Топырағы туған жермен табысты

«Ешкім де, ешқашан да ұмтылмайды» деген тәмсіл бар. Өшкеніміз жаңғырып, өткеніміз оралған ақжолтай ақпарды сіздермен бөлісуге келіп отырмын», – деп бастады әңгімесін. Айтуынша, әкесінің туған бауыры Биман Көшкімбайұлы соғыс басталғанда алғашқы лекпен майданға аттанған. Кейіннен қаралы хабар келіп, оның сүйегі қай жақта қалғаны белгісіз болып келген.
Әскерге кеткенінше отбасылы болған Биманның әйелі Қатира екеуі екі бала сүйген. Бақкелді деген ұлы кіші кезінде шетінеп кеткен. Ырыскелді деген қызы қалған.
Көзкөргендердің айтуына қарағанда, Биман «дүкен ұстаған». «Дүкен ұстау» деген зат сатушы емес, ұсталықпен айналысып, көрік басқан. Ұстахана зергерлік зат жасалатын жер емес, түрлі ауру, кеселдерге шалдыққандар дертіне дауа тапқан орын болған деседі.
Биман жастайынан жалынды, мінезі өткір, өз ұстанымына берік, батыл, бірсөзді азамат болыпты.
Келіншегі Қатираға жолдаған хаттары төте жазумен жазылғандықтан, бүгінде онда не туралы баяндалғаны белгісіз болып отыр.
Көшкімбай ұрпақтары Балауса әжесінің ұлы Биманға арнап жазған өлеңін жатқа біледі.
«Хат жаздым қалам алып, Биман, саған,
Күн қайда келтіретін есен-аман.
Кетпейсің жатсам түстен, тұрсам өңнен.
Құрсын-ай, көрген күнім сенсіз маған.
Ұсынсам туған айға қол жетпейді,
Тұтынсам расходқа пұл жетпейді.
Биманым, Орман, Нұрман – қана еді,
Жүрегі шырағымның болат еді», – деп жылап отырады екен.
«Атам Көшкімбайдың үш ұл, екі қызы болыпты. Үлкен ұлдары, Биман мен інісі Орман соғысқа аттанған. Нұрман, Сыпайы, Ырысқалдар да бүгінде өмірден өткен. Ұрпақтары өнегелі жолдарын жалғауда. Әкем Орман аман-есен елге оралып, еңбек еткен», – дейді.
«Жау жолында ажал құшқан әр жанның іздеушілері дәл осындай күй кешкен шығар», – деп өткен күнді еске алады Рахымкүл апа. «Бала күнімде әуеде ұшып бара жатқан ұшаққа әкем ұзақ көз тігіп қарап тұратын. Сырын сұрағанымызда: «Осындай ұшақпен Биман ағам да келетін шығар», – дейтін жанарын жас шылап. Ойлап отырсам, өмірінің соңына дейін ағасы туралы жарық сәуле іздеп ұмтылыпты».
Биман жайлы жайды жақындары ұдайы іздеуде болады. Бірнеше рет аудандық комиссариатқа, баспасөз құралдарына хат жолдаса да, олардан ешқандай нәтиже болмайды.
Осыдан 4 жыл бұрын Ақтөбе қаласында тұратын Нұрманның қызы Алтынның жолдасы Берік соғыс ардагерлері туралы сайттардың бірінен Биман Көшкімбаев туралы мәлімет тауып алады.
Онда аға сержант Биман Кушкумбаев 1906 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы, Жаңақазалы поселкесі Энгельс №131 үйден әскерге аттанғаны және 958 арнаулы әскери ротасында болғандығы жайында мағлұмат беріліпті.
Өткен жылдың соңында туыстары Мнаж Дүзбаев «Жат жерден бұйырған топырақ» деген мақаладан Биман Көшкімбаев туралы мәлімет жарияланғанын айтып, сүйіншілейді.
Материал ізімен Көшкімбаевтар әулеті «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігіне хабарласып, жауынгер туралы мағлұматқа қол жеткізеді.
Құжатта «Кушкумбаев Бийман (Баим), ст.сержант, 2 УкрФ, 53 А, 75 ск, 299 сд, 958 сп,р. 196, Казахская ССР, Кызыл-Ордниская обл, Казалинский район, погиб 29 (30).09.1944, с. Михайловац (Неготин), северо-западнее, 2-3 км, одинчная могила №4; (524)» деп нақты көрсетілген.
Орманның немерелері Ертарғын хабарды естісімен, ағайын-туысты жинайды. Ұзамай інісі, атыраулық кәсіпкер Ерсайын өзі сынды қарағандылық Құрмет деген азаматпен танысып, екеуі Сербия мемлекетіне жолға шығады. Бірнеше мемлекетке ұшақ ауысым арқылы ауыр жолды артқа тастап, Заячар ауданына табан тірейді. Мұнда ата-бабаларын іздеп келуішер қатары көп болғандықтан, аталған орынға апаратын қызмет жолға қойылыпты. Бір қызығы, бұларды күтіп алып, соңғы 4 сағаттық жерге жеткізушілер қазақстандықтардан қызметіне ақы алмай, өздеріне бейбіт күн сыйлауда жанын қиған боздақтарға құрметтері жоғары екенін жеткізеді.
Зиратқа туған жерден топырақ апарып, қойылады. Ол жақтан да бір уыс топырақ алып, Әйтеке би кентіндегі әке-шешесі қорымының маңына белгі қойып, орналастырылады.
«Жыл сайын Жеңіс күні жеткенде бір өкініш кеудені күрсіндіретін. Биылғы 80 жылдық торқалы тойды өзгелер сынды қуанышпен қарсы алғалы отырмын. Ерлікке тағзым деген осы шығар. Біз сынды қанша қазақстандықты жақынымен «қауыштырып», үлкен жұмыстарға бастамашы болып отырған «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігіне дән разымыз. Олардың жұмыстарын одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдау болса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі өзге одақтас мемлекеттердің көбі мәліметтер базасының сандық жүйесін жасап үлгерген. Қолжетімділік артса, жас ұрпақ бабалары жүрген жол, ерлік тарихымен жақын танысар еді», – дейді Рахымкүл Орманқызы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА