Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазды ұлықтаған ұлт озады

Ұстазды ұлықтаған ұлт озады

«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген жолдар жай ұйқас үшін құрылған емес, жер бетіндегі ең жауапты, мәртебелі мамандық иелеріне деген құрметтің айқын көрінісі. Ұстаздар күні қарсаңында ауданда білім саласына айтулы үлес қосып, жас ұрпақты тағылымды тәрбиемен сусындатқан Кенжеқара Тынымбаев пен Бибіқатша Оспанованы еске алуға арналған ауқымды шара өтті.
Қос ұстаздың талай жыл тер төккен білім ошағы, ғасырдан астам тарихы бар қарашаңырақ Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп базасында ұйымдастырылған шараға аудан мектептері оқушылары қатысты.
Кенжеғара Тынымбаев 1929 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтының түлегі еңбек жолын 1949 жылы №67 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып басайды. 1959 жылы Қазалы станциясындағы №67 орта мектебіне биология және химия пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 1960 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының бірінші орынбасары болып қызметке етеді. 1962 жылы ұстаздық қызметіне қайта оралып, өмірінің соңына дейін №420 орта мектепте шәкірт тәрбиелейді.
1980 жылы 19 маусымда 51 жасқа қараған шағында дүниеден өтеді.
Бибіқатша Оспанова 1931 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген. Алматы қаласынедағы Қазақ гуманитарлық университетінің химия-биология факультетінде, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтында білім алған.
Саналы ғұмырында еңбек жолы бастаған №420 мектепте зейнет демалысына шыққанға дейін химия-биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. 1956 жылы Кенжеғара Тынымбаевқа тұрмысқа шыққан.
Өнегелі отбасыда өмірге келген төрт баладан бүгінде он екі немере, он бір шөбере өрбіп отыр.
Қай кезде де қоғам осынау мамандықты ең мәртебелі санаған. Біз сөз етіп отырған абзал жандардың еңбектері еленіп, шәкірттері биік белестерді бағындырған.
Ұрпақтар сабақтастығын ұғындыруға арналған шараны Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп директоры Төребай Шермаханов құттықтау сөзімен ашты.
«Бұл білім ошағы 106 жылдық тарихында Қазақстанның тұңғыш Халық Қаһарманы Роза Бағлановадан бастап, талай академик, елге белгілі тұлғаларды түлеткен мектеп. Осындай ұлт ұстыны, халық қалаулысы болған зерделі шәкірттерді дайындайтын ұстаханаға айналған орында бүгін есімі елге мәлім Тынымбаевтар сынды өз ісінің мақтаулыларының үлгілі үлесі, сайраған жолы жатыр.
Ұлағат иелерінің өнегесі жас ұрпаққа дарысын!» – деді.
Мұнан соң сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Жауқазын Бертай да ұстаздарды кәсіби меркесімен құттықтап, жарыс қатысушыларына сәтті қадам тіледі.
Қалдырған ізі мәңгілік
Ы.Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген мағыналы сөзі бар. Қалдырған ізі мәңгілік шәкіртінің жадында жаңғырып тұратын есімге айналу ұстаз үшін үлкен бақыт.
Мұғалімдер мен оқушылар қатысқан кездесу кешінде жауапкершілік жүгін қаймықпай көтерген өнегелі өмір иелері туралы есті естеліктер айтылды.
Шәкірті, денсаулық саласының ардагері Бағдагүл Қаниева ұстаздарымен өткен мезетті былай деп еске алды.
««Ақырын жүріп, анық бас» деген Абай ақынның керемет жолдары бар. Сол өлең оқылса, көз алдыма Кенжеғара ағай келеді. Толқын шашты, орта бойлы, жылы жүзді ағай биологияны бізге өмірмен байланыстырып түсіндіргенде, оңай ұғынатынбыз. Сол бастау кейін өзім таңдаған медицина саласында да айтарлықтай көмегін тигізді.
Ал, Бибіқатша апайдың талапшылдығы, табандылығымен астасқан мейірімін әлі ұмытқан жоқпыз», – деп толқыныспен сөйлесе, жауапкершілігі жоғары мамандық иелері туралы Мария Ержанова да ізгі пікірін білдірді.
«Қазір қарап отырсақ, Кенжеғара ағай өмірден тым ерте кетіпті. Бұл адам өмірінің биологиялық жаспен емес, ізгілікті ісімен өлшенетін ұғындырады. Келте ғұмыр шәкірттерге ұялатқан тәлім-тәрбиемен кемелденіп, есімі бүгінге дейін ұмытылмай жалғасып отыр. Олардың жолы бүгінгі жас ұстаздарға үлгі», – деді.
«Жақсы ұстазға шәкірт болудың өзі үлкен бақыт. Ағай да, апай да, шын мәнінде, өз мамандарына берілген жандар еді. Жас маман болып, жұмысқа алғаш тұрғанымда, бұл кісілердің тәлімін алған жанның бірі менмін. Апай химиялық есептерді шығарудың хас шебері болатын. Қолы босай қалса, зертхана бөлмесінде қолына қағаз алып, есеп шығара беретін. Қоғамдық істерге де белесене кірісетін. Ақылшы дос, ардақты анамыздай болды. «Жақсының аты өлмейді» деген жолдарды осындай жандарға айтатын шығар», – дейді ардагер-ұстаз Жазық Оразымбетова.
Қос ұстаздан білім алып, өзі де сол жолды жалғап келе жатқан Ділдәбек Айтмамбетов те жылы естелігімен бөлісті.
«Қазір репетитор деген мамандық иесі бар. Ата-анамыз сол жұмысты ақысыз, жан рахатымен атқарды деп анық айта аламын. Еңбектері ақталып, білім берген балалары ұдайы хабарласып, құрмет көрсетіп жататын. Анам өмірінің соңына дейін шәкірттерінің қамына өз балаларынан кем алаңдаған жоқ.
Соңғы күндерінің бірінде мені шақырып алып: «Ардақ, сен Бағиланы тауып алшы. Ол химия ғылымдарының кандидаты болып жатыр. Мен оған ұстаздық лебізімді айтуым керек», – дегені бар. Ол өтініш орындалмады. Алайда анашым өміріне бағыт берген оқушысы Бағила Бекетова бұл күнде өзі осы жолды абыроймен жалғап, білімнің шырағын жаққан Қазақстанға белгілі ғалым. Өмір жалғасып жатыр деген осы емес пе?» – деді қызы Ардақ Тынымбаева
Ұрпақтары Дархан Кенжеғараұлы мен Айнұр Тайғарақызы ұйымдастырушыларға алғыс айтты. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Болат Ақтанұлы жырдан шашу шашты. Немересі, Алматы энергетика және байланыс университетінде еңбек ететін техника ғылымдарының РҺd докторы Аңсаған Кенжеғараева білімнің қоғамдағы орны, әжесі Бибіқатшаның өзіне берген тағылымды тәрбиесі туралы сөз қозғады.
Басқосу адамдықтың ең асыл қасиеттерінің бірі – ұстаздықты ұлықтаған ұлт озатынын ұғындырды.
Білім бәсекесінде бағы озды
Кенжеғара Тынымбаев пен Бибіқатша Оспанованы еске алуға арналған шараның негізгі бөлігін 8-9 сынып оқушылары арасындағы аудандық олимпиада құрады.
Химия пәні бойынша олимпиадалық тапсырмаларды орындаған 8 сыныпоқушылардың арасынан жүлделі бірінші орынды Эльмира Сыдықованың шәкірті, №249 мектеп-лицей оқушысы Аяжан Айбекқызы жеңіп алды. Екінші орынға №288 орта мектеп оқушысы Асылан Жарасхан мен №170 мектеп оқушысы Айзере Нағашыбай ие болды. Жетекшілері Алтын Қонысбай мен Әсем Ізбасова. Үшінші орын Динара Жәлелова, Камшат Өтебалды, Мөлдір Жанұзақова дайындаған №90, 165, 24 мектеп оқушылары Мөлдір Мейрамбекқызы, Кәусар Ерғазы, Бейбарыс Боханбайға бұйырды. Сондай ақ Камила Берденова, Бекжан Жасан, Нұрахмет Болат, Айрау Сұлтан, Айару Мәлікова есімді қатысушылар алғыс хаттарға ие болды.
9 сыныптар арасындағы сын да тартысты өтті.
Білім жүйріктері жарысында шашасына шаң жұқтырмаған №24 орта мектептің оқушысы Дильназ Іздік топ жарды. Жетекшісі – Роза Сансызбаева. Екінші орынға №170, 70 мектеп шәкірттері Гүлмира Ікматулла мен Толғанай Таңбай лайық деп танылды. Жарысқа дайындаған пән мұғалімдері Әсем Ізбасова мен Раушан Бердібекова. Үшініші орынды №249 мектеп-лицей, 92, 102 мектептен келген Назерке Жайылхан, Сандуғаш Сақыбай мен Бағжан Сағидулла өзара бөлісті. Жетекшілері Қарлығаш Сейталиева, Эльмира Әбдіғаппарова, Гүлзат Жолдыбаева.
Аружан Жеңісбекқызы, Гүлназ Бақтыбаева алғыс хатпен марапатталды.
ҚазақКСР халық ағарту ісінің озық қызметкерлерін еске алуға арналған бағдарламада шахматтан аудандық турнир ұйымдастырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ оларды жарысқа әзірлеген мұғалімдерге ұйымдастырушылар мен Тынымбаевтар әулеті атынан дипломдар, қаржылай, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
07 қазан 2025 ж. 127 0

Жол сапасы бақылауда

07 қазан 2025 ж. 116

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031