Ерлік пен еңбектің үлгісі

Редакциядан
Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам аттанса, еңбек армиясына 700 мыңнан аса адам қамтылыпты. Бұл сандар еліміздегі әр отбасынан жүздеген мың адам елін, жерін жаудан қорғағандығын ұғындырады. Бүгінде бұл сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл болды. Сол кезде жауына қасқайып қарсы шыққан жанның бірі менің атам Күлмұрат Бағыбергенов.
Атам Ұлы Жеңіске қаруымен де, қарымымы де үлес қосқан әулетіміздің алтын діңгегі қаһармандық бейне, өмірлік ұстанымымымен үлгі бола білді.
«Мен майдангердің ұрпағымын» деген сөзді айтқанда, кеудемді мақтаныш кернеп, дұрыс жолда, жақсы оқитын, жауапкершілігі мол адам болуға ұмтыла түсемін. Себебі, мұндай қиын-қыстау кезді бастан кешіріп, ажалмен бетпе-бет келіп, кеудесін ұрпақтың бейбіт өмірі үшін оққа тосқан азаматтың ұрпағы болу – үлкен міндет.
Жыл сайын жеңіс күні мерекеленгенде, атамызды еске алып, алғыс айту – біз үшін дәстүрге айналған. Мұндайда көзі тірісінде көрген, өнегесін алғандар да ортақтасатыны бар. Бұл ерлікке деген құрмет нышан болса керек-ті.
Күлмұрат атам – нағыз ерліктің, төзімділік пен еңбектің жарқын үлгісі.
1922 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жаңабасшылық ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласып, отбасына қолқабыс етеді.
Ел басына күн туған шақ – 1941 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына аттанады.
291-полк құрамында әскери дайындықтан өтіп, 138-полк сапында Ленинград майданына жіберіледі.
Неміс әскерилері Ленинградты оңтүстік пен оңтүстік шығыстан армиялар тобының және солтүстік батыстан фин әскерлерінің біріккен күші арқылы теңіз базаларын талқандап, КСРО-ны аса ірі өндіріс орталықтарынан айыруды мақсат тұтады.
Жау тарапы алдымен соққыны Луга арқылы Красногвардейскіге қарай бағыттады. Осымен бір мезетте фин әскерлері Карель мойнағында Петрозаводскіге қарай шабуылдайды. Қаланы қоршай салынған қорғаныс шептерінің жалпы ұзындығы 900 шақырымға жетеді.
1941 жылдың тамыз – қыркүйек айларында Ленинград майданының әскерлері аса қиын жағдайда қалып, 10 қыркүйекте армия генералы Г.К. Жуков майдан қолбасшылығына тағайындалды. Балтық флотымен бірлесе отырып, қала қорғанысын нығайтуға көп күш-жігер жұмылады. Қала 1941 жылдың 8 қыркүйегіен – 1943 жылдың 18 қаңтарына дейін жау қоршауында болды.
Саяси әрі стратегиялық маңызы зор қаланы қорғауға фашистердің Шығыс майдандағы әскерлерінің 1/5-не жуығы Ленинград бағытында шоғырланғанына қарамай, кеңес әскерлері асқан ерлік үлгісін көрсетеді.
Қаһарман қаланы қорғауда жауынгер Бағыбергенов табандылықтың және қажырлылылығын көрсетеді.
Алдыңғы шепте жүретін танкішілер қатарында талай шабуылға шығып, немістерді тас-талқан етеді. Жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашып, «тіл» әкелген кездері де болады. Ұрыста жаудың бірнеше атыс ұясын жайратқан ол жауынгерлік тапсырманы тиянақты орындайды.
Көп ұзамай мақтаулы сарбаз НКВД-ның 4-ші Қызыл Тулы полкінде Польша, Латвия, Литва, Эстония жерлерін жаудан азат етуге атсалысады. Сонымене бірге жарылмаған бомба мен миналарды залалсыздандыруға да қатысады.
Осындай батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз», Екінші дәрежелі «Отан соғысы» және «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» медаль-ордендерімен, сондай-ақ бірнеше меркелік медальдармен марапатталған.
1949 жылы елге оралған соң, жұтаған ел тұрмысын тіктеуге атсалысады.
Ауыл шаруашылығы саласында алдыңғылар қатарынан көрінеді. Атамның еккен бидайы, баққан малы – ел игілігіне жұмылып, мол өнім береді.
Қазіргі Ү.Түктібаев ауылынан зейнетке шыққанша бел жазбай еңбек еткен диқан бірнеше рет озаттар көшінен көрінеді.
Әжем Несібелі екеуі он бала өсіріп, оларды жақсы азамат етіп тәрбиелейді.
2015 жылдың 16 желтоқсанында мәңгілік сапарға аттанған атамның жүрген жолын ұрпақтары ешқашан жадынан шығармайды.
Атамның тәрбиесін алып, өзінің басынан кешкен қызықты әңгімелерін, сұрапыл соғыс уақытын, ғибрат алатын көптеген әңгімелерін тыңтайтын мүмкіндік, өкінішке қарай, менде болмады. Алайда ата-анам, туыстарым арқылы тыныштықты сыйлауда қаны мен жанын аямаған соғыс ардагерінің есімін ұлықтап, құрмет көрсету парызымыз деп ұғынамын.
Еркеназ ҚЫРАНБЕКҚЫЗЫ,
майдангердің ұрпағы