Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ветеринария: Жүйелі жұмыс жемісті

Ветеринария: Жүйелі жұмыс жемісті


Ауыл шаруашылығы саласының дамуы ветеринарлық шаралардың жүйелі жүргізілуіне байланысты. Жылдап жинаған малың ауруға шалдықса, бір-ақ күнде арам қататыны жасырын емес. Ауданда эпизоотиялық жағдай тұрақты болғанымен, атқарылатын шаруа шаш етектен. Бұл ретте, жергілікті жердегі ветеринариялық станцияға артылар жүк ауыр. Осы орайда Қазалыда 1,5 ғасырдан астам тарихы қалыптасқан ветеринариялық станцияның өткеніне бойлап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтуды жөн деп таптық.
Тамыры тереңнен бастау алатын кәсіпорынның тарихы 1867 жылдан бастау алады.Алғашында «мал емдейтін бақылау пункті» ретінде ашылған кәсіпорынның даму тарихы Қазалы уезінің құрылуымен де байланыстырылады. Кей деректерге сенсек, бекіністе атты әскерлердің болуы мал дәрігерлік пункттің ашылуына себеп болған. Қош, кәсіпорынның кешегісі осылай, кейінгісі қалай таспаланды, сол қызық. Соған тоқталсақ...
Мекеменің кейінгі өмірі былайша өріледі. Атауыда бірнеше мәрте өзгереді. Мәселен, 1950 жылы «Қазалы аудандық малдәрігерлік емханасы» деп аталса, 1956 жылы «Қазалы аудандық ветеринариялық станциясы» деген атауға ие болды. Ал 2010 жылдан бастап «Қазалы аудандық ветеринариялық станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ретінде қызмет көрсетеді.
Мекемені 2010-2015 жылдарда Рахметулла Ізтілеуов басқарып, жұмыс жоспарын бағдарлап, ауқымды шараларды атқарады.
2015-2019 жылдар аралығында басшылыққа Малқайдар Дүйсенов келіп, саладағы тірлікті одан әрі түлетеді. Ал 2019 жылы кәсіпорынғаБолат Әмреев тағайындалып, бүгінгі дейін саладағы жұмысты жандандырып қоймай, жануарлар індетімен күресті ілгерілетіп келеді.
Кәсіпорынның басты міндеті – аудан аумағында халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру болып табылады. Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де олардың құзіретіндегі іс. Сондай-ақ аса қауіпті аурулардың, жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша іс-шаралар жүргізу де ветеринарлар үшін қалыптасқан тірлік. Осыдан-ақ олардың жұмысы сіз бен біз ойлағандай оңай еместігін бағамдай беріңіз. Дегенмен саланы меңгерген маман иелері өз істеріне мығым. Қай жұмысқа да жауапкершілікпен қарап, жануарларға жанашырлық танытудан танған емес.
1999 жылдан бастап эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шараларды жеке кәсіпкер малдәрігерлер орындап келсе, 2012 жылдан бастап бұл қызмет аудандық ветеринариялық станциясына жүктелді. Осыған байланысты жүзден астам барлық жеке кәсіпкер, малдәрігерлер мен кіші малдәрігерлер ветеринариялық станцияға жинақталып, осы күнге дейін өз қызметтерін атқаруда.
Аудандық ветеринариялық станция директоры Болат Әмреев жануарлар арасында эпизоотияның, сондай-ақ аурудың өршуінің алдын алу бағытында біршама ауқымды жұмыстар іске асып жатқандығын айтты.

– Қазіргі таңда 2 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі аурулар бойынша диагностикалық іс-шаралар жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілуде. Құтыру ауруына қарсы 700 бас мүйізді ірі қараға, 2100 бас уақ малға, 800 бас жылқыға, 500 бас түйеге, 1500 бас итке вакцина егілді. Аусыл ауруына қарсы 53800 бас мүйізді ірі қара, 85600 бас уақ малға вакцина егілді. Сібір жарасы ауруына қарсы 22000 бас мүйізді ірі қараға, 50000 бас уақ малға, 13000 бас жылқыға, 2000 бас түйеге вакцина егілді. Эхинококкоз ауруына қарсы 6000 бас ет қоректілерге ветпрепарат берілді. Пастереллез ауруына қарсы 14000 бас мүйізді іріқараға-, күл ауруына қарсы 50000 бас уақ мал, листериоз ауруына қарсы 14000 бас мүйізді ірі қара, лептоспироз ауруына қарсы 286 бас мүйізді ірі қараға, 10000 бас мүйізді ірі қараны нодулярлы дерматит ауруына қарсы вакцина егілді. Туберкулез ауруына қарсы 3000 бас МІҚ аллергиялық тексеруден өткізілді, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы жануарларының 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы (тейлериоз, пироплазмоз, фасциолез, сақау, гастрофилез, трипаносомоз) ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу де күн тәртібінен түспей тұр.
Мамандар ұсынған мәліметке зер салсақ, бруцеллез ауруының алдын алу мақсатында жоспарға сәйкес 32500 бас мүйізді ірі қара, 70000 бас уақ малдардан, 5000 бас түйеден қан сарысуы алынған. Алайда зертханалық талдау «теріс» нәтиже көрсеткен.
Ауданда ауылшаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жұмыстары да бірқалыпты жүріп жатқанын аңғардық. Бүгінге дейінмүйізді ірі қара малынан 10080 бас, уақ малдан 24384 бас, жылқы малынан 3266 бас, түйе малынан 740 бас сырғаланған.
Мал өлекселерін тастайтын орындар туралы әңгіме өрбіткен кәсіпорын директоры Болат Әмреев «бүгінде аудан бойынша 8 мал қорымы(биотермиялық шұңқыр) жұмыс жасап тұр» дегенді айтады.

–Аталған қала, кент және ауылдық округтердегі мал қорымы типтік жобада салынып, пайдалануға берілген.Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Құмжиек, Сарыкөл, Көларық, Мұратбаев және Шәкен, Арықбалық ауылдық округтеріндегі мал қорымдары аудандық ветеринариялық станцияның теңгерімінде. Өзге де ауылдық округтердегі ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта жүзеге аспақ. Алға, Ақжона, Бірлік, Өркендеу, Қызылқұм, Тасарық ауылдық округтеріне 1 типтік жобада мал қорымын салуға ұсыныстар берілді. Алға қойған жоспарлардың орындалуы – уақыттың еншісінде, – дейді Болат Әмреев.
Мал тоғыту жұмыстарына көз жүгіртсек. Бүгінгі таңдааудан бойынша 6 ауылдық округте (Шәкен, Аранды, Тасарық, Майлыбас, Құмжиек, Арықбалық)мал тоғыту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Ал көпшіліктің алаңдаушылығына айналған сібір жарасымен күрес әлдеқайда күшейген. Ветеринарлар бұл бағыттағы жұмыстарды да жіті бақылайды. Ауру ошақтарын анықтап, санитарлық-эпидемиялогиялық шараларды жүргізеді.
Сала мамандарының сөзіне сенсек, ауру ошақтарын табу арнайы жұмысшы топ құрылған. «Қауіпсіздік кеңес отырысының 2014 жылғы 13 қарашадағы хаттамасы негізінде үш мәрте жұмысшы топтың отырысы өткізілген. Табанды тірліктің арқасында аудан тұрғындарының көмегімен 10 сібір жарасы көмінділері табылған. Анықталған орындарда санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарға сәйкес қауіп туралы ескерту жазулары бар тұрақты қоршау тұрғызылған. Аудан әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысында ауру ошақтарының айналасына белгі қоюға байланысты мәселе көтеріліп, ветеринария бөліміне тұрақты жер пайдалану құқығы беріліп мемлекеттік жер актісі алынды» дейді олар.
Шәкендегі «Тәпен» учаскесі, Қарашеңгел ауылдық округіндегі «Талдықұдық» учаскесі., Құмжиектегі «Бармас» учаскесі, Ақжонадағы «Шүңгіл» учаскесі, Көларықтағы «Ділімбет аша» учаскесі, Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Сүлейбұлақ» учаскесінде қоршау жұмыстары аяқталып қауіпсіздік сілтемелері орнатылған. Аталған учаскелер 2020 жылы «Қазалы аудандық ветеринариялық станциясы» КМК-ның теңгеріміне берілген.
Шакен ауылдық округіне қарасты «Түрікпен», «Ақиін», Тасарық ауылдық округіне қарасты «Ақшабатыр» учаскесіндегі сібір жарасы ошақтары орман қорығы санатында орналасқандығы белгілі болған. Бағамдауымызша, мұны аудандық жер қатынастар бөлімі анықтаған.
Майлыбас ауылдық округіне қарасты «Жалғасбай» учаскесінде де «Сібір жарасы» көміндісіне қоршау жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік сілтеме орнатылды. Алайда жер актісі әлі алынбаған. Мамандар мұны аталған жердің жалға алынуымен байланыстырады. Яғни белгіленген жердің Ресей аумағында орналасқандығы себеп болып отыр. Бүгінде облыс әкімінің атынан Байқоңырдағы «РОСКОСМОС» басқармасының басшысына хат жолданып, жауап та алынған. Дегенмен маңызы бар мәселе мемлекет аралық келісіммен шешілмек.
Ветеринариялық станция ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде барлық сібір жарасы ауру ошақтары қоршалған. Қауіпсіздік сілтемелеріндегі жазулар дер кезінде қалпына келтіріліп отыр. Атқарылған жұмыстар аудандаэпизоотиялық ахуалдың тұрақты екендігін аңғартады.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
24 маусым 2025 ж. 139 0

Дөңгелек үстел өтті

24 маусым 2025 ж. 241

IQANAT-та топ жарды

24 маусым 2025 ж. 135

Бас жүлде – Қазалыда

24 маусым 2025 ж. 164

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30