Қазақстанда сотталған азаматтарын әкетуден шет елдер жаппай бас тартуда
Үкімет пен Парламентті қазақстандық түрмелердің жоғары қарқынмен толуы алаңдатуда.

Бас бостандығынан айыру орындарын аралаған мәжілісмендердің байламынша, олардағы "жағдай өте ауыр". Бұған қылмыстық-атқару жүйесін жеткіліксіз қаржыландырудың тым ұзаққа созылып кетуі себепші көрінеді. Қаржының тапшылығы, депутаттардың пікірінше, мемлекеттің бұл саладағы негізгі міндеттерін орындай алмауы қатерін тудырады.
2025 жылы ҚАЖ комитетінің қаржыландыруға деген жалпы қажеттілігі 151,4 миллиард теңгені құрады. Тиісті шығын жоспары солай болыпты. Бірақ Республикалық бюджеттік комиссия соның тек 88,3 млрд теңгесін ғана мақұлданған. Салдарынан, қаржы дефициті 63 миллиард теңгеге немесе 42%-ға жетіпті.
Мәжіліс депутаттарының мәліметінше, ең осал бағыттардың қатарында – арнайы контингентті азық-түлікпен, киім-кешекпен, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бар. Демек, бұлай бара берсе, сотталғандар ашығады, жыртық-жамау киім киюге мәжбүрленеді. Монополистер коммуналдық қызмет ақысын төлемегені үшін түрмелерді жылудан, жарықтан, судан және кәріз жүйесінен ажыратып тастаса, тіпті масқара болады.
Бұған жол бермеу үшін депутаттар бірнеше ұсыныс-рекомендация түзіп, Үкіметке жолдаған болатын. Ең бастысы, ҚАЖ жүйесін жете қаржыландыруды сұрайды.
Біраз абақтыны аралаған Қазақстанның құрметті заңгері, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанды қазақстандық түрмелердің аузы-мұрнынан шыға лық тола бастағаны мазалайды. Президенттің тапсырмасымен, Конституцияның 30 жылдығына арнап жарияланған 2025 жылғы амнистия да жағдайды көп жеңілдетпеуі мүмкін.
Бағалау бойынша, рақымшылыққа шамамен 15 мыңдай адам ілігеді. Бірақ оның көбі темірторда отырған жоқ, пробация қызметінде есепке тұрып, еркіндікте жүр. Сондай-ақ қазіргі қолданыстағы қылмыстық істердің тоқтатылуы да сол статистикаға қосылған.
"Жағдайды одан әрі ушықтырып, қиындатып тұрғаны – сотталғандар санының жыл санап артуы: 2024 жылы – 36 923 болса, 2025 жылы – 40 364-ке дейін артып шыға келді және ары қарай көбеюде. Сондай-ақ "Тарифті инвестицияға айырбастау" аясында коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт көтерілуі де салаға соққы болды. Бүгінде жүйеге шұғыл түрде 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет! Соның ішінде 8,7 млрд теңгесі – тамақтандыруға және кәсіпкерлер алдындағы берешекті өтеуге, 3,4 млрд теңгесі – коммуналдық қызметтердің ақысын және берешегін төлеуге, тағы 2 млрд теңгесі – киім-кешек және төсек-жабдық алуға керек", – деді Құспан.
Депутаттардың бұл туралы мәселе көтергеніне бір айдан астам уақыт өтсе де, проблема сол бойы шешімін таппай тұр. Неге? Шенеуніктер Парламент депутаттарының каникулдан оралуын, биылғы жылғы бюджетке түзетулерді қарауын күтіп отырғанын алға тартады.
"Бұл мәселені бюджетті таяу арада түзету аясында Республикалық бюджет комиссиясының Ішкі істер министрлігінің мәлімделген шығыстары жөніндегі отырысында қарау жоспарлануда. Кредиторлық берешек, соның ішінде тамақтандыру, коммуналдық қызметтер және киіммен қамтамасыз ету және басқа мәселелер бірінші кезекте түзеу мекемелерінде арнайы контингенттің өсуімен байланысты болып тұр. Бас бостандығынан айрылғандар саны Қазақстанда ай сайын 200–300 адамға артады", – деді депутаттарға жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Қазақстанда түрмеге тоғытылғандар санының артуы мәселесін шешудің бір амалы ретінде депутаттар республикада қылмыс жасаған жатжұрттықтарды жаппай елдеріне қайтаруды ұсынды. Жазасының қалған мерзімін өз елінде өтесін.
"Сотталған шетел азаматтарын өз елдеріне қайтару мәселесі де әлі шешімін таппай отыр. Елдегі 1 000-нан астам шетелдік сотталғанның ішінен жыл басынан бері небәрі 45-і елдеріне қайтарылған. Кейбір мемлекеттер өз азаматтарын қабылдаудан ашық түрде бас тартуда. Осы бағыттағы халықаралық келіссөздер мен ынтымақтастықты жандандыру қажет", – деді заңгер Абзал Құспан.
Қазақстанда заң мен ардан аттап, абақтыға қамалған азаматтарын әкетуден олардың отандары бас тартып жатқанын Премьер-министр растады. Оның мәліметінше, қазақстандық ҚАЖ мекемелерінде, түрмесінде, колонияларында Қазақстанмен арада сотталған адамдарды өзара беру туралы келісім жасасқан 22 елдің 1 085 шетелдік азаматы жазасын өтеуде.
Оның арасында Ресей азаматтары жетерлік, сондай-ақ Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Украина, Беларусь, Молдова, Грузия, Ауғанстан, Моңғолия, Пәкістан, Түркия, Қытай, Иран, Греция, Германия, Бангладеш, Ұлыбритания, Филиппин азаматтары қамалған.
"Соңғы 2 жылда Қазақстанның Бас прокуратурасына сотталғандардан түскен өтініші негізінде оларды өз мемлекетіне беруді сұрап, 302 өтінішхат түсті. Соның 229-ы қанағаттандырылды. Қазақстандық жәбірленушілерге өтемақысын өтемегеніне, тиісті талап-арыздардың болуына байланысты сотталған 73 шетелдікті еліне қайтарудан бас тартылды. Бұл ретте өз мемлекетіне беру туралы өтініш білдірген 44 сотталушыны өз елдері қабылдаудан бас тартты", – деді Бектенов.
Мәжілісмендердің пікірінше, түрмелер шектен тыс толмауы үшін судьялардың рақымшыл болғаны, ақтау үкімдерін жиірек шығарғаны маңызды.
"Соттардың гуманитарлық нормаларды негізді қолданбайтынына қатысты айтарым, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың (ШМББ) және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның жеңілдеу түрімен алмастырудың (ЖӨБА) негіздері мен тәртібі Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларымен реттеледі. Сондай-ақ Жоғарғы соттың 2015 жылғы 2 қазандағы №6 нормативтік қаулысымен қарастырылған", – деді Үкімет басшысы.
Аталған құқықтық актілерге сәйкес, сотталған адамның ШМББ немесе ЖӨБА қолдану туралы өтінішхатын қарау кезінде соттар:
• сотталған адамның жазасын өтеп жүргендегі мінез-құлқын,
• жазасын өтеу кезінде жаңа жаза алған-алмағанын,
• жақсы мінез-құлқы, түрлі ресми іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін көтермелеудің-ынталандыруларының бар-жоғын,
• қылмысы арқылы жәбірленушілерге, мемлекетке келтірілген залалының орнын толтырған-толтырмағанын, сот үкімінде көрсетілген өтемақысын өтегенін,
• еңбекке деген көзқарасын, яғни, темірторда жұмыс істеген-істемегенін,
• сотталғанның түзелгенін растайтын өзге де мән-жайларды жан-жақты зерделейді.
Дегенмен, мерзімінен бұрын шартты босап шығушылар қатарын арттыру үшін заңнама өзгертілуі мүмкін.
"Қазіргі уақытта Жоғарғы сот сотталғандардың мінез-құлқын бағалаудағы біркелкілікті қамтамасыз етуге, ШМББ және ЖӨБА бойынша өтініштерді қарау рәсімдерінің объективтілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық түзетулер әзірледі. Оларды Парламент Мәжілісінің қарауындағы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы шеңберінде іске асыру ұсынылады", – деді Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, толып қалған түрмені ары қарай әрі науқан-амнистиясыз, тұрақты түрде босату үшін мемлекет жас баласы бар әйелдерге қатысты жазаны ізгілендіруге бағытталған бастамаларды қолға алады.
Осы мақсатта 2025 жылғы сәуірде ІІМ-де сотталған әйелдердің жазасын өтеу жағдайларын жақсарту бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы (ВАЖТ) құрылды. Бүгінде ВАЖТ әйелдерді, оның ішінде жүкті және жазасын өтеп жүрген жас балалары бар аналарды ұстау жағдайларын ізгілендіру бойынша ұсыныстарды пысықтауда.
Өз кезегінде ІІМ Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, әйелдер денсаулығының ерекшелігін ескеріп, жазадан босатуға құқық беретін аурулардың тізбесін кеңейтуді қарастырып жатыр.
Бұл мәселе заңгерлік ортада қызу пікірталас туғызуда. Өйткені заң мамандарының, түзеу жүйесі ардагерлерінің бір тобының ойынша, жүкті болу – жазадан босатуға негіз ретінде бекітілсе, онда бас бостандығынан айыру орындарындағы әйелдер бойына бала біту үшін барын салады, соның түрлі құйтырқы жолын қарастыратын болады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл мысалы, ішінде шәуеті бар мүшеқап саудасының етек жаюына соқтыруы ғажап емес. Бұл көлеңкелі нарық болғандықтан, ұрықпен бірге жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың кең тарауы қаупі туындайды. Сондықтан сарапшылар бұл бағыттағы бастамаларды мұқият зерделегені абзал.