Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрлық-алаяқтық: қылмыс өршіп тұр

Цифрлық-алаяқтық: қылмыс өршіп тұр

Тал түс. Телефонға белгісіз бір нөмірден қоңырау келіп түсті. Тұтқаны алып, «Алло» дей бергені сол еді, телефонның арғы жағынан асығыс сөйлеген адам: «Сәлеметсіз бе?! Мен банк қызметкері боламын, сіздің шотыңызды белгісіз біреулер бұзып, несие рәсімдеп жатыр. Мұны тоқтату мақсатында шотыңызды шұғыл бұғаттап жатырмыз. Сізге хабарлама барады, соны дереу айтып жіберіңіз» деді. Зәресі қалмаған ол, оператор айтқан сәтте келіп түскен sms кодты айтты. «Рақмет, енді алаңдауға еш себеп жоқ. Сіздің шотыңыз бұғатталды, 15 күннен соң банк бөлімшесіне барып, шотыңызды қайта аша аласыз» деді әлгі банк қызметкері. Интернет алаяқтықтың құрбаны болғанын әлі аңғармаған Сәуле «Уф, пронесло» деді.
Сәлден соң оның телефонына қайта қоңырау түсті, бұл жолғы қоңырау расымен банк қызметкерінен еді. «Сәуле, құттықтаймыз! Сіз жаңа ғана біздің банктен 4 миллион 500 мың теңге рәсімдедіңіз, енді әр айдың 15-і күні төлемді кешіктірмеуіңізді сұраймыз!» дегенде абдырап қалды. Бұл расымен қазалылық азаматшаның басынан кешкені. Иә, бүгінде елімізде осы секілді кибер алаяқтардың шырмауына түсіп, қалтасы қағылған жандар қатары қалыңдап келеді. Қызметтердің цифрлануы қоғамның даму процесін жеделдеткенімен, параллель күйде адамдарға қауіп-қатер де төндіріп жатыр. Азаматтардың қаржылық сауаты соңғы бір-екі жыл бедерінде тәуір өсті. Алайда жеті қабат жер астындағы қитұрқылықты меңгерген алаяқтар мықтымын дегеннің өзін сан соқтырып кетуге шебер болған. Сондықтан қаржылық білімді арттыра түсудің, киберқауіпсіздік қыр-сырын меңгере түсудің артықтығы болмайды.
Елдегі ахуал қалай?
Интернет алаяқтық амалдары күннен-күнге әккілене түскен. Қазіргі кезде қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстыруы жиілеген. Осы тәсілмен жәбірленушінің жеке шотындағы және депозиттегі қаражатын түрлі айламен иемденіп кетеді. Ол аз болса, несие рәсімдеп алады. Расында, банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді хабарлау­ды сұрамайды және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді.
Мұнан бөлек, елде алаяқтықтың екінші бір түрі – жалған инвестициялық жобалар. Күмәнділігі немесе ашықтығына қарамастан, азаматтар брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға инвестиция салу арқылы ақшасын тез көбейтуді қалайды. Түрлі схемаларға қатысады. Азаматтар ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салады, кейбір жағдайларда осы мақсаттар үшін несие рәсімдейді. Нәтижесінде оңай олжа іздеген салымшы қалтасы қағылады.
Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт ашып, қазақстандықтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн-режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар мол ақша тарту үшін біржолғы дивидендтер төлеуден де тартынбайды. Интернет алаяқтарының дәл осы айласына алданғандар саны 11 765 адамды құрап отыр. Яғни, осыншама адам жалпы құны 18, 2 миллиард теңгеден айрылған.
Елімізде цифрлық алаяқтық жасаған азаматтар қатаң түрде жазаланды. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе ұйымдасқан топ құрамында жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын.

Алданбаудың амалы қайсы?

Банктер өз клиенттеріне қашықтан қызмет көрсетуді бастағалы бері адамдарды онлайн алдап түсірудің мың сан айласын тапқан қаржы алаяқтары да белсенді қимылға көшкен. Олар үшін клиент шотынан миллиондаған ақшаны сыпырып алудың өзі түкке тұрмайтын іске айналған. Көп жағдайда алаяқтар жалған сілтеме жіберу арқылы қитұрқы әрекеттерін іске асырып жатады. Әрине клиенттердің қаражатын сақтау үшін банк барлық шараларды жасап бағады, алайда соңғы сөз бәрібір пайдаланушының өзінде. Олар көп жағдайда банк карточкасының реквизиттерін, кері бетіндегі код нөмірін, SMS-код, пин-кодты «банк қызметкері» болып хабарласқан белгісіз адамға айтамын деп сан соғып қалады. «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, алаяқтың құрбаны болмасы үшін не істемек керек? Бұл жайында каспи банк қызметкері Айнұр Алтынбекқызы айтып берді.
– Цифрлы алаяқтық көбіне онлайн банкинг, яғни банк қосымшасы арқылы жүзеге асып жатады. Жәбірленушіге қоңырау келіп түседі, алаяқтар банк менеджері екенін айтып, смс хабарламаны сұрайды. Мұндайда ескеретін жайт, банк қызметкерлері ешбір тұтынушыдан смс хабарламаны сұрамайды. Сонымен қатар несиені қоңырау шалу арқылы рәсімдемейді, тіпті сізге қоңырау шалып, қосымша бағдарламаларды жүктеуді де талап етпейді. Ал егер осы секілді жағдайға тап болсаңыз, дереу тұтқаны қойыңыз. Бұл – алаяқтың әрекеті, – дейді ол.
Бұдан бөлек бүгінгі күні технологияның дамығаны соншалық сіздің дауысыңызды жазып, жасанды интеллект арқылы таныс-тамырыңызбен сөйлесуі де әбден мүмкін дейді банк қызмткері.
– Қазір цифрлық дәуір болған соң, технология, бағдарламалар тіпті жасанды интеллект жарыса дамып келеді. Мұның да сол тұсын алаяқтар меңгерген. Дәлірек айтсақ, қазір сізге қоңырау шалып, иә немесе жоқ деген жауаптарыңызды, қала берді дауысыңызды көшіріп алып, жасанды интеллектпен айнытпай жасап шығады. Әрі қарай жақын-жуығыңызға хабарласып, тіпті қарызға ақша сұрауы да ғажап емес, – дейді.
Бұдан бөлек кейде алаяқтар банк клиенттеріне банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп хабарласып, олардың картасы арқылы қауіпті операциялардың жүргізіліп жатқанын айтады. Олардың картасын бұғатқа түсіріп тастау үшін картаның кері бетіндегі үш санды нөмірді айтуларын сұрайды. Оны біліп алған соң интернет-банкингке жедел қосылып, клиенттің онлайн-шотындағы бүкіл ақшаны жоқ қылады. Клиент картасын емін-еркін пайдалану үшін алаяқтарға картаның нөмірін, қолданушының аты-жөнін, әрекет ету мерзімін, CVC немесе CVV нөмірін білу жеткілікті. Сондықтан оны да жария етпеу қажет.
Жалпы интернет-алаяқтық жаһандық мәселеге айналып отыр. Ақпараттық сауаттылықты дамыту және сақтық шараларын қолдану арқылы ғана біз өзімізді және жеке деректерімізді алаяқтардың ықпалынан қорғай аламыз.

Серік ӘЛИҰЛЫ
30 наурыз 2025 ж. 255 0

Бау-бақшасы жайқалған

30 наурыз 2025 ж. 251

Жеңімпаз атанды

30 наурыз 2025 ж. 247

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31