Сапалы өнім сұранысқа ие
Бүгінде аты республикаға таныс «РЗА» акционерлік қоғамы сонау 2000 жылы білікті де, білімді басшы Самұрат Жұманұлы Имандосовтың ықпалымен құрылған болатын. Содан бері үдемелі дамып, жыл өткен сайын материалдық-техникалық базасы нығайып, азық-түлік өнімдерін өндіру мен халыққа қызмет көрсету аясын барынша кеңейтіп келеді.
«РЗА» АҚ Сыр аймағындағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік базасы жұмыс жасайтын жеке темір жол тұйықтары мен жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері бар бірден-бір мекеме.
«РЗА» АҚ-ның негізгі саласы – құрылыс-монтаж жұмыстарын атқару болғанымен, қазіргі нарықтық қатынастар талабына сай ауылшаруашылығы саласымен, яғни дәнді дақылдар егу және төрт түлік мал өсіріп, өнімдерін өндіріп, өңдеп, тұтынушыларға ұсыну бағытында айтарлықты істер атқарып келеді. Сыр өңірінің солтүстігінде қоныс тепкен Қазалы ауданына сырттан инвесторлар келмесе де «РЗА» АҚ агроөнеркәсіп кешенінің дамуына өзінің қомақты үлесін қосып, тек қана қазалылықтар емес, бүкіл сырбойлықтардың ризашылығы мен құрмет-қошеметіне кенелуде.
Акционерлік қоғам құрамына кіретін бір ғана серіктестікті сөз етер болсақ, 1996 жылдан бері тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан «РЗА-Нан» серіктестігі нан және кондитерлік өнімдер өндірумен айналысады. Бертін келе «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Жұманұлы цехты жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтап, Еуростандартқа сай жұмыс істеуді мақсат етеді. Цех жұмысшы мамандарының білімін өндіріс кезінде жетілдіруді қолға алады. Тәжірибелі маманның бағыт-бағдарымен өндіріс өркендеп, алға өрлейді. Жаңашылдыққа бетбұрыстың арқасында цех заманауи құрал-жабдықтармен толығып, нан мен кондитерлік өнімнің бірнеше түрі шығарыла бастады. Құны 21 миллион теңге тұратын «Jaf Partners» компаниясымен еуропалық стандартты «Revent» чех нан пісіру пеші орнатылып толық іске қосылды.
Бұнда жоғары сұрыпты ақ нан, екінші сұрыпты бидайдан дайындалатын нан, президентский, бородинское, бөлке, батон нандары мен француздық багеттер, бублички, лепешка мен плетенкалар, пряниктің екі түрі, коржик, лакомка, блины, кекс, жеті түрлі печенье, пирог, пирожный, бисквит дайындалады. Сондай-ақ мерекелік торттарды да осы цехтан таба аласыз. Өнімнің салмағы мен сапасы мемлекеттік стандартқа сай дайындалады. Нан өндіру барысының әрбір қадамында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және құндылығына қойылатын санитарлық және гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Шығарылатын нан және кондитерлік өнімдер ЕАС кеден одағы сәйкестік туралы декларациясымен сертификатталған. Цехта ауысым уақытымен 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшы-қызметкерлерге арнайы асхана, жуынатын бөлме, жұмыс киімі толық қарастырылған. Жылына кем дегенде екі-үш мәрте міндетті санитарлық тексеруден өтеді.
«РЗА-Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Сақытжан Бисембаев, серіктестіктің нан және кондитерлік өнімдері технологы Мирамкүл Абдықаниева, ет және шұжық өнімдері технологы Нұрбек Жұлдызбаев.
Ал шұжық өндіру цехы 2006 жылы құрылған. Онда еттен 15 түрлі ет және шұжық өнімдері өңделіп, шығарылады. Жартылай қақталған «Краковская», «Шашлычная», «Салями», «Зернистая», «Мусулманская Особая», «Мусулманская Сервелат», «Мусулманская Печеная», пісірілген «Чайная», «Докторская», «Сосиски», «Сардельки», «Ливерная» және түшпара, котлет дайындалады. Өндіру қуаттылығы тәулігіне 2 тонна толықтай еуропалық құрал-жабдықтармен жабдықталған цехта ауысым бойынша 5 адам тұрақты жұмыс істейді.
Серіктестік жыл сайын мемлекеттік сатып алуда конкурстарға қатысып, Қызылорда қаласына, Қармақшы, Байқоңыр, Қазалы, Арал аудандарында орналасқан аурухана, балабақша, мектеп мекемелерін ет және нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА