Кітап қамқоршылары құрмет төрінде

– Бір қарағанда кітапханашының жұмысы жеңіл, қарапайым көрінеді. Жасыратыны жоқ, санамызда «кітапханашылардың жұмысы таза, тыныш» деген пікір қалыптасқан. Алайда, мыңдаған кітапты сорттау, оқырман іздеген дүниені қас-қағым сәтте тауып беру, қордың тізіміне енгізу сияқты бітпейтін әрі жауапты тіршілік екенін біз жақсы түсінеміз. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген сіздердің мамандыққа адалдықтарыңыз білім саласының жетілуіне үлес қосып келе жатқаны да әмбеге аян. Биыл алғаш рет кітапханашылар мерекесін тойлап отырмыз. Ендігі жылдары Сіздердің де мәртебелеріңізді белгілеп, табыстарыңызды арттыратын құжаттар жарық көреді деген үміт-тілегіміз бар.
Меншікті мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, толағай табыс, мықты денсаулық, қайрат, жігер тілеймін, құрметті кітапханашылар, – деді Әділхан Жөлекешов.
Бұдан кейін марапаттауға кезек беріліп, облыстық білім басқармасының алғыс хатымен 15 кітапхана қызметкеріне Алғыс хат табысталды. Олардың арасында 36 жылдық еңбек өтілі бар №24 мектептің кітапханашысы Рабиға Ермахан, кітапқа қамқорлық етіп жүргеніне биыл 30 жыл толған №182 мектеп қызметкері Закира Қоңырбаеваға ерекше құрмет көрсетілді. Сонымен бірге 20-ға жуық сала қызметкері аудандық білім бөлімі басшысының ыстық лебізі мен Алғыс хатына ие болды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