Елді жаудан қорғаған ер

Ешкiм де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Керісінше, тарих бетінде қатталып, кейінгілерге біздің ерлеріміз қандай сұрапыл күндерді бастан кешіргендігі турасында естелік болып қалары сөзсіз.
Биыл көгілдір көктемнің мамыражай мамырында адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне де 80 жыл толады. Қаншама жастың өмірін қыршынынан қиып, дүниежүзін дүр сілкіндірген сұрапыл шайқастың шарпуы бүкіл адамзатқа салған жан жарасы, отбасының тірегі – ерлерінен айырылған жесір әйелдер мен жетім балалардың көз жасы ұмытылар емес. Болашақта да ұрпақтан-ұрпаққа естелік болып қала берері бұлжымас заңдылық.
Қысылтаяң жылдарда Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жаумен қасарыса алысып, жеңіске жету жолындағы ұлы мұраттарға қазақ жерінің перзенттері де өлшеусіз үлес қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап, Берлинге дейін барды. Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Ажалдан қаймықпай жан алысып, жан берісетін нағыз жолбарыс жүректі жауынгерлер екендігін дәлелдеді.
Уақыт өткен сайын қаншама боздақтардың өмірі қыршынынан қиылып, қайғы-қасірет әкелген Ұлы Жеңістің маңызы артып келеді. Сұрапыл айқасты бастан өткерген аға буынның ерліктері – бүгінгі ұрпаққа өшпейтін өнеге. Олар кешегі қан майданда көкiрегiн оққа төсеп, бүгінгідей бейбіт өмірді сыйлаған қайсар батырлар. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің теңдессіз өжеттілігін кейінгі толқынға насихаттап, мұра ету әрбір елін сүйген азаматтың парызы.
Бір өкініштісі, елімізде жылдан-жылға соғысты көзімен көрген майдангерлердің қатары сиреп барады. Ардақты ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтар жыл сайын ұлғайып келеді. Заһарлы зұлматтың куәгері болып көпшiлiктiң шынайы құрметіне бөленген ардагерлеріміздің бірі, соғыс және еңбек ардагері – Шариф Абдуллин болатын.
Шариф Абдуллин 1920 жылы Әзірбайжан Республикасының Қазақ ауданы, Фрахман ауылында дүниеге келген. Кеңес Үкіметінің аумалы-төкпелі саясатының шырмауына түсіп, тағдырдың тауқыметіне ұшыраған Абдуллиндер әулеті Қазақстан елінің, Арал ауданындағы Барсакелмес аралына жер аударылады. Жапан даланың ауыр тұрмысына шыдамағандардың көпшілігі аштықтан әлсіреп, көз жұмады. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген. Талықсып әзер дем алып жатқан жеті жасар Шарифке бір қазақ ақсақалы жолығып, Қазалы қаласындағы жетім балалар үйіне жеткізіп, тапсырады. Қатарластарымен бірге білім ордасында сауат ашқан алғыр жігіт 1936 жылы Қазалы зооветеринарлық техникумына оқуға қабылданады.
1940 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп, қызыл диплом алып шығады. Қазан айында Кеңес әскері қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын өтеп жүргенінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, жау шебіне аттанады. Алғашқы неміс басқыншыларымен Литва жерінде 16 атқыштар дивизиясының 68-полкында бетпе-бет жолығысады.
1941 жылдың күзінде Ленинградтағы 10 атқыштар дивизиясына жіберіліп, мезгілінде революционерлер ордасына айналған сәулетті қаланы дұшпан езгісінен қорғайды. Сол жолы қиян-кескі шабуыл кезінде ауыр жарақат алады. Әскери госпитальге түсіп, емделеді. Жарасы жазылып, айыққан соң қайтадан жауынгерлер қатарына қосылады. Осылайша Будапешт қаласы мен Балатон көлі жағасындағы шабуылға түседі. Шығыс Еуропаны немістерден азат етуде қаһармандық көрсеткен Шариф Абдуллин қанқұйлы ұрысты Австрияда аяқтайды.
Әскери жорықтың талай қиын қыстау жолдарын бастан кешірген соғыс жауынгері 1945 жылы Қазалы жеріне қайтып оралды. Отан қорғау жорығындағы ерен ерліктері үшін қаһарман майдангер омырауына жиырмаға жуық орден-медаль тағынды. Соның арасында «Ерлігі үшін» және «Будапештті қорғағаны үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары және ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері бар. Будапешттегі ерліктері үшін Кеңес Одағының Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің «Алғыс хатын» алған.
Өзінің есейіп-ержеткен жұртына жеңіспен оралған соғыс сарбазы еңбекке білек сыбана араласты. Алғаш еңбек жолын Қазалы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің меңгерушісі болып бастады. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтынан жоғары білім алған соң он сегіз жыл Қазалы ауылшаруашылық мектебінің директоры, жиырма жылдай Қазалы қаласындағы №34 кәсіптік-техникалық училищесі директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
1975 жылы Шариф Абдуллиннің тынымсыз ізденісі нәтижесінде №34 орта кәсіптік-техникалық училищесі оқу тәрбие жұмыстарын жүргізудегі жетістіктері үшін республикада екінші орын иемденді. Басшылық орындар тарапының марапаттауларымен ерекше құрметке бөленді. Ауданда ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға қосқан қомақты үлестері бағаланып, бірнеше рет «Құрмет грамоталарымен» мадақталған.
1980 жылы зейнетке шықса да, он жыл еңбектен қол үзбей шәкірттер тәрбиелеу ісін жалғастырды.
Шариф Абдуллин уыздай ұйыған отбасында 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке қатарынан көрінді. Көзі тірісінде балаларынан өрбіген немере-шөберелерін иіскеп, олардың қызығын көрді. Сыңғырлап, шулаған дауыстарынан қуаныш пен шаттыққа кенелді.
Қазалылық ардагер ақсақал: «Мен ерлік жасау үшін емес, елімді жаудан қорғайын деген оймен қолыма қару алдым. Жігіт болған соң намысты бірінші орынға қою міндетім. Қиын-қыстау заман, қасіретке толы нәубетті күндер лайым енді қайтып келмеске кетсін.
Қазақстан егемендігін алғаннан кейін, ел экономикасын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Халықтың әлеуетін көтеруге барлық мүмкіндік жасалды. Бәріне тәуба дейміз, мемлекеттің жағдайы едәуір жақсарды. Бұрын Қазақстанды ешкім біле бермесе, бүгінгі күні кең байтақ Отанымыз дүниежүзіне танымал. Бейбіт өмірдің жас ұрпақтары осындай жайма-шуақ заманда терең білім алып, елімізді гүлдендіре түсуге жалықпай үлестерін қоссын. Өскелең ұрпаққа баянды бақыт пен көк аспанымыз әрдайым ашық болсын деген тілегімді арнаймын», – деп ізгілікті ниетін ақтарыла жеткізген болатын.
Кеудесіндегі ерік-жігерін жанып, жаудың жойқын соққысына қарсы тұрған, өліммен бетпе-бет келіп, Отан үшін от кешкен Шариф атамыздай қаһарман тау тұлғалы майдангерлер жайлы жазылатын естеліктер мұнымен аяқталмақ емес. Бүгінгі бейбіт заманның ұрпақтары жаужүрек жауынгерлердің ерлік істерін мақтаныш етуді әрдайым естен шығармасы анық.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА