Қазақ балалары не оқып жүр?

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұрпақ тәрбиесі мен олардың рухани байлығын қалыптастыруда кітаптың орны ерекше. Ұлттық болмысымызды сақтап, жады мен жүрегімізді байытатын ең басты құрал – кітап.
Алайда заманауи технологиялардың қарқынды дамуы, гаджеттер мен әлеуметтік желілердің кең таралуы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Осы орайда, мектеп кітапханасы балаларды білімнің бастауы саналатын кітап әлеміне тартуда ерекше рөл атқарады. Қазақ балаларының бүгінгі таңда не оқып жүргенін түсіну арқылы олардың әдебиетке деген көзқарасын, талғамын, мәдениетке деген қызығушылығын байқаймыз. Кітапты көп оқитын бала шығармашыл, білімді, ұлтжанды болып қалыптасады. Сондықтан кітапханашы ретінде осы сұрақ төңірегінде ой қозғап, қазіргі балалардың қандай кітаптарға қызығатыны, қайсысынан алшақтап бара жатқаны, сондай-ақ цифрлы ұрпақты кітап оқуға тарту жолдары жайында пікір білдіргім келеді.
Кітапханаға келетін оқушылардың сұранысынан олардың кітапқа деген қызығушылығын аңғаруға болады. Бүгінгі таңда мектеп кітапханаларындағы балаларға арналған кітап қоры сан алуан. Кітапхана сөрелерінен қазақ әдебиетінің классикалық туындыларынан бастап, заманауи авторлардың шығармаларын, шетелдік аударма кітаптарды кездестіруге болады.
Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Көксерегі», Бейімбет Майлиннің әңгімелері, Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері қазақ балаларының рухани дамуына баға жетпес қазына. Сонымен бірге, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» секілді шығармалары әлі күнге дейін балалар арасында танымал. Дегенмен балалардың қызығушылығы әртүрлі. Кейбіреулері тарихи және патриоттық тақырыптағы кітаптарды жақсы көрсе, енді біреулері шытырман оқиғаларға толы шығармаларды ұнатады. Мысалы, шетел әдебиетінен аударылған Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» сериясы немесе Рик Риорданның «Перси Джексон» кітаптары қиял-ғажайыпқа қызығатын оқушылардың көңілінен шығып отыр. Ал ғылыми-фантастикалық және танымдық мазмұндағы кітаптарға қызығушылық сәл төмендеу. Балалар қызығып оқымайтын кітаптардың қатарына көбіне ескірген, тілі ауыр немесе мазмұны заманауи баланың ой-санасына жат шығармалар жатады. Мысалы, кейбір тарихи шежірелер мен эпостар оқушыларға қызықсыз көрінуі мүмкін, себебі олар тілі мен оқиғасы жағынан күрделі. Мұндай кітаптарды оқуға балаларды тарту үшін, олардың мазмұнын қазіргі заманға бейімдеп, жеңілдетіп ұсыну қажет деп ойлаймын.
Кітапханашылардың алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі – цифрлы технологиялар дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақтың кітапқа қызығушылығын. Балалар көбіне смартфон, планшет, компьютерлерде уақыт өткізіп, кітапты «көне» дүние ретінде қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайда кітапханашылар мен ата-аналар заманауи тәсілдерге жүгінуі керек. Алдымен, электронды және аудиокітаптарды пайдалану – цифрлы ұрпақ үшін таптырмас мүмкіндік. Мектеп кітапханасында балаларға танымал шығармалардың электронды нұсқаларын немесе аудиокітаптарын ұсынып, оларды гаджеттер арқылы оқуға шақыру керек. Бұл әсіресе заманауи оқушылар үшін ыңғайлы әрі тартымды. Екіншіден, кітаптарды оқытуды ойынмен ұштастыру пайдалы. Мәселен, оқушылар арасында сүйікті кейіпкерлер туралы комикстер жасау немесе кітаптағы оқиғаларды талқылау үшін квест ойындарын ұйымдастыру – балалардың қызығушылығын арттырады. Үшіншіден, әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану қажет. Балаларға арналған қызықты кітаптар туралы бейнероликтер жасау, үзінділермен бөлісу немесе оқушылардың пікірлерін жариялау арқылы олардың қызығушылығын арттыруға болады.
Сонымен қатар мектеп кітапханасында интерактивті бұрыштар құрып, виртуалды шындық элементтерін пайдалану балалардың шығармалар әлеміне тереңірек енуіне мүмкіндік береді. Қазақ балаларының не оқып жүргені – олардың болашағының айнасы. Сондықтан заманауи технологиялар мен дәстүрлі кітап оқу мәдениетін үйлестіре отырып, балаларды білімге, рухани байлыққа баулу – біздің ортақ міндетіміз. Жақсы кітап оқыған бала – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.
Махаббат ДҮЙСЕНОВА,
М.Матаев атындағы №170 орта мектептің
кітапхана меңгерушісі