Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақтың бабын білген

Бақтың бабын білген

Дарияның арғы бетінде қоныс тепкен Абай ауылынан Қазалы қаласына келе жатқанда жолдың оң қапталындағы ну ормандай жап-жасыл алқапты көрмей қалуыңыз мүмкін емес. Еріксіз назар аудартатын тал-теректерге қарап, «тамаша табиғат деген осы болар» деп таңдай қағасыз. Бұл жерді көркейтіп, көктетіп отырған бағбан – Бердалы Әбдіраман.

Үйінің алдындағы бір гектар жерді әкесі Құтмамбет көзінің тірісінде алып беріп кетіпті. Әкеден мұра боп қалған жерді ұлы баптап, жайқалтып отырған жайы бар. Отбасындағы он екі баланың ортаншысы Бердалы Құтмамбетұлы бала күнінен еңбекке жақын өсіпті. Еті тірі, кез келген істі іліп әкететін жанның бағында тал-теректен бөлек жеміс-жидектің түр-түрі бар.
Шиесі әні-міне жеміс бергелі тұрған бақтың мына басынан арғы басына дейін аралатып, бізге төккен терінің нәтижесін таныстырған Бердалы аға: «Баптай білсең, жер жомарт». Біздің Қазалының топырағы құнарлы. Не ексең де, шығымы болады. Бастысы, бап пен күтім қажет»,– дейді.
Осыдан он сегіз жыл бұрын бақ өсіруді қолға алған бағбан алғашында бірыңғай теректерді отырғызған. Бүгінде бес жүзден аса терек жайқалып тұр. Бертін келе жеміс-жидектер еге бастайды. Жыл сайын шие, сары өрік, қара өрік, абрикос, алма, алмұрт сынды жемістер өнім беруін көбейтіп келеді. Бақтың шеткі жағына жағалай отырғызылған жидектер биылда түйнексіз қалдырмайтынына бағбан сенімді.
– Әкем Құтмамбет қазіргі Қазалы аграрлы-техникалық колледжде, анам Өтегүл сол уақыттағы кірпіш зауытында еңбек етті. Он екі баланы өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Өсірді, оқытты. Қазір барлығы бір-бір шаңырақтың иесіне айналды. Алматы, Шымкент, Қызылордада тұрады. Жаз мезгілінде қара шаңыраққа келгенде осы бақтың ішінде демалып, табиғи өнімдерді жеп, рахаттанып қалады. Тіпті өзге қалада тұратын сыныптастарым да туған жерге той-томалаққа жиналса, қыдырып келсе, біздің үйге соқпай кетпейді, – дейді Бердалы Әбдіраман.
Расында, еңбекқор жанның қонақжай­лылығы көрініп-ақ тұр. Ағеден аға ішіндегісін ақтара сөйлеп, алдағы жоспарларын да бөлісе кетті.
– Анау көріп тұрғаныңыз менің екінші бағым. Ол да бір гектар жер. Жуырда алдым. Ондада көшеттер отырғызып, көркейту-көгалдандыруды бастап кеттім. Қазіргі таңда алты жүз түп отырғызылды. Оларды Түркістан, Жамбыл өңірлерінен алдырдым. Өзімнің бағымдағы жеміс-жидектер мен тал-теректерді де қатар ектім. Ол жаққа аяқ су бармайды. Арнайы су айдау құрылғысын сатып алғанмын, сол арқылы суарамын. Малдың таптап өтуінен, көкті жеп кетуінен қорғап, қоршау жасадым, – деген бағбанның қимылы ширақ.
Оның мәнісін кейін білдік. Бердалы аға таңертең бесте тұрып, жүгіреді екен. Күні бойы тыным таппай еңбек ететін жан анау-мынау ауруды елемейтін көрінеді. «Ауырдым десең, ауру меңдеп алады. Адам үнемі қимыл-қозғалыста болып, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі керек», – дейді ол.
Қолы ашық жанның сұрап келгендерге көшетті тегін тарататын жомарттығы да бар.
– Егемін, өсіремін деп тұрған адамға неге бермеске. Туған жердің түлегені, таза ауада тұрғындардың тыныстағаны маған қуаныш сыйлайды. Біз бір қалада тұрамыз. Бір үйдің адамындаймыз. Сондықтан мен көшетке келгендерге қуанбасам, қолын қақпаймын, – дейді Бердалы бағбан.
Кейіпкеріміздің біз көрген бақтан бөлек шарбағында бақшалық жері бар. Онда қызанақ, қияр мен асқабақ, тағы басқа көкөністерді егеді. Қорасында бірнеше сиыр ұстайды. Жары Гүлзада сиыр сауып, айран пісіп, құрт жасайды. Жеміс-жидектерден түрлі тосап дайындайды. Қолдағы барды ұқсатып, шашау шығармай, табыс көзіне айналдыра білген жан. Бұл отбасында бір қыз, екі ұл дүниеге келді. Қыздары Гүлназ орта мектепті үздік, медициналық колледжді қызыл дипломмен бітірген. Уиверситеттен «Логопед» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ал ұлдың үлкені Ислам Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте. Ол да сабақты жақсы оқиды. Спортқа жақын. Баскетбол ойнағанды ұнатады. Ал кенже бала Ақтан «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі.
– Аға, мына бақтарыңызға атау бермейсіз бе? деген саулымызға Бердалы аға тосылып қалмады.
– Әрине, ол – ойда жүрген дүние. Екі бақты екі ұлымның атымен атасам деймін. Балаларымды осы бастан еңбекке баулып келемін. Үлкенім көшет отырғызудың, бақша баптаудың қыр-сырын әжептеуір үйреніп қалды, – дейді бағбан.
Қаладағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын Бердалы Құтмамбетұлы кезінде жастармен бірлесіп, қаланың көркейіп-көгалдануына, тазалығана қосқан үлесі үшін бірнеше рет марапатталған. Қазір де туған өлкенің гүлденуіне атсалысып келеді. Қазалы қаласы әкімдігі қолға алған бақ өсіру жұмысы осы кісіге тапсырылыпты. Бүгінде қала шетіндегі бір гектар жерді жасыл-желекке айналдыру мақсатында бірнеше азамат таңнан кешке дейін еңбек етуде. Бұйырса қолы алтын бағбанның тағы бір бақты жайқалтқанының куәсі болып қалар күн алыс емес.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 шілде 2024 ж. 270 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031