Қазақстанда қай жерлерде балық аулауға болмайды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 18 тамыздағы бұйрығымен Балық аулау қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Түзетулерге сәйкес, балық аулауға тыйым салынады:
- су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстардың, шлюздер мен көпірлердің жанында, көлдерді өзара және негізгі өзенмен байланыстыратын тармақтарда, су жеткізетін каналдарда мен мелиорациялық жүйелердің тармақтарында, сондай-ақ өзендер мен каналдар сағаларының қосылған жерінен екі жағына қарай 500 метрге дейінгі аралықта, су қоймасына кірер тұстан 500 метр қашықтықта және өзен мен каналдың жоғары ағысына қарай 1500 метр аралықта;
- Қағидаларда көзделмеген балық аулау құралдарымен;
- қыста қыстап шығатын шұңқырларда, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және уәкілетті орган тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеме негізінде белгілейтін өзге де жерлерде және мерзімдерде;
- "Ішкі су көлігі туралы" заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген және тіркеу нөмірлері көрсетілмеген жүзбелі құралдарда;
- балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдалануға рұқсатқа сәйкес балық аулау құралдарының атауы мен параметрлері көрсетілген белгілерсіз кәсіпшілік балық аулау құралдарымен;
- теңіздер мен өзендерде бекіре тұқымдас балықтарды аулау үшін қолданылатын ставалы ау құралдарымен;
- алкогольдік, есірткілік немесе өзге де уытты масаң күйде;
- Балық аулау қағидаларында тыйым салынған тәсілдермен;
- өзеннің немесе тармақтың еніне екіден үшін артық ау құралдарын орнатумен;
- ставалы ау құралдарын шахматтық ретпен, сондай-ақ өзендер сағалары мен құятын каналдардың аузынан 500 метр радиуста вентерьлер мен секреттер қою арқылы;
- кәсіпшілік балық аулау кезінде су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстардың, шлюздер мен көпірлердің жанынан 500 метрге жуық аралықта;
- уәкілетті орган тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеме негізінде белгілейтін мерзімдерде және орындарда балық ресурстары мен басқа да су жануарлары шоғырланған жерлерде және олардың көшу жолдарында;
- жарылғыш заттарды, уытты химикаттарды және басқа да химиялық препараттарды, сондай-ақ атыс қаруын пайдалану арқылы;
- уәкілетті органның рұқсатынсыз балық аулауға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес құралдар мен тәсілдер тізбесіне кірмейтін құралдар мен тәсілдерді пайдалану арқылы.
- Сондай-ақ құжатта ғылыми-зерттеу аулауы — жануарлар дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулау екені айтылған.
- Жануарлар дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 25 шілдедегі "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Бұйрық 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.