Тарихы терең, қойнауы кең
Көларық ауылының тарихы Қазалының тарихымен шамалас. Ол Қаракөл болыстығы 10 ауылға бөлінген. Мұнда қиын-қыстау уақыттары Ерғали Палуанов деген кісі болыс болған.
Көларық ауылы о баста Домақ ауылы атанған. Бұл Құттықтан тараған Домақ руының, меншік жері еді. Кеңес үкіметі тұсында ауылды басқарған Айғазы ақсақал «Домақ атауы рушылдықты насихаттайды, көпшілігімізге зиян тиюі мүмкін» деп ауыл тұрғындарына соңғы «Қ» дыбысын «Н» дыбысына өзгертуге ұсыныс жасайды. Асыра сілтеу заманынан сескеніп, ауыл халқы Айғазының айтқанына келіседі. Сөйтіп «Доман» келе-келе «Томан» ауылы болады. Сол кезде Томанда, Жалайыр серіктестігінде 16 ауылдық совет болған. Репрессия жылдары Корей ағайындарының көшіп келуіне байланысты Томан, Жалайыр жерлері қосылып «Көларық» ауылы болып аталған. Көларық ауылымен қатар, Амангелді колхозы іргелі ауыл еді. Ауыл мектебі орталықта, яғни, Амангелді колхозында. Аудан әкімшілігінен екі ауылды орталықтандыру үлкен жауапкершілікті талап етті. Екі ауылдағы отырықшы ел бірден келісе қоймады. Ақырында Көларық ауылына орналастыру туралы шешім шығады. Кеңес үкіметінің саясатымен шағын елді мекендерді біріктіру мақсатында 1961 жылы Көларық КОКП-ның ХХІІ съезі атындағы совхоз болып құрылады. Осылайша алас-қапаста шаруашылықты өркендету кезеңі басталды. Ауылдың негізгі бағыты – күріш егу болғандықтан ауылшаруашылық мамандары жаппай көшіп келді. Осында тұрақты еңбек етіп, ауыл көлемі ұлғаяды.
Белсенділігі жоғары ақтандықтар
Бүгінде Көларық ауылдық округі Ақтан батыр ауылында 270 отбасы күн кешуде. Барлығы 1512 адам тұрады, оның 746-сы экономикалық белсенді топ саналады. Мұнда көпбалалы аналар қатары басым. «Батыр ана» атанған 1, «Алтын алқа» иегерлері 18 және «Күміс алқа» иегерлері 26 адамды құрап тұр. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілген еңбек ардагерлерінен 9 адам, зейнеткерлерден 134 адам бар.
Биыл «Көларық ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жылдық жоспар бойынша қажетті қаржы бөлінді. Оны тиісті деңгейде игеріп, орындалу көрсеткіші 99,6% процентті құрады. Ақтан батыр елді мекенін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары толығымен орындалуда. Сонымен қатар, ауылдың санитариялық тазалығына қажет 3 дана қоқыс жинайтын контейнерге тендер жарияланды. Қазіргі таңда жеңімпазы анықталып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
– Ауылдық округ бойынша барлығы 100 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 17 шаруа қожалық және ауылшаруашылық, құрылыс және қызмет көрсету сынды тағы басқа да салаларда 78 кәсіпкеріміз бар. Белсенділік көрсеткіші 100 процент болмаса да, соған жете қаба, – дейді ауыл әкімі Серік Өмірзақов.
Шаруасы шалқыған мекен
Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Аграрлық несие» корпорациясынан құны 21,5 миллион теңгелік жоба ұсынылды. Оған «Табанкөл» шаруа қожалығының иесі Асылхан Бисенов қол жеткізіп, өз кәсібін бастауда.
Сонымен қатар бұрынғы қолданыста болған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орнына «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылға арналған ұлттық жобасы» негізінде ұсынылған теңгемен есептегенде 1,5 миллиондық жобаны Света Райс ұтып алды. Бағдарламалардан тыс екінші деңгейлі банк және қаржылық ұйымдар арқылы «Стартап грант» жобасы бойынша 6 адам шаруаларын айналдыруда.
Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 11 адам кәсіпкерлік негізінде оқып, сертификаттарын алды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша ақылы қоғамдық жұмысқа 22 адам және жұмыссыз 7 маман жастар практикасына жіберілді. Тек қана 37 адам жұмыссыз ретінде тіркелді.
«Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылы Ақтан батыр ауылында 2195 гектар жерге күріш екті. Одан әр гектардан 31,0 центнерден егін алынып, барлығы 6804 тонна центнер өнім жиналды.
Сонымен бірге 83 гектар жерге бидай, 78 гектар жерге арпа, 78 гектар жерге мақсары, 342 гектар жерге жаңа жоңышқа және 900 гектар ескі жоңышқа егілді.
Серік Өмірзақовтың мәлімдеуінше, ауылдық округ бойынша биыл жұртшылық пен шаруа қожалықтарын қоса алғанда, сиыр – 2879, жылқы – 2313, түйе – 212, уақ мал – 5714 басты құрады. Сонымен қатар 150 құс тіркелген. Ірі қара және уақ малдар бірдейлендіріліп, компьютерлік базаға түсірілген және жұқпалы ауруларға қарсы мал дәрігерлік шаралар жоспарлы ветеринариялық іс-шараға сай өз уақытында жүргізілді.
