Орган донорлығы: Қазақстандағы жағдай қандай?

Қазақстанда мыңдаған адам өмірге маңызды орган – жүрек, бауыр, бүйрек трансплантациясына кезекте тұр. Елде органдарды сатып алу/сатуға ресми түрде тыйым салынған және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан науқастарға тек күтуден басқа жол жоқ. Дегенмен Қазақстан заңнамасында органдарды сыйлау немесе алмасуға тікелей тыйым жоқ. Орган донорлығы ерекшеліктерін Tengrinews.kz зерттеп көрді.
Орган донорлығы: заңнамада не көрсетілген
Қазақстан ІІМ "Адамның органдарын (органның бір бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бір бөлігін) трансплантациялау және оларды алу шарттары" мен "Органдар мен тіндерді мәжбүрлеп алу немесе заңсыз алу" секілді баптардың бар екенін еске салды. Бұл баптарды бұзғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.
"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бастамашылар қатарында ішкі органдарын сатуға бел буған азаматтардың өздері де, сондай-ақ, донорлар мен рецепиенттерді, орган ауыстыруға мұқтаж және оны сатып алуға дайын адамдарды іздеумен айналысатын делдалдар (үшінші тұлғалар) да болады", – делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына ведомство берген жауапта.
Сонымен қатар, ұлттық заңнамада органдарды сыйлауға немесе алмасуға тікелей тыйым салынбаған. Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жанабаевтың пікірінше, бұл – орган саудасы саласындағы айлая-шарғыға жол ашатын заңнамалық олқылық емес.
"Ресми трансплантациялық протокол аясында органдар тек қана қатаң медициналық, этикалық және құқықтық рәсімдер сақталған жағдайда тегін берілуі мүмкін. Мұндай тетіктер көзделген және Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ секілді уәкілетті органдардың бақылауында", – деді заңгер.
Жанабаевтың айтуынша, әрбір трансплантация бірнеше деңгейлі тексерістен өтеді; түрлі айла-шарғыны болдырмау үшін электрон донорлар тізілімі жұмыс істейді. Сонымен қатар, тек сатқаны үшін емес, сондай-ақ делдалдық пен мұндай қызметтердің жарнамасы үшін де жаза қарастырылған.
Орган трансплантациясына мұқтаж қазақстандықтар көп
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 205 орган трансплантациясы жүргізілген. Салыстыру үшін: 2024 жылдың толық көлемінде 393, ал 2023 жылы – 329 трансплантация жасалған.
Шілдедегі мәлімет бойынша, күту парағында 4421 пациент тіркелген. Оның ішінде 4002 адам – бүйрек, 232 – бауыр, 151 – жүрек, 30 – өкпе, 6 – лимбалық дің жасушаларын трансплантациялауды күтіп отыр.
Сондай-ақ, ведомство күту парағындағы пациенттер санының артып жатқанын атап өтті.
"Негізгі себептер – донорлық органдардың жетіспеушілігі мен халықтың бұл мәселе бойынша жеткіліксіз хабардар болуы. Бұл, әсіресе, ауыр жағдайда болып, шұғыл трансплантацияны қажет ететін науқастар үшін өзекті", – деп қосты ведомство.