Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шытпа тоқу шеберлікті шыңдайды

Шытпа тоқу шеберлікті шыңдайды

Лақалы ауылындағы оқырманымыз Гүлжан Сауқымованың парақшасынан үлгілі үрдісті көзіміз шалды. Ауылдық клуб жанында балаларға қамыстан шытпа тоқу өнері үйретілетінін білдік.

Қамыстан, шиден бұйымдар тоқу Орта Азия халықтары арасында кеңінен тараған өнер түрі. Табиғи материалдардан жасалған олар қазірге дейін кеңінен пайдаланып келе жатқан, құнын жоғалтпаған өнімдер қатарында.
Бастаманы қолға алған Айнұр Әлімбаеваның өнер түрі ұмыт қалмаса екен деген мақсаты болса, үйірме мүшелері жоғалмай жеткен мұраны өрістетіп жүргендеріне қуанады.
«Шытпа тоқу үшін қамыс баспаған жерден өз уақытымен алады. Оны таңертең немесе жаңбырдан кейін орады. Мұндай кезде түбі жібіп тұрады. Іріктеп, қабығын аршып, содан кейін көлеңке жерге қойып кептіріледі. Шытпа тоқуға кез келген қамыс түрі жарамды болмайды» , – деп бастады әңімесін үйірме жетекшісі.
Бұл мекенде шытпаны барлық адам біледі. Ауылда қолданбалы өнерді күні кешеге дейін біріге тоқитын үрдіс болған. Тұрғындар қазіргі шетелдік құрылыс заттары келгенге дейін жаңадан бой көтерген үйлер төбесіне тұтас жабынды тұтынған. Жұртшылық «мата тоқу» деп атайтын сөзді естігеннен келіншектер ұйымдасып, бір-біріне көмектескен. Қараңғы жер төлеген, құрылған аша ағашқа келіндер қатар-қатар тұрып, қамыстан түрлі көлемін тоқыған. Үлкендері үй, сарай төбесін жабу, едендерден сыз өтпеу, жайындылардың шаң болмауына пайдаланылса, көлемі шағындары терезені күн сәулесінен, киіз үйлер есігін желден, күн, суықтан қорғаушы қызметін атқарған.
Шытпаның қандай қасиеті барын кішкентай қолөнер­шілерден сұрадық.
«Біз тоқитын шытпа үшін алдымен жан-жағынан бір кезден мөлшерлеп төрт бұрыш ши тоқылады. Сүтті пісіріп, қатық айран құйып ірітіп, оны тағы қайнатады. Қазанды түсіріп үстіне шытпаны қойып, ақ ірімшікті сүзуге тұтынылады. Шытпа осылай жасалып, қажетке жарайды», – дейді Айару Нағашыбай. Айарумен бірге келіп жүрген Аяла Сьез, Назгүл Темірбек қамыс тоқуды меңгерудің еш қиындығы жоғын айтады.
Былтырдан бері «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Креативті HUB» бағыты бойынша жүзеге асқан бастама нәтижесіз емес. Қызығушылық танытатын, тапсырыс беретіндер де бар екен. Олардың жұмысының жазбасын өз парақшаларына белгілеп, таратып жүрген жазылушылар да көп көрінеді.
«Лақалының айналасы көл. «Сулы жер – нулы жер» дейді халқымыз. Әдетте тұрмыстық тұтыну құралдары мен қолданыстағы заттар тұрғылықты жердің табиғи жағдайынан қалыптасады. Сыр қамысын – ел табысы етіп отырған кәсіпкерлерді көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Десе де табиғи өнімді қытай бамбугы сынды брендке айналдырып, бұл салаға түбегейлі бетбұрыс жасау әлі де кемшін.
Тұрмыста кеңінен қолданылатын экологиялық таза әрі дәстүрлі бұйымды интерьер элементі ретінде пайдалану сәнге айналып барады. Үйірме арқылы балалар ұлттық қолөнермен танысып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолдану дағдыларын меңгеруде. Осындай игі істер жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, дәстүрлі өнерімізді жаңғыртуға зор үлес қосады», – дейді Айнұр Мейрамбайқызы.
Қазалы атауындағы «қаза» балықшы құралы. Оны тоқуда көктемде мол су келіп, кейіннен өздігінен тартылып қалған жерде өскен қамыс ағаш сынды күйге енгенде жарамды көрінеді. Үйірме мүшелері алдағы уақытта қазаны дайындау ісін игеру жұмыстарын жүзеге асыруды қолға алыпты.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

23 наурыз 2025 ж. 206 0