Білімге құштар бала, саулықты ойлар маман
Ақтан батыр ауылындағы №190 орта мектепте 17 класс комплектісі бар. 58 мұғалім және техникалық қызметкерлермен 96 адам жұмыс жасайды. Мектепте негізінен 293 оқушы бар. Биыл 13 оқушы бітіріп, оның ішінде 1 оқушы Айзат Оңдасын «Алтын белгі» иегері және 1 оқушы Айгерім Бақытжанқызы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Мектеп жанынан ашылған «Мерей» шағын орталығы бар. Шағын орталығында 50 бала 2 топта тәрбиеленіп жатыр және орталықта 8 педагог – 10 тех қызметкер жұмыс атқарады.
Ақтан батыр дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 10 мейіркеш, 4 техникалық қызметкер халыққа қызмет етуде. Округтегі дәрігерлік амбулаторияда 6 төсектік стационар қызмет көрсетеді. Ақтан батыр ауылдық кітапханасында 19321 кітап қоры бар. Жыл басынан бергі оқырмандар саны 518 адам, оның ішінде 274-і мектеп оқушылары. Ауылдық клубта 8 қызметкер жыл басынан бері жоспарға сәйкес түрлі форматта 45 мәдени іс-шара өткізді.
Көларық ауылдық округі, Ақтан батыр ауылына қарасты «Әзілхан ишан» мешіті 2016 жылы жаңадан салынып, халық игілігіне қызмет ету мақсатында пайдалануға берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Қажы Ораздың бұйрығымен Бауыржан Жайлыбайұлы имам болып тағайындалған. Ол екі жылдан бері жас ұрпақты имандылыққа, тәрбиелікке насихаттап, елге абыройлы қызмет атқарып келеді.
– Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындарының әсіресе оның ішінде жастарының және кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен мешіт жанынан асхана, дәрісхана бөлмесі, неке қию залы, от жағу, құрал-жабдық және қатты отын жинау орнына арналған сарайлар, сонымен қатар дәретхана бөлмесі салынып жатыр. Сонымен қатар 1973 және 1985 жылы туылған түлектер мешітке қажетті ыдыстар тарту етті. «Әзілхан ишан» мешітінің намаз оқу бөлмесіне бейне камера орнатылған. Ауыл тұрғындарының мешітке келіп құлшылық жасауға мүмкіндіктері бар. Мешіт имамы өткізілген жұма намаздарының уақытында және мекеме қызметкерлері арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмалары мен іс-шара жоспарларына сәйкес түрлі тақырыптарда уағыз-насихаттар жүргізіліп келеді, – дейді ауыл әкімі Серік Өмірзақов.
Ауқымды жобалар жоспарлануда
Жылдың он екі айында ауылдық округ әкімінің есігі әрдайым тұрғындар үшін ашық. Оның жеке қабылдауына 40 адам қабылданып, барлығы да өз шешімін тапқан. Жер беру мәселелері бойынша жеке тұлғалардан «е-лицензия» бағдарламасы арқылы 3 өтініш және «е-өтініш» бағдарламасы арқылы 14 өтініш тіркелген. Сонымен қатар елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру мәселелері бойынша жеке тұлғалардан 2 өтініш тіркеліп, заңға сәйкес қаралды.
Мемлекет меншігіндегі жер учаскесін немесе жер учаскесіне меншік құқығын сату жөніндегі сауда-саттыққа, конкурстарға, аукциондарға ұсынылатын жер учаскесіне 3 өтініш қабылданған. Қазіргі таңда алдын-ала таңдау схемасы және аукционға ұсынылатын жер учаскелерінің жобасын белгілеу туралы ауылдық округі әкімінің шешімі шығарылды. Құжаттары аукционға ұсынылып, нәтижесінде ауыл тұрғыны Данабек Күнікейұлы 3 жер учаскесіне де аукционға қатысып жеңімпаз атанды. Жыл көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты арыз-шағымдар түспеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтықтық оқу және дөңгелек үстел өткізілді.
Ауыл орталығы А.Құнанбаев көшесіндегі тозығы жеткен электр таратқыш КТПН қондырғысын жаңадан ауыстыру жұмыстары бойынша жеңімпазы анықталып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ақтан батыр ауылындағы бұрыннан асфальт төселген көшелердің шұқырларын тегістеу жұмыстары толығымен аяқталды. Десекте ауылда атқарар қыруар шаруа бар. Түсін түстесек, Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыру жолға қойылуда. Азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз ету, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етілмек. Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жұмыс жасалмақ. Ұзындығы 600 метрді құрайтын А. Құнанбаев көшесін асфальттауға және Ә.Дінісламов мен Б.Машенбаев көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы көздері қарастырылуда. А. Құнанбаев көшесіне асфальт төсеуге жоба сметалық құжат әзірленген. Жоба құны 20 миллион теңге. Сонымен қатар Ә.Дінісламов мен Б. Машенбаев көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына жоба сметалық құжат әзірленген. Ж.Өтепберген және орталық көшелерде ауыстыруды қажет етіп тұр. Электр бағаналарын ауыстыруға бюджеттік өтінім ұсынылмақ. Әзілхан Ишан көшесіне түнгі жарықшам орнату жұмыстарына қаржы көздерін қарастыру жоспарда бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА