Мамандығыммен мақтанамын
Кітап – біздің рухани құндылығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, кітапханадан табамыз. Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы алтын көпір.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашының еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген жандар ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырады. Ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, парасатты кітапханашылардың орны да өзінше бір бөлек. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Біздің барлығымызға да ортақ міндет – әрбір оқушының өзінің керек кітабын тауып қажет ақпараттармен қамтамасыз етіп, өзіндік тұлғасын қалыптастыруына жағдай жасау. Кітапханада күн сайын жаңалыққа толы сәттер, жаңа келген газеттер, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқушылар бізден керек кітаптарын алып қана қоймай, сонымен қатар өздеріне керекті кең мағлұматты кітапханашыдан алып жатады.
Терең білім мен қатар сапалы тәрбие беру – әрбір парасатты кітапханашының абыройлы борышы. Осы борышты мен Ыбырай Алтынсарин атындағы № 204 орта мектебінің кітапхана меңгерушісі болып 2017 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келемін. Мектебіміздің кітапханасы шағын болғанмен, атқаратын қызметі үлкен. Мұнда оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жазғызып алып отырады, білімдерін толықтырады. Кітапханада түрлі іс-шараларға көрмелер, стендтер және альбомдар ұйымдастырылады. Сондай-ақ кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптарды қабылдап, кітап қорымен жұмыс жасап, оларды оқырмандарға насихаттап таныстырамыз.
Мектеп кітапханашысы – педагогикалық іс-әрекетке тікелей қатысушы мен тәрбиеші және ұстаз. Сондықтан да жаңашылдық қызметке қабілетті, азаматтық жауапкершілігі мол, зиялы, рухани қасиеттерге бай тұлға болуы заңды. «Мектеп ктіпаханашысы – кітапхана қызметіне және оның қызметін жоспарлауға жауапты тұлға. Ол – өз қызметін ұжым мүшелерімен ынтымақтастықта жүзеге асырушы және көпшілік кітапханалармен және басқа мекемелермен қарым-қатынас орнатушы кәсіби тұрғыда дайындалған мектеп ұжымының мүшесі», – деп түйінделген.
Мен кітапханашы болғаныма мақтанамын. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – кітапханашы мамандығы. Менің түсінігімдегі кітапханашы – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші.
Жаңа заман талабына ілесу – әр кітапханашының міндеті деп білемін. Шәкірт санасына зор ілім құяр кітап мекені кітапхана болса, кітапханашы – тілімізді, дінімізді, рухани байлығымызды насихаттаушы мамандық дер едім. Кітап – адамгершіліктің қайнар көзі, адамзаттың рухани байлығы, өмір айнасы, өнер-білім бұлағы, оқу-тәрбие құралы.
Кітап – сегіз қырлы, терең сырлы тәрбиеші, ұлы үйретуші. Сондықтан кітапты көп оқу керек. Оның өзі ескіргенімен, сөзі ескірмейді.
Ұлдана АҚБАЙ,
Ы.Алтынсарин атындағы № 204 орта мектебінің
кітапхана меңгерушісі