Менің таңдауым
Бүгінгі дамыған замандағы жастармен кітапты байланыстыратын көпір – кітапхана. Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпараткөздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады.
Ол біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті және басқа ғылым кереметтерін де кітаптан табамыз.
Рухани білімнің, мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін кітап деген құдіреттен тапты. Кітап араб тілінде «жазу қоймасы» деген мағына береді. Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған XXI ғасырда да бәрінің бастау алар қайнар көзі – кітап болып қала бермек. Қазіргі таңда кітапханалар заман талабына сай жұмыс жасап, ғаламтор жүйесіне қосылған. Өткізілген іс-шаралардың барлығы ақпарат беттерінде жарық көреді. Осы ақпараттар арқылы әріптестеріміздің тәжірибесімен танысып отырамыз.
Мамандық таңдау – өте жауапты іс. Алдағы өміріңнің ойдағыдай қалыптасуы да таңдаған мамандығыңа, оны қалай атқаратыныңа байланысты. Бүгінгі күні мен №170 мектеп кітапханасында өз мамандығына шынайы берілген жандармен бірге қызмет атқарамын. Жұмысымыздың басым бөлігі ілім іздеген балғындармен өтеді. Олардың жүзінен шаттықты қуанышты көру, күміс күлкілерін есту, кітап сөрелерінің арасынан томпаңдап жүріп, қолдарындағы кітап беттерін парақтап ашып мәз болғандарын көру – мен үшін үлкен бақыт. Балалардың бал қылығын қызықтап, кітапқұмарлығына сүйсіне отырып, мамандығымның өте қажетті, қастерлі екенін ұқтым. Менің оқырмандарым – менің қуанышым.
Мен өз кәсібімді мақтан тұтамын. Оқырмандарыма қаншалықты қажет болсам, олар да маған соншалықты керек екенін жақсы білемін. Жүздеген мамандықтың ішінен кітапханашы ісін не үшін таңдады десеңіздер... Оған себеп кітап беруші адамның халыққа білім жарығын сыйлауы кітап арқылы оқырманның мазасыз ойдан арылып, күдіктен сейіліп, ләзаттың шынайы сәттерін сездіре алатыныма сенімдімін.
Махаббат ДҮЙСЕНОВА,
№170 орта мектептің кітапханашысы