Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүл өсіру де өнер

Гүл өсіру де өнер

Айнұр ­Сембаева Қазалы қаласындағы «Ақерке» балабақшасында ересек топ тәрбиешісі. Он саусағынан өнер тамған жанның қолынан шыққан көркем дүниелер көздің жауын алады. Ісмер келіншек тігіншіліктен бөлек түрлі материалдардан қызықты дүниелер жасайды. Бөлме гүлдеріне деген қызығушылығы тіптен ерекше.
Бүгінде үйінің ішін гүлзар баққа айналдырған Айнұр Асанханқызының гүлге деген қызығушылығы 2002 жылы «Айгөлек» балабақшасына жұмысқа орналасқан сәтте басталған. Сондағы жайқала өскен гүлдерді көріп, сұлулыққа сүйсінген жан оларды қалай отырғызу керек, күтіп-баптау жолдары қандай деген сауалдарға жауап іздей бастайды. Іздене жүріп, «Гүлстан» атты журналдың барын біліп, жаздырып алып оқуды әдетке айналдырады.
– Әр гүл әртүрлі. Өзіндік ерекшеліктері бар. Бірі күн сүйгіш болып келсе, енді бірі күн көзіне көп шыдамайды. Біреуіне суды молырақ құю керек болса, келесісі біраз уақыт су іздемейді. Бұны білмесең, гүлді қуратып алуың әбден мүмкін. Бірнеше мыңдаған гүл бар. Аттары да сан алуан. Әсем гүлдер үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие. Гүл ерекше күтімді қажет етеді. Қарапайым үй жағдайында гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жақсы білген жөн. Әсіресе қыстың келуімен бөлме өсімдіктерінің көпшілігі ауырады және солады. Әр өсімдікке жекелей қарап, көмектесу керек. Алайда төмен ылғалдылықтан және ауа температурасының түсуінен барлық бөлме өсімдіктері бірдей ауырады. Оны қалай өсіру керек, қаншалықты жарық, жылу керек? Осы сынды түрлі сұрақтарға жауапты «Гүлстан» журналынан алдым, – дейді Айнұр.
Гүл өсірушінің айтуынша, фикус – ең көп таралған бөлме гүлі. Оның 1500-2000-ға жуық түрі бар. Бұл гүл бөлмедегі көмірқышқыл газын жұтып, оттегіні бөледі. Сондай-ақ бөлме ішін ылғалдандырып, уытты заттардан тазартады. Жапырақтары арқылы бөлме ішін шаң-тозаңнан сақтайды. Оттегіні күндіз бөліп, түнде жұтатын қабілетке ие фикусты жатын және балалар бөлмесіне қоймағаныңыз абзал. Мамандар фикусты ас бөлмеге немесе терезесі тас жолға қарайтын бөлмелерге қоюға кеңес береді. Жылдың барлық мезгілінде бірқалыпты суару қажет. Суаратын судың бөлме температурасы деңгейінде жылы болғаны ләзім. Жапырақтарын дымқыл матамен сүртіп тұру керек. Ол фикусқа ылғалдылық беріп әрі жапырақтарын шаңнан тазартады. Ұсақ жапырақты фикустарға су бүркіп тұру қажет. Фикустың барлығы шіріген көң мен құнарлы топырақты ұнатады. Көктем кезінде топырағының беткі қабатын тазалап алып, жаңа топырақ салып тұрған абзал.
Отыздан астам бөлме гүлін баптап отырған Айнұр:
– Расында, бүгінде үй жағдайында гүл өсірушілердің қатары артып келеді. Дегенмен бөлме гүлдерінің ішінде улы гүлдер де бар. Мәселен, диффенбахия – улы өсімдік. Сыртынан қарағанда, үш өлшемді сары-жасыл жапырақтары гүлді өте әдемі етіп көрсетеді. Бірақ бұл гүлдердің жапырақтарының шырыны адам мен жануарлар үшін өте зиян. Диффенбахия шырыны ішке түскен жағдайда тері тітіркеніп, күйіп қалуы мүмкін,– деген кеңесімен бөлісті.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
07 сәуір 2020 ж. 1 344 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 58

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930