Аудан әкімі кәріздік насос станцияларының жұмысымен танысты
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі кәріздік жүйелердің жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, кент аумағында орналасқан кәріздік насос станцияларын аралап, олардың техникалық жай-күйі мен жұмыс процесіне қанықты.Қазіргі таңда Әйтеке би кентінде барлығы 4 кәріздік насос станциясы жұмыс істейді. Аталған нысандар 1983-1985 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл станциялар кенттегі тұрмыстық кәріз суларын жинап, арнайы насос арқылы кенттің солтүстік-батыс беткейінде 5,3 шақырым қашықтықта орналасқан сүзгілеу аймағына айдайды.
Аудан басшысы кәріздік инфрақұрылымның санитарлық және техникалық талаптарға сай болуы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті. Станциялардың тозығы жеткені байқалатындықтан, оларды жаңғырту және қайта жаңарту қажеттілігі туындап отырғаны айтылды.
Тексеру барысында жауапты сала мамандары кәріздік жүйелердің қазіргі жағдайы, техникалық жабдықтардың ескіруі, жөндеуді қажет ететін тораптар мен сорғы құрылғылары туралы баяндап өтті. Аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жүйені кезең-кезеңімен жаңарту бағытындағы жобалар әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, кәріз жүйесіне қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс тиімділігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу және экологиялық қауіпсіздікті сақтау бойынша ұсыныстар айтылып, бақылау күшейтілетіні жеткізілді.













