Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы кітап оқуға қалай баулимыз?

Баланы кітап оқуға қалай баулимыз?

«Кітап оқитындар теледидар көретіндерді басқарады», – деген Ф.Жанлистің сөзін естімеген адам кемде-кем. Ғалымдар ақыл-ойды ұзақ уақыт сақтап қалу үшін: миды жаттықтырып отыру керек дейді.
Мидың қорегі – кітап. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде ғалымдар кітап оқу ақыл-ойды ғана емес, жан мен тәннің саулығын да арттырады деген қорытындыға келді. Әсіресе кітап оқудың күйзелістен арылтуға ықпалы зор екен. Америка ғалымдары кітапты көп оқитын бір топ адамның миын магнитті-серпінді бақылаудан өткізген. Нәтижесінде адам миының қабылдауға жауапты бөліктерінің белсенді әрекет ететіні анықталды. Мұндай нәтиже теледидар қарағанда немесе компьютерлік ойын ойнағанда да байқалмайтын көрінеді. «Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттырады, яғни адамның физикалық және психикалық жай-күйі жақсарады», – дейді ғалымдар.
Ақпарат пен технологиялар ағынын бойлап бара жатқан қоғам мәселесінің бірі – балаларды кітап оқуға баулу. Компьютерлік ойынға құмартқан жасөспірімнің смартфонға үңілуіне онлайн сабақ та себеп. Балаға қалай кітап оқытамыз? Қандай тәсілдер бар? Жаңа ұрпақтың тәрбиесіне алаңдайтын ұстаз бен кітапханашының және әдеби блогердің пікірін білген едік.

Зоя Мұстафаева, Қазалы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі:
– Жас оқырманға әлеуметтік мәдени ортаның құндылығын насихаттайтын, бала бойына елжандылық пен отаншылдық сезімді дарытатын ұлттық дәстүрлер мен рухани мұра қалыптасқан киелі орданың алар орны ерекше. Өзіңіз білесіз, қазір ақпарат ғасыры. Әйтсе де замана жетістігінен қалыспай, дәстүрлі дүниені де қатар алып отырмыз. Ең бастысы, дәстүрлі кітап оқу – баланың ой-өрісінің қалыптасуына, көзбен көріп, қолмен ұстап оқыған шығармасы арқылы өзіне өмірлік тәлім-тәрбие алуына апаратын тура жол.
Менің кітап оқытудағы ­басты қағидам – баланың оқыған дүниесінен нені түсінгенін, қандай әсер алғанын сұрап, пікірлесу. Қазір түрлі тақырыпта отбасылық оқу ұйымдастырылып жүр. Атап айтқанда “Отбасымызбен оқимыз”, “Мен оқыған кітап” сынды жобаларды жүргізіп, баланың жастайынан кітап оқып, ой қалыптастыруына, сөйлеу мәдениетіне назар аударамыз.

Зәуре Батаева, аудармашы, әдеби блогер:
– Біз бәрін смартфон заманынан көреміз. Бірақ балаға қай заманда болсын кітап оқыту оңай шаруа емес. Сондықтан стратегия мен тактиканы саналы түрде ерте құрған дұрыс екен. Менің әкем ол жағынан жақсы айла тапқан. Жас ата-аналарға пайдасы тиіп қалар, айта кетейін.
Ол кісінің қолданған стратегиясы қызық: ес білгелі көргеніміз – әр бөлмеде сөре-сөре кітап, қап-қап газет-журнал. Сапардан келсе, кем дегенде 5-6 кітап көтеріп келетін. Сөйте тұра, бізге “мынаны оқы, ананы оқы” деп бұйырған емес. Сұрақ қойсаң: “Бәленбай кітапты қара, бәленбай энциклопедияның осындай деген әріпін қара, бұл кітаптың бәрі сендер үшін”, – деп жауап беретін.
Самсап тұрған кітапты көріп өскен бала күндердің бірінде сөрені жағалап, кітапқа үңіліп, қопара бастайды. Бірден оқып кетпесе де, бойында кітапқа деген ынтызарлық қалыптасады. Тәжірибелі ата-аналардың айтуынша, жеке өзіне арнап алынған кітаптың, тіпті, кітап сөресінің де маңызы зор көрінеді.
Осының бәрін ескеріп, ініме арнайы “Батудың басынан кешкендері” мен “Гарри Поттердің” қазақшасы, ал әлем ертегілері мен аңыздарынан “Мың бір түннің” балаларға арналған нұсқасы, Румидің мысалдары, “Алиса” мен “Винни Пух” кітаптарын жиып қойдым.

Ержеңіс Әбдиев, балалар ақыны, ұстаз:
– Балаларды қалай кітапқа қызықтырамыз деген ой бұрыннан мазалайтын. Өзім балалар әдебиетінен ойып тұрып орын алдым деп айта алмаймын. Біріншіден – ұстазбын. Өткен жылы “Ержеңістің ерекше есептері” деген жинағым шықты. Яғни өлең арқылы берілген логикалық есептер, жұмбақтар жинағы. Туындының таралымы жақсы болды. Тапсырыс берген оқырмандарым кітап оқымайтын балалардың өзі аулада жиналып, кешкілік бірігіп осы жұмбақтарды шешіп жатқанына куә болдық деп, суреттерін маған жолдап отырды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруға осындай бір ерекшеліктер керек шығар деп түйдім.
Ұстаз болғандықтан, кейде оқушымен пікірлесіп, қандай кітап оқып жатқандарын, кітапқа деген көзқарасын сұраймын. Қазақтың классиктерін, қазіргі жазушыларын айтсам, көбісі танымайды. Оқушымның біразы шетел әдебиетін оқиды екен. Әлем әдебиетінен аударылған фантастика жанрындағы шығармалардың орысша нұсқасын көп қарайды. Қазақта фантастика жоқ емес. Осы жанрды дамытып, ертегі, шағын проза жазуымыз керек.
Балалардың әдебиетке қана емес, жалпы, білімге деген қызығушылығына кедергі – телефондағы түрлі ойынның, қызықты бағдарламалардың қолжетімділігі. Қазір секунд сайын жаңа ақпарат алатын жағдайдамыз. Ақпараттың көптігі мен жылдамдығы балалардың мектепте беріліп жатқан білімді қабылдауына кедергі келтіреді.
Қазір кітапханаларда, қосымша оқыту орталықтарында «coworking» деген бөлім ашылды. Соның аясында апта сайын, кейде екі немесе үш апта сайын балаларға проза оқуға тапсырма береміз. Оқып келген соң шығарманы бірге талдаймыз. Мәселен, топта 20 оқушы болса, соның кемі оны оқып келеді. Көбіне оқып келген балалармен кітап талдау барысында басқа балалардың қызығушылығы артып, талдауға қосылып жатады.

Дина БӨКЕБАЙ

23 сәуір 2021 ж. 2 142 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930