Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев құттықтау сөз сөйлеп, құрылыс саласының маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде құрылысшылардың ел игілігі жолындағы еселі еңбегін ерекше атап өтіп, олардың қолтаңбасы ауданның әрбір нысанында, әрбір көшесінде сайрап жатқанын жеткізді.
Салтанатты сәтте сала үздіктеріне аудан әкімінің міндетін атқарушының «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен қатар, көп жылғы еңбегімен ерекшеленген құрылыс саласының ардагері Елубай Аңсатбаев Қазалы ауданының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Мерекелік жиын шынайы құрмет пен жылы лебізге толы сәттермен өрілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті құрылысшы Оразғали Бекпанов пен сала ардагерлері құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың еселі еңбегі ел игілігі үшін екенін атап өтті. Сонымен қатар игі бастаманың ұйытқысы болған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Шара соңында Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік кеш шын мәніндегі құрмет пен қуанышқа толы сәттермен түйінделді.
Бекзат АСАН