Whatsapp-та жақындарының атынан ақша сұрайтын кибералаяқтар көбейді
Whatsapp желісінде танысыңыздан, әріптестер-достарыңыздан атынан "Шотыңда 140 мың теңге бар ма? Мен екі сағатта қайтарамын", “280 мың теңге бере аласыз ба?" деген хабарлама жазатын алаяқтар көбейген. ӨСоңғы уақытта әлеуметтік желіні толық бақылауына алған хакерлар халықты сан соқтырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com

Киберқылмыскерлердің арбауына түсіп қала жаздаған жанның бірі – Мадина Дәуренқызы. Алаяқтар бойжеткеннің Whatsapp желісін бұзып, туған-туыс, таныстарынан қарызға қомақты ақша сұрай бастаған. Осы сәтте күтпеген хаттамадан күмәнданған жақындары бірден қоңырау шалып, мән-жайды біле бастаған. Ал Мадинаның өзі о баста не болып жатқанын түсінбедім дейді.
“Басқа адамдар менің атымнан ақша сұрады. Маған Whatsapp-тан хабарламалар келмей қалды. Ол өздігінен басқарылып отырды. Маған естілмес үшін басқа адамдарды архивқа тығып отырған. Маған жақындарым қоңырау шала бастады. “Сенде қандай жағдай болды”, “Неге осындай мөлшерде ақша керек болды” деп сұрады. Ол мен емес дедім”, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Мадина Дәуренқызы.
Қазақстандықтарға Zara мен H&M қораптағы киімдерін сатып алуды ұсынады: Желіде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Дәл осындай ақша сұраған хабарлама отандастарымыздың көбіне жақындары мен таныстарынан келіп жатыр. Хабарлама сауатты жазылғандықтан, күдік тудырмайды.
Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылардың пікірінше, Whatsapp мессенджеріне келетін түрлі күмәнді сілтемелерді ашпау керек. Өйткені бұл алаяқтардың құрған тұзағы болуы мүмкін. Сілтемеге қосылып қойсаңыз, алаяқтарға автоматты түрде аккаунтыңызға кіруге рұқсат бересіз. Осылайша, телефоныңыз киберқылмыскерлердің бақылауына өтіп кетеді дейді.
“Осындай алаяқтардан сақтану үшін арнайы қорғану қосымшаларын қосып алуға болады. Ол зиянды бағдарламаларды анықтап, өшіріп отырады. Ал сізден қарызға ақша сұрап жатса, ең алдымен телефон соғып көз жеткізіңіз. Ең бастысы, сіздің мессенджеріңізді бұзып қосылған адам барлық архивтегі мәліметтерді оқи алатынын ескеру керек. Яғни, олар кімге жазатынын біледі”, – деді Kaspersky great сарапшысы Татьяна Шишкова.
Мамандардың пікірінше, алаяқтарды ұстау оңай шаруа емес. Өйткені олар өздерінің арам пиғылын әлемнің кез келген нүктесінде отырып жүзеге асыра алады. Сондықтан сарапшылар тұрғындарды сақ болуға шақырады.