Елімізде ата-аналар баланың қандай әрекеті үшін жауапқа тартылады

Бүгінде заң бойынша кәмелет жасқа толмаған баланың әрекеті үшін ата-анасы немесе заңды өкілі жауап береді. Ал құқық бұзушылық жасалса, айыппұл салынады, қамауға алынуы да мүмкін. Sputnik Қазақстан ата-аналар жауапкершілігіне қатысты заңның негізгі нормаларын ұсынады.
Айыппұлдың көлемі қандай
Қазақстанда ата-аналардың жауапкершілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында бекітілген. Онда кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, білім беру, құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін нақты жаза қарастырылған. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-аналар да жауапқа тартылады. Ал жаза құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді.
10 АЕК (2025 жылда – 39 320 теңге) көлемінде айыппұл:
мектептегі сабаққа себепсіз қатыспау;
баланың ұстамсыз және бақылаусыз әрекеті;
жасөспірімнің құқық бұзушылыққа қатысуы.
Ал осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың көлемі 15 АЕК-ке (2025 жылда – 58 980 теңгеге) дейін өседі. Баланың ата-анасы немесе заңды өкілі 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы да мүмкін. Ондай жаза бала мүлдем бақылаусыз және полицияның ескертуі еленбей жүрген жағдайда қолданылады.
Бала есірткімен ұсталса, не болады
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте балаға қатысты ауыр құқық бұзузылықтар да көрсетілген. Олар:
кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуы;
қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуы;
қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауы.
Осы әрекеттер үшін 20 АЕК (2025 жылда - 78 640 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бірақ сот баланың ата-анасын немесе заңды өкілін 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға шешім шығара алады.
Жалған хабарлама үшін қандай жаза қарастырылған
Қазақстанда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама беру фактілер жылда тіркеледі. Ал ондай хабарлама беретіндердің арасында кәмелет жасқа толмаған балалар аз емес. Мәселен, сәуір айында 8-сынып оқушысы ойын-сауық орталығында жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама берген. Жасөспірім өз кінәсін мойындап, бұған дейін де осындай жалған хабарлама жасағанын растады. Атап айтқанда, 26 ақпанда ол Садчиков мектебінде бомба бар деп хабарлаған.
Ондайда полиция Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғайды. Сонымен қатар ата-анасының үстінен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал жинақталады.
"Террористік актілер туралы жалған хабарлама таратқаны үшін 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал 14 жасқа толмаған жағдайда балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - дейді полицейлер.