Фракция отырысында Жолдау жүктеген міндеттер қаралды
Бүгін аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысында Мемлекет басшысының Жолдауынан жүктелген міндеттер қаралды.Фракция жетекшісі, аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев күн тәртібіндегі негізгі мәселе, яғни «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдаудың бағыттарына тоқталып өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Онда елдің ілгері дамуы үшін инновацияларды енгізу, цифрландыруды тереңдету, жасанды интеллектіні дамыту, ірі инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығын қолдау және аграрлық экспортты дамыту сияқты маңызды міндеттер айқындалды. Президенттің жаңа бастамалары – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар. Сондықтан «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдаушы саяси күш ретінде Жолдау жүктеген міндеттердің іске асуына белсене қатысатын болады», – деді Нұрғиса Жаппарбергенұлы.
Жиында қаралған екінші мәселе партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өңірлік Жол картасындағы ауданға қатысты іс-шаралардың ағымдағы жылдың 8 айы бойынша орындалу барысы және орындалмау қаупі бар шаралар туралы болды. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары, сайлауалды бағдарламаны ауданда іске асыру жөніндегі жұмысшы топ жетекшісі Мұрат Әбсұлтанов хабарлама жасады.
Отырыста фракция мүшелері атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты бірқатар сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен бірге кейбір шаралардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін қосымша бақылау тетіктерін енгізу қажеттігі айтылды.
#AMANAT














