма еді, кім білсін?
Осыдан бірнеше жыл бұрын елге бардым. Қазалыда кітап фестивалі дүркіреп өтіп жатқан кез. Ашық аспан аясындағы кітап көрмелерін аралап жүріп, Ынтызар Әбішев туралы жазылған эссе кітапқа көзім түскені бар емес пе?! «Ағам өлмепті, бар екен, тірі екен!» деп қатты қуандым. Қолыма алып, бетін парақтадым, ақынның біршама табылған өлеңдері еніпті. Бірақ жоғалып кеткен жырлары қаншама!..
Іздеушілері бар екен-ау, қайран ақынның жігерлі рухы өлмепті. Құс қанатына жазылған өлеңдері еліне қайта оралыпты. Толқып отырып, Ынтызар ақынның өлеңдерін көріп, оқып, қуанғанымды дереу әлеуметтік желіге жаздым. Елден сүйінші сұрадым. Осыдан кейін көп ұзамай Алматыдағы үйіме салмағы ауыр сәлемдеме келді. Ынтызар ақынның өлеңдерін іздеп тауып, кітап етіп құрастырғанНұрсұлтан Мықтыбай бауырым дұғай сәлем жолдапты. Сәлемдеме жәшігінде елдің дәмі, ақынның кітабы бар екен. Сүйікті ақынымның кітабын қолыма алып, бетін парақтағанымда Ынтызар ағаның рухымен қайта қауыштым. Онда жастықтың көктемі, өмірге ынтызар көңілі, бөртегүлдің жұпар иісі, теңіз айдынындағы шуылдаған шағала үні, жарға соққан, ақ көбігі аспанға атылған асау толқын демі леп болып, ішкі дүниемді тағы бір шарпып өтті. Ынтызардың ашылмаған әлемі кітап парағына сіңіп қалған екен. Бірден жүрегіме тыныс болып жетті. Бұл ақынмен екінші рет кездесуім болатын.
Алла ғұмыр бергенде Ынтызар ақын ерекше қолтаңбасымен жыр әлемінде өшпестей із қалдыратын еді. Өзінің ғұмыры қысқа болатынын сезген екен қайран сезімтал жүрек... Ақынның тағы бір қасіреті – туған жердің топырағы бұйырмай, денесі Ялтада жерленіпті. Қырым топырағында қазақтың, Қазалының екі оғыланы қатар жатыр. Бірі – Ғани Мұратбаев болса, енді бірі – Ынтызар Әбішев. Екеуі де – тарихи тұлға. Кітапты құрастырған екеудің бірі – Нұршайық Әбдуәли бауырым да ақын атасының әруағын әспеттеуге қал-қадірінше күш жұмсапты. Екеуіне де мың алғыс! Ынтызар бабаларының жасамаған жасын, көрмеген қызығын көрсін.
Арада тағы бірнеше жыл өткенде мен өзіммен телефон арқылы тікелей байланыс жасаған Нұрсұлтан Мықтыбайдың адами тұлғасын тани бастадым. Оның бітірген тірлігін, жинақтаған жұмыстарын, сөз саптауын, іс-әрекетін сараладым. Онымен бір де бір рет кездесіп көргенім жоқ. Дегенмен ол – өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыра алған өте мықты азамат.

Шәмшия ЖҰБАТОВА,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
09 желтоқсан 2025 ж. 113 0

Берекелі жәрмеңке

09 желтоқсан 2025 ж. 119

Құрылыста қам қалай?

09 желтоқсан 2025 ж. 73

Су деңгейі бақылауда

09 желтоқсан 2025 ж. 33

Қос кездесу

09 желтоқсан 2025 ж. 114

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031